Дизентерия (шигеллез)

Бактериальді дизентерия (синонимі-шигеллез) — шигеллалармен шақырылатын, фекальді-оральді жұқтыру механизммен, интоксикация белгілерімен және тоқ ішектің дистальді бөлігінің зақымдалуымен, іште толғақ тәрізді ауру сезімінің пайда болуымен, шырыш және қан аралас жиі іш өтуімен, тенезмалармен сипатталатын ішек инфекцияларының аурулар тобына жататын антропонозды ауру.

Дизентерия дүние жүзінде кең таралған ауру, диареялық аурулардың ішінде Азия, Африка, Латын Амеркасы елдерінде елеулі орын алады. Ал экономикасы дамыған елдерде жедел ішек инфекциялар арасында дизентерия кең тараған. Бактериальді дизентерия Қазақстанда әлі де маңызды проблема болып қалып жатыр. Ішек инфекциялар тобының 50-60% дизентерияға түседі. Дизентерияның маңыздылығы оның кең таралғандығында, сырқаттанушылықтың эпидемиялық түрінде болуында, клиникасының ауыр түрінде өтуінің мүмкіншілігіне байланысты, асқынулар ретінде инфекциялық-токсикалық және гиповолемиялық шоктардың даму мүмкіншілігіне байланысты.

Тарихи мәліметтер. «Дизентерия» термині Гиппократ дәурінен бері белгілі, ол барлық ішек ауруларының 2 топқа бөлген: іш өтуімен сипатталатын диареяға және негізінен іш ауруымен ерекшелінетін дизентерия деп (грекше «des» — бұзылу, зақымдалу, «еnteron» -ішек). Ертеде дизентерия кең таралған және эпидемиялық сипатта болған. XVIII ғасырда дизентерияның пандемиясы болғанын жазып кеткен. Дизентерияның алғашқы қоздырғыштары ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында белгілі болған. (Раевскии А.С., 1875 ж., Шентемесс Д., Видаль Ф., 1888 ж.) Кубасов П.И., 1889 ж., 1891 ж. әскери дәрігер А.В.Григорьев дизентериядан өлген адамның организімінен грам-теріс микроорганизмдердіy бөліп алып, қояндарға  тәжірибе жасау арқылы олардың морфологиясын және патогенділігін зерттеді. 1889 ж. жапон ғалымы К.Шига осы қоздырғыш туралы кейбір жаңа мәлеметтер ашты.

Этиологиясы. Бактериальды дизентерияның қоздырғышы — шигелла туыстығына жататын қозғалмайтын грам-теріс микроорганизмдер. Қазіргі жіктелуі бойынша шигеллалар 4 түрге бөлінеді: 1) Sh.disеnteгіае — бұған Григорьев-Шига, Штуцер-Шмитц және Лардж-Сакс бактериялары кіреді. 2) Sh. fIexneri — бұл түрдің ішіне Sһ.newcastle кіреді, 3) Sh.boydii, 4) Sh. Sonnei. 3онне шигелласынан басқа әрбір түрі бірнеше серовардан тұрады. Шигеллалардың қабырғасының құрамына эндотоксиндер-белокті-липосахаридті комплекс кіреді. Шигеллалардың құрамында эндотоксин бар, ол интоксикация белгілерін тудырады. Шигеллалардың  экзотоксин түзу қабілеттігі бар, олардың ішінде энтеротоксин және цитотоксин бар. Энтеротоксин ішек құысына су мен электролиттің түзілуіне себеп болады, ал цитотоксин ішектің эпителиальды жасушаларының мембраналарын зақымдайды. Григорьев-Шига шигелласы ең күшті токсин — нейротоксин түзеді. Шигеллалардың О- және К-антигені бар. О-антиген шигеллалардың серологиялық арнайылығын көрсетеді, К-антиген қабықшаның структурасы болып табылады. Соңғы уақытқа дейін шигеллалардың физикі-химиялық фактордың әсеріне тұрақтылығы төмен және олар сыртқы ортаға түскенде тез өледі деп есептелген. Соңғы жылдары сыртқы орта факторлары әсерінен олардың эволюциялық өзгергіштігі нәтижесінде шигелла тұрақтылығы ана-ғұрлым жоғары болғаны туралы мәлеметтер пайда болды. Кейбір жұмыстарда дизентерия бактериялардың құбыр суларда 25-30 тәулік, топырақта жыл мезгіліне орай бірнеше айлар өмірін сақтай алатындығы көрсетілген. Қоздырғыш тұрмыстық заттарда: жиһаздарда, төсек орнында, ойыншықтарда, ыдыстарда, есік тұтқасында т.б. заттарда ұзақ сақталуы мүмкін. Сондықтан, шигеллездің негізгі берілу жолы контактілі-тұрмыстық («лас қолдың ауруы» деп аталады).      Шигеллалар дезинфекциялық заттар әсерінен тез тіршілігін жояды, тікелей күн сәулесінде 30 мин. дейін, ультракүлгін сәуледе 10 минутқа дейін тіршілік етеді.

