Сіреспе

Сіреспе

Сіреспе (tetanus-грек тілінен аударғанда тырысу, сіресу ) – жедел спецификалық инфекциялық ауру. Қоздырғышы спора арқылы дамитын анаэроб Clostridium tetani таяқшасы. Негізінде сіреспе ауруын тудыратын сіреспе таяқшасының тетаноспазмин экзотоксины. Тетаногемолизин экзотоксины аурудың дамуында маңызды роль атқармайды. Ауру қоздырғыштары адам организміне жаралар арқылы түсіп, экзотоксиндер бөлгенде сіреспе дамиды. Сіреспе таяқшасы сапрофит ретінде сиыр, жылқы және адамның ішегінде мекендейді. Нәжіс арқылы топырақты ластандырады. Тыңайтқыштарды (малдың көңі) пайдаланатын егіндіктерде, саяжайларда, огородта сіреспе таяқшасы жиі кездеседі. Сондықтан топырақпен ластанған кездейсоқ жараларда сіреспемен ауыру қауптілігі өте жоғары. Ұлы Отан соғысында жараланған жауынгерлердің 0,6 – 0,7% — сіреспе ауруы кездескен, әсіресе қол аяқ жарақаттарында. Бейбітшілік уақытта сіреспе сирек кездеседі, көбінесе ауылды жерде, 14 жасқа дейінгі балаларда, себебі дәрігерлік көмектің дер кезінде көрсетілмеуі. Аурудың инкубациялық кезеңі 4 – 14 күн, кей кезде 4 – 5 айдан кейін дамуы мүмкін. Инкубациялық кезеңнің мерзімі жараға түскен микробтардың түріне, мөлшеріне, вируленттілігіне, жараның орналасқан жеріне, түріне, ауырлығына, адамның иммунитетіне байланысты. Неғұрлым инкубациялық кезең қысқа болса, сіреспе соншалықты ауыр түрде өтеді. Сіреспемен ауырған адамда тұрақты иммунитет қалыптаспайды.

Сіреспе ауруының жіктелуі

  1. Зақымдану түрлеріне байланысты: жаралану, күю, операциядан кейін, үсік шалу, электржарақат, нәрестелер анасының жатырынан босану кезінде және туғаннан кейін жарақат алу.
  2. Сіреспенің таралыуна байланысты: жалпы түрі бүкіл организмді қамтиді; жергілікті түрі ( қол, аяқ, бас, дене). Жергілікті түрі таралып кетуі мүмкін.
  3. Клиникалық көрінісіне байланысты 4 түрін ажыратады: жедел сіреспе – tetanus vehemens; созылмалы – tetanus lentus; сіреспенің айқынды түрі – tetanus completus;
  4. сіреспенің баяу түрі – tetanus incompletus. Басқаша айтқанда өте ауыр, ауыр, орташа, жеңіл түрлері деп бөлуге болады.

Сіреспенің клиникалық көрінісі. Басында науқастың басы ауырады, әлсірейді, қатты терлеп мазасызданады. Жарасы керіп ауырып, айналасындағы бұлшықеттері тырысып тартылады. Ауру дамуында беттің мимикалық бұлшықеттері тоникалық, клоникалық  тырысып науқастың аузын ашқызбайды. Науқастың бет пішіні менсінбей күліп тұрған адамның бетіне ұқсайды. Сіреспенің бұл белгісін – сардоникалық күлкі симптомы деп атайды (risus sardonicus)

Сіреспе

Сіреспе кезіндегі сардоникалық күлкі

Бұлшықеттердің жиырылуы мойын, арқа, іш, қол-аяққа тарап, ұстамалы түрде қайталанып, қатты ауырып науқасты әбден әлсіретеді. Болар-болмас дыбыс, жарық, т.б. тітіркендіргіш факторлар дереу дене бұлшықеттерінің тырысуына әкеледі. Аурудың барлық бұлшықеттері тартылғанда науқас доға тәрізді иіліп, өкшесімен шүйдесіне тіреліп тұрады. Бұл позаны опистотонус деп атайды.

сіреспе столбняк

Сіреспе кезіндегі опистотонус

Қатты сіресу кезінде бұлшықеттер, байламдар жыртылып, сүйектердің сынуы мүмкін. Егер де тыныс алу актісіне қатысатын бұлшықеттер, диафрагма сірессе, өкпенің қан айналымы бұзылып пневмония дамуы немесе науқас асфиксиядан өліп кетуі мүмкін. Осы жағдайлардың бәрінде науқастың есі анық , бәрін сезіп, біліп қатты қиналады. Дене қызуы жоғарылап, кейде 42ºС дейін көтеріліп, науқас қатты терлейді. Тамыр соғысы  минутына 120- дейін жиілейді, жүрек тондары анық естіледі. Сіреспе ауруының өте ауыр түрі науқасты 1-2 күнде, ауыр түрі 4-5 күнде өлімге әкелуі мүмкін, ал орташа және жеңіл түрлерінде науқас 20-30 күнде сауығады. Сіреспе ауруының қайталануы мүмкін. Науқастардың 25 – 30%-сіреспе асфиксия, пневмония және сіңір, байламдардың жыртылуы, сүйек сынуымен асқынады.

