Қызылша (корь)

Қызылша ауруы

Қызылша (корь) – парамиксовирустармен қоздырылатын, ауа-тамшылы механизм арқылы берілітін, клиникасы циклді ағымымен, қызбамен, интоксикация белгілерімен, катаральды синдроммен, макулопапулезді бөртпемен  және ерекше энантемалармен сипатталатын жедел жұқпалы ауру.

Қызылша жаппай таралған ауру. Бұрын қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар ауруға өте қабілетті, әрі олар кез-келген жас шамасында ауыруы мүмкін. Қызылшаға қарсы вакцинация жүргізілгенге дейін, 95% балалар қызылшамен 16 жасқа дейін ауырған. Ал қызылшаға қарсы егу жұмыстары кең жүргізілгеннен кейін, қызылшамен ауыру едәуір төмендеген. Бірақ қызылша ауруы сақталған және соңғы жылдары оның өсу тенденциясы байқалып отыр. Қызылшадан толық сақтану үшін 15 айлық жасқа дейінгі сәбилердің 94-97%-на иммунизация жасау керек. Бұны тіпті дамыған елдерде де іске асыру қиын. Сырқаттанудың басым мөлшері ересек жастағы адамдардың арасында байқалуда (мектеп жасындағы балалар, жасөспірімдер, әскери қызметкерлер, студенттер және т.б.). Бұл иммунизациядан кейін 10-15 жылдан соң иммунитеттің төмендеуімен біршама байланысты.

Тарихи мәліметтер. Аурудың қоздырғышы — вирус  екенін 1911 ж. Андерсон және Гольдбергер анықтаған. Қызылшаның клиникалық көріністерін зерттеген ғалымдар: Н.Ф.Филатов, Д.И.Доброхотова, С.Д.Носов, Л.В.Быстрякова, В.Ф.Попов, И.Ж.Жаинбаев.

Қызылша этиологиясы. Қызылша қоздырғышы (Polinosa morbilliorum) парамиксовирустарға қатысты. Қызылша вирустарының тегіне, сондай-ақ ит пен ірі қара мал обасының вирустары да кіреді. Қызылша вирусы морфологиялық жақтан басқа да парамиксовирустармен ұқсас, оның вирионының диаметрі 120-250 нм. Қабықтары 3 қабаттан тұрады – белоктық,  липидтік, гликопротеидтік. Құрамында РНҚ бар. Маймылдар үшін де патогенді. Сыртқы ортада төзімсіз. Қоздырғыш организмде ұзақ персистенцияланып, аурудан кейін баяу дамитын инфекция – жеделдеу склерозды менингоэнцефалит дамуы мүмкін.

Эпидемиологиясы. Жұқпалы аурудың көзі — тек қана науқас адам. Ол жасырын кезеңнің соңғы 2 күнінде, бөртпе шыққаннан кейінгі 4 күнге дейін сыртқы ортаға қызылша вирустарын бөледі. Бөртпенің 5-ші күнінен бастап аурудың жұғу қауіпі жойылады. Инфекцияның берілу механизмі — ауа-тамшылы. Ауруға жоғары қабылдаушылық тән. Контагиозды индексі бұрын 1,0 болған, вакцинациядан кейін  -0,1-0,2. Ауру жыл бойына тіркелгенмен, оның өршу мерзімі қарашадан наурызға дейін байқалады.

Қызылша патогенезі. Инфекцияның кіру қақпалары — жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабықтары. Вирус тыныс алу жолының эпителийінде көбейеді. Жасырын кезеңнің соңғы күндерінде, бөртпе шыққаннан кейінгі 1-2 күн ішінде, вирусты қаннан бөлуге болады. Қоздырғыш бүкіл ағзаға гематогенді таралады. Жасырын кезеңнің аяғында вирусемияның тым шиеленіскен 2-ші толқыны байқалады. Вирусты сондай-ақ кеңірдектің шырыш қабықтарынан, бронхтардан, кейде дәреттен табуға болады. Гиперплазиялы лимфоидты тіндерден, соның ішінде лимфа түйіндерінен де, көмекей бездерінен, көкбауырдан гигантты ретикулоэндотелиоциттерді табуға болатыны анықталған. 3-ші күні вирусемия бірден төмендеп, 4-ші күні вирус әдетте табылмайды. Қызылша кезінде ағзаның ерекше аллергиялық құрылысы дамиды, ол ұзақ уақыт сақталады. Қызылша анергия жағдайына алып келіп, залалданған адамдарда аллергиялық реакциялардың (туберкулин, токсоплазмин және т.б.) жойылуы көрінген, сондай-ақ созылмалы аурулардың (туберкулез және т.б.) асқынуы байқалған. Иммунодепрессия бірнеше ай сақталады. Африка елдерінде, қызылша өршігеннен кейінгі бірнеше айдың ішінде, балалардың арасында ауру мен өлім қаупі, қызылшамен ауырмаған балалармен салыстырғанда 10 есе артық екені анықталған.