Дизентерия қазақша

Эпидемиологиясы. Инфекция көзі болып жедел және созылмалы дизентериямен ауыратындар, сонымен қатар бактериятасымалдаушылар есептеледі. Эпидемиологиялық маңызы жоғары болып бактериотасымалдаушылар, жеңіл және әлсіз ағымды жедел дизентериямен ауырып, медициналық мекемелерде емделмеген науқастар табылады. Тағамдық өнеркәсіпте жұмыс істейтін адамдар ауруын жасыруы нәтижесінде қазіргі кезде дизентерия ауруының негізгі көзі болып табылады.

Дизентерия — фекальді-оральді механизмен берілетін ауру.  Аурудың берілу жолдары: тұрмыстық-жанасу, тағам (алиментарлы), су арқылы. Берілу факторлары болып залалданған су, тағамдар, жуылмаған көк өністер, жеміс жидектер, залалданған тұрмыстық заттар, есік тұтқалары, лас қол табылады. Соңғы жылдары берілу факторы ретінде сүт және сүт өнімдеріне айырықша көңіл бөлген жөн.

В.И. Покровский мен Ю.П.Солодовниковтың (1980) ұсынған эпидемиологиялық теориясына сәйкес қоздырғыштың негізгі берілу жолы дизентерияның этиологиялық структурасына байланысты. Мысалы: Григорьева-Шига дизентериясының негізгі жұғу жолы — тұрмыстық, Флекснер және Ньюкастл — сулық, Зонне — тағамдық.

Дизентерия барлық жас топтары қабылдауға бейім инфекция, бірақ балалар жиі ауырады.

Патогенезі. Дизентерия кезіндегі патологиялық процестің даму механизмі төтенше күрделі және толық анықталмаған. Дизентерия қоздырғышының кіру қақпасы ауыз қуысы арқылы. Ауыз қуысынан қоздырғыш асқазанға түседі, онда тұз қышқылы, ас қорыту ферменттері, лизоцим әсерінен жартылай өліп, эндотоксин бөлінеді. Қалған бактериялар ащы ішекке өтіп энтеротоксин, цитотоксин бөледі.  Тоқ ішекке жетіп қоздырығыштар эпителиальді жасушалардың ішіне енеді (жасушаішілік инвазияға бейімділігі — инвазивті қасиеті). Тоқ ішектің шырышты қабатының зақымдалуы жедел дизентерияның колиттік вариантымен сипатталатын негізгі симптомдарына себеп болады.

Бактериалардың ыдыраған кезінде тоқ ішектің шырышты қабығында әртүрлі морфологиялық өзгерістер және жүйелік зақымданулар тудыратын көптеген токсинді өнімдер бөлінеді.

