Гипоталамус гипофиз анатомиясы мен физиологиясы

Гипоталамус — гипофиз  жүйесінің анатомиясы мен физиологиясы

Гипофиз – сына тәрізді сүйектің түрік ершігінің гипофизарлы ойығында орналасқан ішкі секреция безі. Гипофиз массасы 0,5–0,7 г, өлшемдері 1,3 х 0,6 х 1,0 см, бірақ өлшемдері адам жасы мен жынысына байланысты өзгеруі мүмкін (ер адамдармен салыстырғанда әйел адамдарда үлкендеу). Гипофизді екі бөлікке бөлуге болады: алдыңғы (аденогипофиз) және артқы (нейрогипофиз). Аденогипофиз үш түрлі жасушалардан құралады: хромофилдер тобын құрайтын ацидофильді, базофильді жасушалар және хромофобтар.

Ацидофильды (эозинофильды) жасушалар өсу гормоны (ӨГ; соматотрофтар) мен пролактин (лактотрофтар), базофильды жасушалар — тиреотропты гормон (ТТГ; тиреотрофтар), адренокортикотропты гормон (АКТГ, кортикотрофтар), сонымен қатар гонадотропиндер (гонадотрофтар): фолликулстимулдеуші (ФСГ) және лютеиндеуші (ЛГ) гормонды өндіреді. Хромофобты жасушалар хромофилдер дифференцирленетін жасушалар көзі ретінде қарастырылады.

Нейрогипофизде гипоталамустың супраоптикалық ядроларынан паравентрикулярлы ядроларына баратын гипоталамус-гипофизарлы жолдың талшықтары аяқталады. Нейросекреторлы жасушалардың аксондары аксовазальды синапстармен аяқталады және олар арқылы нейрогипофизге гипоталамус ядроларында өндірілетін вазопрессин (антидиурездік гормон) және окситоцин келіп түседі.

гипофиз және гипоталамус

Гипофиздің орналасуы

Аденогипофиз эндокринді жүйенің басты реттеушісі болып табылады. Одан бөлінетін гормондар (ЛГ, ФСГ, ТТГ, АКТГ) шеткері эндокринді бездердің қызметін реттейді: қалқанша безі, бүйрек үсті безі, гонадалар. Ал басқа гормондар (ӨГ, пролактин) мүшелер мен нысана-тіндерге тікелей әсер көрсетеді.

Гипоталамус бас миы негізінде орналасқан, алдынан көз жүйкесінің қиылысымен, артынан мамиллярлы денемен, бүйірінен көз жүйкелерімен шектеседі. Гипоталамдық аймақты жоғарыдан бас миының ІІІ қарыншасы шектейді. Ересек адамда гипоталамус массасы шамамен 4 г құрайды. Өткізгіш жолдар гипоталамусты көрші бас миының құрылымдарымен тығыз байланыстырады. Гипофиз бен гипоталамус арасындағы өзара байланыс портальды жүйе арқылы іске асады. Гипофиздің портальды жүйесіне біріншілік капиллярлы тор кіреді, ол арқылы гипоталамустың аркуатты, вентромедиальды және паравентрикулярлы ядроларының аксондарының терминальды бөліктерімен байланысады. Біріншілік капиллярлар шоғыры гипофизарлы аяқша бойымен гипофиздің алдынғы бөлігіне жетіп, портальды көктамырларға келіп жиналады да, екіншілік капиллярлы торға бөлінеді. Екіншілік капиллярлы тордың синусоидтары гипофиздің алдынғы бөлігіне гормондармен байытылған қанды тасымалдайтын әкететін көктамырларға жиналып, жүйелік қанайналымға қосылады. Қазіргі таңда белгілі гипоталамус гормондары сәйкес тропты гормондардың әсерін күшейтетін (рилизинг-гормоны, либериндер) және тежейтін (статиндер) болып жіктеледі, алайда бұл бір либерин (статин)-бір гипофиз гормоны деген ұғымға сай келмейді. Мысалы, тиролиберин ТТГ және пролактин өндірілуін ынталандырады, ал гонадолиберин ЛГ мн ФСГ-ға ортақ рилизинг-гормон болып табылады, соматостатин ГР мен АКТГ секрециясын тежейді.