Ауруды бастан өткізгеннен соң тұрақты иммунитет қалыптасады. Аурудың қайталануы сирек. Вакцинациядан кейінгі иммунитет тым қысқа мерзімді (егуден соңғы 10 жылдан кейін егілгендердің тек 36%-да ғана қорғаушы антиденелердің титрлері сақталады). Вакцинаға реакция байқалған адамдар айналасындағылар үшін қауіпсіз.

Қызылшаның клиникалық көріністері. Қызылшаның жасырын кезеңі 9-11 күнге созылады. Иммуноглобулинмен алдын алу шараларын жүргізу барысында, оның 15-21 күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру циклді түрде дамиды. Бастапқы немесе продром кезеңі дене қызуының 38-39°С дейін көтерілуімен, шаршағыштықпен, тәбетінің нашарлауымен сипатталады. Катаральды көріністер қалыптасады. Құрғақ жөтел басталады, конъюнктивит, склерит, жарықтан қорқу, блефароспазм пайда болады. Ұсақ қызыл дақты қызылша энантемалары (Филатов-Коплик-Бельский дақтары) пайда болады, ол жиі жұмсақ және қатты таңдайдың шырышты қабықтарына жайыла бастайды. Оның сыртқы түрі ұнтақ жармасына немесе кебекке ұқсайды. Экзантеманың пайда болуымен олар жойылады. Бастапқы кезеңнің аяғында (3-4-ші күні) дене қызуы төмендеп, содан кейін қызылша бөртпесінің пайда болуымен, қызба қайтадан аса жоғары деңгейге дейін көтеріледі. Бөртпе кезеңі дақты-папулезді бөртпенің пайда болуынан басталады. Қызылша экзантемалары бөртпенің сатылы шығумен сипатталады: 1-ші күні бөртпе элементтері бет және мойында пайда болады; 2-ші күні — кеудеде, қолдарда, жамбаста, 3-ші күні бөртпе аяқ пен табандарды қамтиды, ал бетте ол ағара бастайды. Бөртпе бет және мойында, кеуденің жоғарғы тұстарында жиі орналасады. Элементердің диаметрі –10 мм. 3-4 күннен кейін бөртпе ағарып, олардың орнында пигментация қалады. Одан әрі кебек тәрізді қабыршақтану байқалады (бетте, кеудеде).

Аймақтық лимфа түйіндері (мойын және шүйде) үлкейеді және оларды пальпациялағанда ауырсыну сезімі анықталады. Балалардың 50%–да көкбауыры үлкейеді Өкпеде шашыраңқы құрғақ сырыл, кейде көпіршікті ылғалды сырыл естіледі. Кейбір науқастарда ішінің ауыруы және өтуі байқалады.

Митигирленген қызылша. Жасырын кезең барысында профилактикалық иммуноглобулин енгізілсе немесе қан мен плазма құйылса залалданған адамдардың ауруы жеңіл түрде өтеді. Ол ұзарған жасырын кезеңмен (21 күнге дейін) ерекшеленеді, әдетте ол дене қызуының аздап көтерілуімен өтеді, Бельский-Филатов-Коплик дақтары байқалмайды. Асқынулары болмайды.

Қызылшаға қарсы тірі вакциналарды енгізу барысында егілген адамдардың 25-50%-да әртүрлі реакция көріністері тіркеледі. Жасырын кезең дегенмен де 9-10 күнге дейін қысқарады. Дене қызуының көтерілуі, жоғарғы тыныс алу жолдарының катары, мардымсыз макулопапулезді бөртпе байқалады. Кейбір балаларда құрысу және лоқсу болуы мүмкін.

қызылша қазақша

Қызылшаның клиникалық көріністері

Иммунды жүйесі бұзылған науқастардағы қызылшаның ағымы. АИВ-инфекциямен залалданғандар және онкологиялық науқастарда аурудың ағымы ерекше болады. Көп жағдайда (80%) қызылшаның өте ауыр өтетіні белгілі. Онкологиялық науқастардың қызылшамен ауырғандарының 70%-да өлім қаупі байқалса, АИВ-залалданғандарда — 40%. Өте ауыр ағымға қарамастан, науқастардың 30%-да экзантема жойылады, ал 60%-да —  бөртпе атипті болады. Ауыр асқынулар жиі дамиды (энцефалит, өкпе қабынуы және т.б.).