Тоқ ішектің гипермоторлы дискинезиясы, шырышты кабықтың серозды ісінуі дамиді, капиллярлық гемодинамика бұзылады және онда деструктивті процесстер туындайды, ішек микрофлорасының сапалық және сандық құрамы өзгереді. Жергілікті өзгерістермен қоса дизентериялық эндотоксині витамин және белок алмасуын бұзады, гемостаз өзгеруін шақырады. Қан құрамындағы токсиндер аурудың организміне әсер етеді соның ішінде перифериялық және орталық жүйке жүйелерінің интоксикация синдромының клиникалық көрінісі түрінде әсер етеді. Сирек жағдайда патогенетикалық маңызы жоқ қысқа мерзімді бактериемия байқалуы мүмкін. Дизентерияның патогенезіне бактериемия тән емес. Дизентерия – жергілікті инфекция. Патогенездің негізі — қоздырғыш токсиндерінің әсері. Токсиндердің әсерінен ағзаның жүйелері мен әртүрлі жасушаларында функциясына   әсерін тигізетін биологиялық белсенді заттар нәтижесінде (гистамин, серотонин,  кининде, простогландиндер, циклдік нуклеотидтер т.б,) және нейрогуморальді  регуляция нәтижесінде ішектің функциональді қызметінде жан-жақты бұзылыстар жүреді.

Дизентерия патогенезінде аллергиялық фактор белгілі рөл атқарады.

Шигеллалардың ток ішектің шырышты қабығына енуі қорғаныс реакцияларының дамуымен жүреді: ІgА бөлінеді, сонымен қатар табиғи киллерлер γ- және α-интерферондарды түзеді. Дизентерия кезінде патологиялық процестің дамуында микроорганизм, оны қорғайтын табиғи факторлар шешуші роль ойнайды. Дизентерия дамуында табиғи резистенттіліктің жергілікті және гуморальді факторлары маңызды. Асқазан-ішек жолының қорғаныс бөгеттік функциясы да біраз роль алады. Химиялық бөгеттері — тұз қышқылы, ас қорыту жолының ферменттері, өт, ұйқы безі ферменттері. Механикалық бөгет функциясын перистальтика және ішектің зақымдалмаған эпителийлары атқарады. Биологиялық бөгет ішектің қалыпты микрофлорасының қорғаныс ролінен тұрады. Аурудың резистенттілік факторларының жағдайы өмір сүру жағдайымен, тамақтануымен, жасымен, қосымша ауруларының болуымен тығыз байланысты. Науқастың қорғаныс механизм жүйесінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейінде және ауруды дұрыс емдегенде, ауру көп жағдайларда тез жазылумен аяқталады. Бірақ кей жағдайларда созылыңқы ағымда өтуі және созылмалы түрге өтуі мүмкін. Созылмалы дизентерия кезінде интоксикация құбылыстары екіншілік роль, ал бірінші орында аурудың клиникалық бейнесін көрсететін асқазан-ішек жолының функциональді жағдайының бүзылыстары түрады. Дизентерия кезінде иммунитет түр-тұқым және тіпті типі арнайы болады, оның ұзақтығы 1-3 айдан 2 жылға дейін ауытқып тұрады.

Патанатомиясы. Дизентерия кезінде патоморфологиялық өзгерістер тоқ ішектің дистальді бөлгінде табылады: бірақ кейде басқа жүйелер мен ағзаларда табылуы мүмкін. Қабыну үрдісі тік ішек пен сигма тәрізді ішекте, тоқ ішектің төмендеген бөлігінде айқын (дистальды колит) көрінеді. Ішектің аталған бөліктерінің шырышты қабығы гиперемияланған, көбінесе ісінген, кейде майда қан құйылулар байқалады. Ішек қуысында және шырышты қабықтың бетінде шырышты немесе шырышты-геморрагиялық экссудат байқалады.

