Анестезиология ғылымы және наркоз даму тарихы

Анестезиология ғылмының даму тарихы

Анестезиология және жансыздандырудың дамуы хирургия ғылымымен тікелей байланысты.

Жарақаттар, операциялар кезінде жансыздандырудың тиімді әдістерінің болмауы көп уақыт бойы хирургияның дамуын тежеп отырды.

Дегенмен, айта кету керек, эмпириялық дәуірдің өзінде де дәрігерлер ауырсынуды басу керектігін түсінген. Біздің эрамызға дейінгі Ш-ІУ мыңжылдықта хирургиялық операциялар кезінде апиын тұнбасы, белладонна, мандрагора, алкогольдің көмегімен жансыздандыруға әрекет жасалғанына, біздің күнімізге дейін жеткен ежелгі Египет жазбалары куәгер болып отыр. Бірақ, мұндай жансыздандырудың күші жеткіліксіз болып, шағын операциялардың өзі науқастың шоктан өлуіне әкеп соқтырып отырған.

Операциялар «тірілей» жасалды, пациенттерді күші басым санитарлар ұстап отырған немесе тақтайға байлаған. Операция кезінде науқастар ғана емес, операцияға қатысып отырғандар да талып қалатын болған. Операция залы айқайға толы болған көрінеді.

Лондонның ауруханаларының бірінде, операция жасалып жатқан науқастардың айқайын естіртпеу үшін пайдаланылған қоңырау осы күнге дейін сақталған. Орта ғасырларда шіркеу ауырсынуды құдайдың күнәні жуу үшін жіберген жазасы, оны жою туралы идеяны құдайға қарсылық деп таныды.

Анатомиялық кезеңде жансыздандырудың болмауы белгілі бір дәрежеде хирургтерді анатомияны тереңірек үйренуге және хирургиялық операциялар техникасын жетілдіруге итермеледі. Хирургтерге ауырсынудың уақытын мейлінше азайту үшін операцияны шапшаң, шебер жасауға тура келді. Осындай практикалық қажеттілік кейінірек жансыздандыру туралы ғылымның — анестезиологияның пайда болуына әкелді.

Оған осы кезде бірқатар есірткілік әсері бар препараттар ашылуының да әсері болды. 1800 жылы Деви азоттың шала тотығының өзіндік бір әсері барын тауып, оны «көңілдендіргіш газ» деп атаған.

1818 жылы М. Фарадей эфирдің де осындай қасиетін тапты. Деви мен Фарадей аталмыш газдардың хирургиялық операциялар кезінде қолданылуы мүмкін екенін болжап кеткен.

1844 жылы тіс дәрігері Г. Уэллс (АҚШ) азоттың шала тотығының жансыздыратын қасиетін тіс жұлуға пайдаланған және бірінші пациент өзі болған. Бірақ Бостон қаласында ресми жариялау кезінде жансыздандыру сәтсіз болып, пацент өлім аузынан қалады. Әріптестерінің келекесіне ұшыраған Г. Уэллс, оған шыдамай өз-өзіне қол жұмсап, 33 жасында дүниеден озды.

1846 жылы американ химигі Джексон мен тіс дәрігері Мортон эфирдің буымен тыныс алудың науқасты есінен айырып, ауырсыну сезімін жоятынын көрсетіп, эфирді тіс жұлуға пайдалануды ұсынды.

Қазіргі заман анестезиологиясының «туған күні» 1846 жылдың 16 қазаны болып саналады. Бұл күні Бостон ауруханасында Гарвард университетінің профессоры Джон Уоррен 20 жасар науқас Джильберт Эбботтың төменгі жақ сүйегінің астындағы ісікті тіс дәрігері Уильям Мортон тамаша жүргізген наркозбен сылып тастады. Сол уақыттан бері 16 қазан жыл сайын «эфир күні» — анестезиология күні ретінде атап өтіледі.

Ғалымдардың наркозды алғашқы ашушы кім деген таласын уақыт өзі шешіп берді. Наркоздың негізін қалаушылар У. Мортон, оның оқытушылары Ч. Джексон мен Г. Уэллс болып саналады. Әйтседе, әділеттік үшін, шындық пен приоритет үшін тарихи факт келтірген дұрыс деп есептейміз.

1844 жылы «Русский инвалид» газетінде Я.А, Чистовичтің «жілік ампутациясын күкірт эфирінің көмегімен жасау» деген мақаласы жарық көрді. Енді, наркозды пайдаланудың 3 фактісі де бір біріне байланыссыз және шамамен бір мезгілде болғандықтан, наркозды алғашқы ашушылар деп У. Мортонды, Г. Уэллсті және Я.А. Чистовичті санау керек.