Сіреспеге диагноз қоюда келесі симптомдарға көңіл аударған жөн:

  1. жараның тартып, тырысып ауырсынуы;
  2. дене қызуы көтерілмесе де науқастың қатты терлеуі;
  3. арқасының ауырсынуы;
  4. жақ бұлшықетінің рефлексінің жоғарылауы (Лорин-Эпштейн симптомы). Бұл сиптомды тексеру үшін ауызын жартылай ашық ұстаған науқастың жақ бұлшықетін саусақпен немесе рефлексті тексеретін балғамен ақырын соққанда, науқастың ауызы жабылады. Қалыпты рефлекс теріс болады.

Сіреспенің емі

Сіреспемен ауырған науқасты жеке, қараңғы, тыныш палатаға орналастырып, тәжірибелі дәрігерлер, мейірбикелер үнемі бақылап емдейді. Сіреспенің токсиндері қан айналымында 2 – 3 тәулік болады, одан кейін нерв жасушаларына еніп бұлшықеттерді тырыстырып сіреспе ауруын тудырады.  Сіреспеге қарсы қолданылатын сарысу, жүйке жүйесімен әлі реакцияға түспеген (бос) тетаноспазминнің  уытын қайтара алады, ал жүйке жүйесімен байланыстағы токсиндерге антитоксикалық әсері жоқ. Сондықтан қандағы токсиндерді жою үшін сіреспеге қарсы сарысуды неғұрлым ерте қолданған жөн. Сіреспе ауруына тек қана симптоматикалық ем жүргізіледі: наркоз беріп жараны кеңінен тіліп өліеттен, бөгде заттардан мұқият тазарту, сіреспеге қарсы сарысу және магнезий сульфаты ерітінділерін енгізу. Диагноз анықталысымен  дереу 2-3 тәулік ішінде Безредко тәсілімен сіреспеге қарсы сарысудың тиісті емдік дозасын қолданады. Үлкен адамдардың тәуліктік дозасы 100000 – 150000 ХБ (халык аралық бірлік), нәрестелерге 10000 – 20000 ХБ,  ересек балаларға 20000 – 80000 ХБ. Сарысуды қолданар алдында оны дене температурасына дейін (36-37º.) жылытып 2-3 күн қатарынан инъекциялайды. Тәуліктік дозаның жартысын бұлшықетке, қалғанын 1-10 қатынаста изотониялық натрий хлор ерітіндісімен араластырып, венаға тамшылатып енгізеді. Сіреспеге қарсы гаммаглобулинді бұлшықетке 10000 ХБ бастап, ары қарай тәулігіне 5000 ХБ салынады. Сіреспе сарысуының курстық дозасы 200000 -350000 ХБ, гаммаглобулиннің мөлшері 20000 – 50000 ХБ. Бұлшықеттердің тырысуы жергілікті болса транквилизаторлар мен барбитураттар қолданады: көктамырға 10-15 мг. тәулігіне 150 – 300мг. диазепам, қосымша бұлшықетке 100-200мг. 3-6 сағат сайын натрий тиопенталы немесе гексенал (тәулігіне 1 -2 гр.). Анальгетик ретінде промедол жасалады. Сіреспенің ауыр түрлерінде бұлшықет релаксанттарын барбитураттар немесе диазепаммен бірге қолданып, науқасты трахеостома арқылы жасанды тыныс алдыру аппаратына 7 – 10 тәулікке қосады. Өте ауыр жағдайларда жасанды өкпе вентиляциясы 30 тәулік, одан да ұзақ мерзім жүргізіледі. Трансфузионды дезинтоксикациялық терапия жүргізуде қан алмастырушы сұйықтықтардың дезинтоксикациялық әсері бар препараттармен қоса, электролиттер және глюкоза ерітінділерін қолданады. Науқаста ацидоз орын алса натрий гидрокарбонаты, трисамин ерітінділері құйылады. Жараның іріңдеуі, іріңді трахеобронхит, пневмония сияқты сіреспенің асқынуларын емдеу және алдын алу үшін антибиотикотерпия жүргізіледі. Науқастардың  жүрек жұмысын, тыныс алуын жақсартуда сульфокафокаин, кордиамин, коргликон, цититон, оксигенотерапия тағайындалады. Науқастарды энтералды және параэнтералды жолмен жоғары калориялы  тағамдармен қоректендіру қажет.

Сіреспе ауруының алдын алу жараны мұқият зерттеуден басталады: жараның жіптерін шешіп, толық ашып, ішін 3% сутегі асқынтотығы және фурациллин ерітінділерімен жуады, өліеттерден, іріңдіктерден мұқият тазартып дренаждалады. Аурудың арнайы алдын алу шаралары жоспарлы және жедел түрде жүргізіледі: жоспарлы түрінде  сіреспенің адсорбцияланған анатоксині әскер қатарындағылар, механизаторлар, құрылысшыларға қолданады: 0,5 мл. анатоксинді енгізіп, ревакцинация (0,5мл. анатоксин) бір ай және 1 жылдан кейін жасалады. 12 жасқа дейінгі балаларға комплексті КДС (коклюш —  көкжөтел, дифтерия, сіреспе) вакцинасымен иммунизация жүргізіледі. Жедел түрінде бұрын екпе өткендерге 0,5 мл. анатоксин жасалса, екпе алмағандарға 1мл. анатоксин және 3000 ХБ сіреспеге қарсы сарысу немесе 450 – 600 ХБ сіреспеге қарсы гамма-глобулин инъекцияланып, 1 айдан соң 0,5 мл., 1 жылдан кейін тағы да 0,5мл. анатоксин енгізіп ревакцинация жүргізіледі.

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...