Микроскопиялық зерттеулерде тоқ ішектің шырыты қабығында қан тамырлық бұзылыстар шырышты және шырыш асты қабықтың гиперемиясымен, қан құйылулармен және ісінумен анықталады. Жабынды эпителий астына қан құйылу, оның қорғаныс қасиеті бұзылуына және кейінрек ойық жараның дамуына әкеледі. Дизентерияның жеңіл ағымды түрінде шырышты қабықтың жеңіл катаральді қабынуы, орташа ауырлықта-айқын қабыну процессі, ал айқын емес түрінде әлсіз қабыну немесе иммуноморфологиялық пролиферативті реакция болады. Ішектің фибринозды-некрозды зақымдалуында ішек қабырғасы лас сүр түсті тұтықпен жабылған, бұл некрозды тін болып табылады. Некроз ішектің кабырғасын бұлшық етті және шырыш асты қабатына дейін жететін терең болуы мүмкін. Шырыш асты қабат қалыңдаған, лейкоциттер мен лимфоциттер инфильтрацияланған: бұл процесс әсіресе тамырлар айналасында айқын болады. Некрозданған тіндердің ірінді балқуы мен түсуі ойық жараның пайда болуына әкелуі мүмкін. Созылмалы дизентерия кезінде морфологиялық өзгерістер әр түрлі болады. Қабыну прцессінің ағымы баяу, шырышты кабықтың айқын атрофиялық учаскелері көрінеді. Дизентерия кезінде ішектің жүйкелік аппараты жағынан едәуір өзгерістер анықталады. Ол ганглиозды клеткалардың дистрофиялық процесстермен сипатталады, кейде олардың толық ыдырауымен аяқталады. Асқазанда анатомиялық және клиникалық көрсеткіштері жоқ геморрагиялық компонентті сипатталатын жедел гастрит белгілері анықталады, ал тоқ ішекте шырышты қабықтың қатпарлары мен бүрлерінің айқын серозды ісінуімен өтетін жедел капиллярлық толақандылық дамиды. Токсинемия салдарынан асқазан ішек жолының өзгерістермен қатар басқада ағзалармен, тіндерде арнайы емес өзгерістер дамиді.

Дизентерия клиникалық көрінісі

Дизентерия қазақша

Бактериальды дизентерияның жіктелуі

Клиникалық ағымына байланысты дизентерияны жедел және созылмалы деп бөледі. Жедел дизентерия бірнеше күннен 3 айға дейін созылады, 3 айдан ұзаққа созылатын дизентерия деп есептелінеді. Ауру жиі жедел түрде өтеді. Клиникалық вариантары: колиттік, гастроэнтероколиттік, гастроэнтериттік. Типтік түріне  колиттік вариант, атиптік түріне  гастроэнтероколиттік, гастроэнтериттік варианттар жатады. Барлық варианттар кезінде міндетті түрде интоксикация синдромы қалыптасады.  Ағымы бойынша жедел дизентерия жеңіл, орташа ауыр, ауыр дәрежеде болуы мүмкін. Созылмалы дизентерияның ағымы үздіксіз және рецидивті болуы мүмкін.

Дизентерияның жедел түрі  циклді процесс.  Аурудың ағымында 4 кезеңді бөлу керек: жасырын, бастапқы, өршу және реконвалесценция (немесе аурудың нәтижелері).  Аурудың жасырын кезеңі 1-7 күн (көбінесе 2-3 күн).

Жедел дизентерияның колиттік варианты: Ауру әдетте кенеттен басталады. Науқаста іштің төменгі жағындағы ауру сезімі, дефекация актісіне сәйес келетін сигма тәрізді ішек аймағында, кейіннен тік ішек аймағында тартып тұратын ауру сезімді тенезмалар пайды болады. Нәжісте патологиялық қосындылар (шырыш, қан) болады. Дәреттің жиілігі аурудың ауырлық дәрежесіне байланыты, бірақ көбінесе өте жиі аз мөлшерлі болады. Аурудың жеңіл ағымы жеңіл интоксикациямен және әлсіз колиттік синдромымен сипатталады. Дәреттің жиілігі тәулігіне 3-5 реттен 10 ретке дейін, нәжістің сипаты шырыш қоспасы кейде қан араласқан болады. Дене кызуы субфебрильді. Ректороманоскопия жүргізгенде катаральды, сирек катаральды-эрозивті проктосигмоидит анықталады.