Қызылша асқынулары. Тыныс алу жолдары шырышты қабықтарының қызылша вирусымен зақымдануы бронхиттің, жалған круптың, бронхиолиттің, өкпе қабынуының дамуына алып келуі мүмкін. Өкпе қабынуының кейбір түрлерінде басты рольды вирус атқарады. Көздің дәнекер қабығынан басқа, кейде көздің мөлдір қабығы да зақымға ұшырайды. Сирек дамитын асқынуларға миокардит, гепатит, гломерулонефрит жатады.

Ауыр асқынуларға орталық жүйке жүйеснің зақымдануы (энцефалит, менингоэнцефалит) жатады (1000 науқастың 1-де). Энцефалиттің белгілері экзантема пайда болғаннан кейін 1 аптадан соң білінеді, кейде кеш пайда болуы да мүмкін (2-3 аптадан кейін). Дене қызуы қайтадан көтеріліп, ағзаның улануы, ұйқышылдық, ақыл-есті жоғалту, амимия, нистагм, бет жүйкесінің невриті, аяқ-қолдың салдануы, іш рефлекстерінің жойылуы білінеді.

Шеткі қанда лейкопения, лимфоцитоз, ЭТЖ жоғарылайды.

Диагностикасы. Аурудың шиеленісу кезеңінде типті қызылшаның диагнозы қиындық тудырмайды. Қызылша экзантемасының пайда болуына дейінгі бастапқы кезеңде, диагноз төменгі қабақтың ісінуімен қатар көздің дәнекер қабығының қабынуына, үстіңгі тыныс алу жолдарының катарына, энантемаға, Бельский-Филатов-Коплик дағының анықталуына, бөртпенің дақты-паулезді, қосылуға бейім бөртпелердің сатылы түрде дамуына  негізделеді.

Егілген науқастардағы аурудың атипті ағымын анықтау өте қиын. Ауруды қызамықтан, энтеровирусты экзантемадан, Розенбергтің инфекциялық эритемаларынан, аллергиялық бөртпеден, жұқпалы мононуклеоздан ажырату керек. Ол үшін лабораториялық әдістер қолданылады. Бастапқы кезеңде және бөртпеден кейінгі алғашқы 2 күнде қақырықтан, мұрын шырышынан немесе дәреттен көп ядролы гигант клеткаларын табуға болады. Осы материалдан, дақылды клеткаларындағы, қызылша вирус бөліп алуға болатыны белгілі. Вирусты иммунофлюоресценция әдісімен анықтуға болады.

Серологиялық әдістер кең қолдануда: ТГАР, КБР, ИФА. IgM класына жататын антиденелер аурудың жедел түріне сәйкес келеді, ал IgG класына жататын антиделер бұрын болған инфекцияны немесе вакцинация болғанын көрсетеді. ПТР нәтижелі болады.

Қызылша емі. Этиотропты емі жетілмеген. Клиникалық белгілері білінгенде қызылшаға қарсы иммуноглобулин ешқандай әсер бермейді. Науқас үйде емделуі тиіс. Ал ауруханаға асқынған жағдайда және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша жатқызылады. Қызба кезеңінде төсектік режим ұсынылады. Төсекті көзге күн түспейтіндей қою керек. Науқасқа көп мөлшерде сұйықтық беріледі, жеміс шырындары, витаминдер. Көзге 20% сульфацил-натрий ерітіндісі, күніне 3-4 рет пайдаланылады.

Антибиотиктер тек қана аурудың бактериальды асқынулары дамығанда тағайындау керек: ампициллин, цефалоспориндер, макролидтер.

Алдын алу шаралары. Қызылшаға қарсы пассивті иммунизация жүргізу керек. Пассивті иммунизация 3 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, туберкулезбен ауыратын науқастарға, әлсіз иммунды жүйелі адамдарға көрсетілген. 3 жастан жоғары қызылшамен ауырмаған, әрі қызылшаға қарсы егілмеген балаларға жедел түрде қызылшаға қарсы вакцина егілуі керек. Ауру кезінде баланы балалар мекемесіне 17 күн бойы жібермеу қажет, ал профилактикалық иммуноглобулин қолданғандарды –21 күн.

Қызылшадан сақтандырудың сенімді әдісі тірі вакцинамен иммунизация жасау. Бұл егу қорғаушы әсерді 15 жыл бойы сақтайды. Тірі вакцинаны жүкті әйелдерге, туберкулез, лейкоз және лимфомамен ауыратын науқастарға, сондай-ақ АИВ-залалданғандарға белгілемейді. Көп елдерде вакцинаны екі дозада қолданады. Бірінші вакцинаны 1 жасқа жақын балаларға енгізсе, 2-ші егуді 15-18 айлық балаларға жасайды. Иммунизация барысында балалардың 95% жақсы нәтижелілікке жетеді.

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (1 бағалар, орташа: 5,00 тен 5)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...