Карбункул (шиқан)

Карбункул немесе шиқан

Карбункул (шиқан) өте ауыр, жайылған, бірнеше шаш фолликуласы, терінің май бездері, тері, теріасты майының қабынулары және   қан тамырлары тромбозының салдарынан пайда болған ауқымды іріңді некроздық процесс.

Карбункул этиологиясы мен патогенезіне келсек, іріңдікті жиі тудыратын алтын түсті стафилококк болып табылады, кейде стрептококк немесе екеуі бірігіп ауруды шақырады. Қант диабеті, гипо, авитаминоз қан тамырларының аурулары адамның иммунитетін төмендетіп, ірңдіктердің пайда болуына ықпалын тигізеді. Карбункулдың жиі кездесетін жерлері: желке, жауырын ортасы, арқа, ерін айналасы. Ауру бірнеше шаш фолликуласын, терінің май бездерін қамтитын көлемді инфильтрат түзілуінен басталып, қан тамырларының тромбоздануымен жалғасып, жергілікті тіндерді некрозға ұшыратады.

Тіндерде іріңді ыдырау орын алып, әрбір шіріген фолликула өзектерінен араның ұясынан шыққан бал тәріздес ірің шыға бастайды. Іріңдік тазарғаннан кейін, орнындағы терең, үлкен жара грануляциямен толып, тыртықтанып жазылады.

Карбункул

Карбункулдың локализациясы
1 — жоғарғы еріннің карбункулы; 2 — желкеде орналасқан карбункул; 3 -карбункулда зақымдалатын тіндер схемасы: (1-эпидермис, 2-іріңді өзектер, 3-өлі еттер, 4-терасты майы, 5-фасция, 6-бұлшықет.)

Клиникалық көріністері мен диагнозы: науқастың жағдайы ауыр, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, жүрек қағу, ентігу, бастың ауруы, тәбетінің төмендеуі, қалтырау орын алады. Қабынған ошақта ауқымды қызарған, ісінген, тығыз инфильтрат анықталады. Инфильтрат үстінде бірнеше іріңді пустула көрінеді, олар тесіліп, жарылғанда ірің шығады. Аурудың асқынған, жайылған түрінде лимфа тамырлары, лимфа бездері қабынады, қан арқылы инфекция таралғанда, өте қауіпті флегмона, сепсис, менингит аурулары дамиды. Карбункулды өте ұқсас ойық жаралы сібір карбункулынан ажырата білу керек. Сібір ойық жарасының бетінде қара көмір түстес некроз, айналасында геморрагиялық көпіршіктер анықталады, жарада ауқымды ісік, тығыз инфильтрат, ауырсыну болмайды, іріңді сұйықтық түзілмейді.

Бактериологиялық зерттеуде геморрагиялық көпіршіктер құрамынан сібір ойық жарасының таяқшалары анықталады.

шиқан

Шиқанның (карбункул) емі: Ауырған дене мүшесінің қимылын шектеу, бетте орналасса төсектік режим, сұйық тағамдар, қабынған ошақты 70% спирт ерітіндісімен сүртіп, асептикалық таңу салынады. УЖЖ, антибиотиктер, сульфаниламидтер тағайындалады. Қант диабеті бар науқастарға тиісті емін жүргізеді. Консервативті ем нәтижесіз болған жағдайларда наркоз беріліп, операция жасалады.

Фасцияға дейін крест тәрізді тілік жасалып, іріңдіктерді ашу және некрэктомия операциясы орындалып, жара антисептиктер ерітінділерімен мұқият жуылып, 10% натрий хлор, протеолиттік фермент ерітінділеріне малынған тампондармен дренаждалады.

шиқан карбункул қазақша

Карбункулға крест тәрізді тілік жасалып,
некрэктомия операциясынан кейінгі көрініс
(жара өліеттен толық тазарған, айналасындағы
тіндердің қабынуы азаюда).

Беттегі карбункулдар іріңдегенде, тіндердің жергілікті анатомиясына байланысты, n. facialis тармақтарының проекциясына паралелді тіліктер жасалады.

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...