Дизентерияның орташа ауырлықтағы колиттік түрінде анағұрлым айқын симптомдар байқалады. Бас ауруы, дене қызуы көбінесе -38-390С көтерілуі болады, ол осы деңгейде 2-3 күн сақталып тұруы мүмкін.  Іштің төменгі жағында, сол жақ мықын аймағында орналасатын толғақ тәрізді ауру сезімі пайда болады. Ауру сезімімен қатар үлкен дәретке жиі шақырулар пайда болады.  Үлкен дәрет алғашында нәжісті, шырыш пен қан араласқан, кейіннен ауру өршіген кезде үлкен дәрет нәжістік сипатын жоғалтып, «ректальді түкірік» түрінде болуы мүмкін. Нәжіске қан қосылу әлсіз болады — қан нүктесі түрінде. Үлкен дәреттің жиілігі тәулігіне 10-15 тен 25 ретке дейін өсуі мүмкін. Көптеген науқстар ұзақ уақыт бойы толғақ тәрізді іштің ауру сезіміне шағымданады. Кейде ауру сезімі жайылмалы сипатта болады, атипиялық локализация да кездеседі: эпигастральді, умбиликальді аймақтар. Кейде метеоризм байқалады. Пальпация кезінде тығыздалған ауру сезімді сигма тәрізді ішек анықталады. Оның ауру сезімі тығыздалуынан сирек байқалады. Тоқ ішектің қортуы, сіңіруі және моторлы функциялары бұзылады, кейбір ферменттердің активтілігі (лактаза, мальтаза) төмендейді. Дизентерияның бұл түрімен ауырған адамдарда, нәтижесі жақсы болған жағдайда ішектің функциональді және морфологиялық толық қалпына келуі 2-3 айға созылады.

Ауыр ағымды колиттік варианттағы жедел дизентерия айқын интоксикациямен және колиттік синдромымен сипатталатын типтік клиникалық түрде өтеді. Ауру кенеттен басталады. Негізгі шағымдары болып күшті толғақ тәрізді іштегі ауру сезімі жиі сұйық үлкен дәрет, әлсіздік, дене қызуының жоғарлауы, кейде жүрек айнуы болады. Үлкен дәреті өте жиі болады. Ол нәжіссіз, сұйық шырышты-қанды, кейде ірің қоспасы кездеседі. Жүрек-қан тамыр жағынан тахикардия, ентігу, гипотония, (коллаптоидты саңға дейін) анықталады. Ректороманоскопияда шырышты қабаттың деструктивті өзгерістері эрозиялар және ойық жаралар түрінде көрінеді. Ішектің фукнциональды және морфологиялық қалпына келуі 3-4 айдан көп болуы мүмкін.

Жедел дизентерияның гастроэнтероколиттік варианты: негізгі ерекшелігі аурудың кенеттен басталуы және инкубациялық кезеңнің қысқа (6-8 сағ және одан аз) болуы. Алғашқы кезеңде гастроэнтерит көріністері және жалпы интоксикация симптомдары басым болады. Кейін энтероколиттің айқын синдромдары көрінеді. Ағым ауырлығына байланысті бұл ауру да колиттік вариант тәрізді жеңіл, орташа, ауыр болып бөлінеді. Ауыр ағымды ауруларда іште диффузды ауру сезімі, көп қайталанатын құсу, профузды іш өту, сусыздану байқалады (2-3 дәреже). Жедел дизентерияның гастроэнтериттік варианты гастроэнтероколиттік варианттың бастапқы кезеңіне жақын. Айырмашылығы кеш мерзімдерде энтероколиттік басымдылығы байқалмайды, ректороманоскопияда тоқ ішектің өзгерістері аз көрінеді. Ауру барысында гастроэнтериттің клиникалық симптомдары және сусыздану белгілері басты болып табылады. Тағамдық токсикоинфекцияға өте ұқсас болады. Әлсіз түрі аз ғана клиникалық көріністермен өтеді. Оларға науқас көбінесе мән бермейді. Симптомдары тек мұқият тексергенде ғана анықталуы мүмкін. Диагноз қою үшін бактериологиялық зерттеулер жүргізу керек. Ректоманоскопияда көбінесе шырышты қабатта катаральды қабыну өзгерістері анықталады. Дизентерияның барлық аталған варианттарында клиникалық сауығу 2-3 аптадан кейін басталады. Функционалды-морфологиялық асқазан-ішек жолының қалпына келуі 1-3 айдан жоғары. Сондықтан алғашқы 2-3 айда диета бұзылған жағдайда, алкоголь қолданғанда, дұрыс емес емдеу тактика барысында рецидивтер дамуы мүмкін. Клиникалық көріністері 2-3 аптадан көп сақталса дизентерияның созылыңкы түрі деп есептейді.