Пролактин — ақуызды гормон, басты физиологиялық қызметі- лактацияны қамтамасыз ету. Баланы емізу үрдісі пролактин секрециясын ынталандырады. Гипоталамуста синтезделетін дофамин пролактин секрециясының басты ингибиторы болып табылады.

Өсу гормоны (ӨГ, соматотропин) — бауырда өсу гормоны ықпалынан синтезделетін инсулин тәрізді өсу фактор-1 (ИТФ-1) арқылы тіндер мен мүшелерге әсер көрсететін полипептидті гормон. ӨГ жас балалар мен жасөспірімдерде сүйектердің ұзына бойына өсуін ынталандырады (негізінен ұзын түтікті сүйекті). Сонымен қатар, ӨГ ақуыз синтезін және азоттың ағзада сақталуын ынталандырады, липолиздік және натрийуретикалық әсер көрсетеді. Ағзаға ӨГ физиологиялық мөлшерін енгізу қысқа әсерлі инсулин тәрізді әсер (гликемияны төмендетеді), кейін контринсулярлы әсер береді. ӨГ синтезі мен секрециясы екі гипоталамустық нейропептидтермен реттеледі- ӨГ рилизинг-гормоны (соматолиберин, ӨГ-РГ) және соматостатин. Тәулік бойы ӨГ деңгейі қан сарысуында төмен болады, шың дәрежеге тек тағам қабылдағаннан кейін жетсе, деңгейі ұйқы кезінде үдемелі түрде жоғарылайды. Өсіп келе жатқан балаларда ӨГ интегральды тәуліктік өндірілуі ересек адамдармен салыстырғанда жоғары болады.

Лютеиндеуші гормон (ЛГ) аналық бездерде овуляцияны және тека жасушалармен адрогендердің синтезін ынталандырады, ал аталық бездерде Лейдиг жасушаларымен тестостерон өндірілуін реттейді.

Фолликуластимулдеуші гормон (ФСГ) аналық бездерде гранулеза жасушаларының өсуін және эстроген секрециясын ынталандырады, ал аталық бездерде тестостеронмен бірге сперматогенезді ынталандырады ( 5.1.және 6.1 бөлімді қараңыз).

Адренокортикотропты гормон (АКТГ, кортикотропин) бүйрек үсті безінің қыртысты затында кортизол мен андрогендер өндірілуін ынталандырады.

Тиреотропты гормонның (ТТГ) басты қызметі қалқанша без гормонының синтезін және секрециясын ынталандыру және тиреоциттерге трофикалық әсер көрсету болып табылады.

Нейрогипофиз — гипоталамустың супраоптикалық және паравентрикулярлы ядроларының аксондарынан тұратын, дербес автономды жүйе.

Вазопрессин (аргинин-вазопрессин, антидиурездік гормон, АДГ) 9 аминқышқылдан тұратын ақуыз. АДГ рецепторлары бүйрек нефрондарының дистальды түтікшелерінде орналасады, оның белсенуі су реабсорбциясының күшеюіне әкеледі. Физиологиялық жағдайда АДГ секрециясы гипоталамустың осморецепторларымен реттеледі: қан сарысуының гиперосмолярлығы АДГ секрециясын ынталандырады. Сонымен қатар, гиповолемия және артериялық гипотензия АДГ секрециясын тікелей емес ынталандырушылар болып табылады.

Окситоцин вазопрессин секілді 9 аминқышқылдан тұрады, бірақ одан екі аминқышқылының қалдықтарымен ерекшеленеді. Окситоцин жатыр бұлшықетіне әсер ету арқылы оның жиырылу күшін күшейтеді, нәтижесінде босану кезіндегі және босанудан кейінгі жатыр жиырылуын қамтамасыз етеді. Окситоцин сүт бездері альвеолаларының миоэпителиоциттерінің жиырылуын ынталандырып, сүт жолдарына сүттің түсуіне жағдай жасайды. Окситоцин секрециясының физиологиялық ынталандырушысы әйел жыныс жолдарының кеңеюі мен емізу болып табылады.

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...