Дизентерияның клиникалық ерекшеліктері қоздырғыштарының түріне байланысты. Зонне шигеллезі субклиникалық әлсіз ағымды, гастроэнтериттік вариант ретінде өтеді.. Флекснер шигеллалары қоздырған дизентерия анағұрлым ауыр өтеді, айқын интоксикациямен, ішек аймағында ауру синдромымен, гемоколитпен, шырышты қабықтың деструктивті өзгерістермен сипатталады. Григорьева-Шига шигеллаларымен шақырылған дизентерия көп жағдайда ауыр өтеді. Ауру жедел басталады, дене қызуы көтеріліп, интоксикация айқын болады, іште толғақ тәрізді ауру сезімі болады.

Созылмалы дизентерия. Қазіргі ауқытта 0,5-1% жағдайда кездеседі. Созылмалы дизентерия рецидив беруші немесе ағымы үздіксіз болуы мүмкін. Жедел дизентериямен ауырғаннан кейін 2-5 айдан соң рецидив болуы мүмкін. Ауруда жиіленген ботқа тәрізді үлкен дәрет пайда болады, шырыш және қан аралас. Ішек дисфункциясы тұрақты сипатта болады. Ремиссия ұзақ уақыт бойы болмайды. Созылмалы дизентерия ерекшелігі: инфекциялық токсикоз әлсіз болады, дене қызуы жоғарламайды, жүрек-қан тамыр жүйесінің жетіспеушілігі болмайды. Салыстырмалы диагностиканы ең алдымен созылмалы энтероколитпен, туберкулезді этиологиялы энтероколитпен, арнайы емес ойық жаралы колитпен жүргізіледі.

Диагностикасы:

  1. клиникалық-эпидемиологиялық мәліметтер
  2. лабораторлық диагностикасы

Қазіргі дизентерияның симптоматикасының әр түрлілігіне байланысты ауруларды кешенді түрде тексереді. Аурудың колиттік түрінде негізгі симптомдарға сол жақ мықын аймағында толғақ тәрізді ауру сезімі, жиі іш өту, шырышпен қан аралас аз мөлшерлі нәжістің пайда болуы, дене қызуының 38-390С көтерілуі, тығыздалған ауру сезімді сигма тәрізді ішектің анықталуы жатады.

Салыстырмалы диагностиканы өткізу қажет: салмонеллезбен, тағамдық токсикоинфекциялармен, тырысқақпен, амебиазбен, балантидиазбен, лямблиозбен, жедел хирургиялық аурулармен және гинекологиялық патологиясымен.

Лабораторлық диагностикасы:

  • копрологиялық зерттеу –нәжіс жағындысын микроскоп арқылы тексергенде лейкоциттерді, эритроциттер,эпителиальды жасушаларды, шырыштың ошақтарын анықтауға болады.  Лейкоциттердің  80% нейтрофильдер құрайды.
  •  RRS – ректороманоскопия: тоқ ішектің дистальды бөлігін (тік ішекпен сигма тәрізді ішекті) ректоскоп арқылы зерттеу. Жедел дизентерия кезінде катаральды, катаральды-эрозивті, катаральды-жаралы, фибринозды–некрозды проктосигмоидит, ал созылмалы дизентерия кезінде ішектің шырышты қабықшаларының әлсіз қабынуымен бірге атрофия ошақтары, крипталардың деформация анықталады.
  • бактериологиялық зерттеуге алынады: нәжіс
  • серологиялық зерттеу: дизентериялық антигенмен ТеГАР (РНГА), жұпты сарысу.

Асқынулары. Дизентерия кезінде аса қауіпті асқынулар болады: ішектен қан кету, ішектің инвагинациясы, перитонит, ИТШ, гиповолемиялық шок және аралас шок (сирек кездеседі).

Емдеуі. Индивидуальды, кешенді, патогенетикалық болу керек. Ауруханаға жатқызу  клинкоШВАШР-эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша жүргізілу керек. Ең алдымен орташа аурулықтағы және ауыр түрлі дизентериямен ауырған науқастарды, қосымша ауыр аурулары бар науқастарды, балаларды, егде адамдарды, жоғары эпидемиологиялық қауіпі бар адамдарды (тағам өндірістігінде істеітін адамдар, т.б.) ауруханаға жатқызады. Дизентериямен ауыратын науқастарды үйде емдеуге болады, ошақты бақылау учаскелі дәрігерге тапсырылады, ол инфекционистің консультациясы арқылы емдік және профилактикалық шараларды іске асырады.

Дизентерияның емдеу жоспары:

  • Асқазанды жуу
  • Тазарту клизмасы
  • №4 диета
  • Этиотропты терапия
  • Патогенетикалық терапия
  1. организмнің сусыздану жағдайында -регидратация (ауыз арқылы немесе парентералды)
  2. антигистаминді препараттар
  3. спазмолитиктер
  4. ферменттік препараттар
  5. ішек микрофлорасын қалыпқа келтіру

жергілікті ем: емдік клизмалар

Дизентерия кезінде асқазанды жууымен тазарту клизманы аурудың атипті гастроэнтериттік,  асқазанды жуу гастроэнторколиттік түрлерінде ғана қолдану қажет. Колиттік түрінде бұл әдістерді қолданбайды.

Дизентерияның кез-келген түрін емдеу үшін міндетті компонент болып емдік тамақтану табылады. Мұнда ішекке тітіркендіргіш әсері  бар тағамдар мүмкіндігінше аз пайдаланады. Ауруларды кәдімгі тамақтануға 1-2 ай мерзімде клиникалық симптомдар жойылғанша көшіріледі.

Этиотропты терапия ретінде антибактериальді ем қолданады. Тиімді препараттарға нитрофурандар (фурозолидон, фуразолин, фурагин, эрсефурил), хинолин туындылары (интетрикс), сульфометаксозол тобы (бактрим, бисептол),  фторхинолондар (ципрофлоксацин, офлоксацин,норфлоксацин), аминогликозидтер (гентамицин, сизомицин, тобрамицин, амикоцин). Аурудың жеңіл, орташа ауыр түрлерінде нитрофурандарды, хинолиндерді, орташа ауыр және ауыр түрлерінде —  сульфометаксозол тобындағы препараттарды,  фторхинолондарды қолдану керек. Аурудың ауыр түрінде фторхинолондарды парентеральды қолдану тиімді болады және фторхинолондармен аминогликозидтер комбинациясын немесе олардың цефалоспориндермен комбинациясын қолдануға болады. Барлық препараттар орта терапевтикалық дозамен тағайындалады, емдеу курсының ұзақтығы – 5-7 күн.

Патогенетикалық терапияға интоксикациямен күресу, макроорганизмнің иммунологиялық реактивтілігін көтеру, ішектің ас қорыту жеткіліксіздігінің компенсациясы жатады. Жеңіл түрінде ауыз арқылы глюкозоэлектролитті ертінділер (оралит, регидрон, цитоглюкосалан) енгізіледі. Орташа ауыр және ауыр түрлерінде тамыр ішіне полиионды ертінділер: «хлосоль», «дисоль», «трисоль», 5% глюкоза ертіндісі, физиологиялық ерітінді.

Энтеросорбенттердің ролі маңызды: смекта, тагансорбент.

Антигистаминді препараттар: димедрол, тавегил, диазолин тағайындалады.

Реконвалесценция кезеңінде ас қорыту жеткіліксіздігінің компенсациясы мен коррекциясы үшін абомин, панкреатин, панзинорм, фестал, ораза, энзистал, мезим форте плестал, креон секілді ферменттар мен ферменттік комплекстер пайдаланады. Ішектің моторлы-эвакуаторлы қызметін реттеу барысында пиновериум бромид (дицетел), дюспаталлин, папаверин, но-шпа қолданады.

Жергілікті емді реконвалесценция кезеңінен бастап қолдануға болады: қызыл май қосылған ректальды свечалар.

Алдын алу шаралары. Инфекция көзін табу үшін берілу жолын қиюға, организмнің резистенттілігін көтеруге бағытталған шаралар жиынтығы қажет. Ерте диагнозды анықтау және адекватты дұрыс емдеу маңызды. Алдын-алудың бір әдісі санитарлық-гигиеналық тәртіпті сактау. Өнеркәсіптерге қатаң санитарлық бақылау қою, әсіресе сүт және сүт өнімдері қолданатын өнеркәсіптер. Санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу өте маңызды орын алады.

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...