Ресейде наркозбен бірінші операцияны 1847 жылдың 7 ақпанында Мәскеу университетінің профессоры Ф.И. Иноземцев жасады. Анестезиологияның Ресейде орнығуына А.М. Филомафитский мен Н.И. Пироговтың әсері көп болды.

Н.И. Пирогов наркозды тез және қызу қолдап шықты. Ол алғашқылардың бірі болып Ресейде эфир мен хлороформ наркозын қолданды, эфир наркозы үшін арнайы аппарат жасап шығарды. Алғашқылардың бірі болып наркоздың теріс жақтарын, мүмкін болатын асқынуларды, наркоздың клиникасын білу қажеттігін атап көрсетті, эфир мен хлороформ наркозын әскери-далалық хирургияға енгізді.

1847 жылы Ресейде бірінші рет нарокзды босану кезінде пайдаланды, наркоздың тікішекішілік, тамырішілік, трахеяішілік әдістерін қолданды, жеңіл, «емдік» наркоз туралы идеяны ұсынды.

Мына фраза да Н.И. Пироговтікі «Эфир буы ұлы құралдың бірі және ол, белгігі бір қатынаста, хирургияның дамуына жаңа бағыт беруі мүмкін» (1847ж.).

Н.И. Пироговтың идеялары көктамырішілік наркоздың дамуына түрткі болды. Алғаш рет көктамырішілік наркозын Петербор әскери- медицина академиясының профессоры С.П. Федоров қолданды. Гедоналды фармаколог Н.П. Краков синтездеген. Кейінірек «орыс» әдісі ретінде әлемге танылды. Н.П. Краков пен С.П. Федоровтың гедонал наркозын ашуы, заманауи ингаляциялық емес, қүрама және аралас наркоздардың бастамасы болды.

анестезиология және наркоз дамуы

Анестезиология ғылымы мен наркоз берудің даму тарихы

Эфир мен азоттың шала тотығынан соң анестезиологиялық практикада басқа да ингаляциялық наркоз препараттары пайда бола бастады.

Бірінші классикалық препарат — хлороформды — 1847 жылы ағылшын Дж. Симпсон ашып, сипаттап жазды. 1845 жылы хлорэтил наркозы қолданыла бастады, 1922 жылы этилен мен ацетилен дүниеге келсе, 1934 жылы циклопропан ашылды. Осы жылы Уотерс наркоз аппаратының тыныс алу контурына көмір қышқылын сіңіргіш (адсорбент) — натрон әгін қосуды ұсынды. 1956 жылы анестезиологиялық практикаға фоторотан, 1959 жылы метоксифлюран енді.

Қазіргі кезде ингаляциялық наркоз мақсатында галотан, изофлуран, энфлуран кеңінен қолданылады.

Жаңа ингаляциялық анестетиктерді іздестіру мен ингаляциялық емес анестетиктерді дайындау қатар жүріп отырды. ХХ ғасырдың 30- жылдары көктамырішілік наркоз үшін барбитур қышқылының туындылары — гексенал мен тиопентал-натрий — ұсынылды.

ХХ ғасырдың 60-жылдары табиғи метаболиттерге жақын, қуатты антигипоксанттық әсері бар, натрий оксибутираты мен аса қысқа әсерлі анестетик — пропанидид (эпонтол, сомбревин) синтезделіп, клиникалық практикаға енгізілді.

1942 жылы Канада ғалымдары кураре тәріздес препарат — интокостринді наркоз кезінде пайдаланғаннан кейін анестезиологияда жаңа дәуір басталды. Кейінірек, ұзақ және қысқа әсер ететін кураре тәріздес дәрілер синтезделіп, анестезиологиялық практикаға зор мүмкіндік ашылды.

Наркоздың жаңа түрі — жасанды тыныс алдырудың бірнеше түрлері қолданылатын эндотрахеялық наркоз дүниеге келді. Жалпы анестезияның дамуымен қатар, жергілікті анестезия әдістерді де белсенді түрде жетілдіріліп отырды. 1879 жылы орыс ғалымы В.К. Анрептің кокаиннің жергілікті жансыздандырғыш қасиеті барлығын анықтап, клиникалық тәжірибеге улылығы шамалы новокаиннің (А. Эйнгорн,1905ж.) енуі жергілікті анестезияның дамуының бастамасы болды. Жергілікті анестезия жайлы ілімнің дамуына орыс хирургі А.В. Вишневскийдің қосқан үлесі зор. Жергілікті анестетиктер ашылған соң, А. Бир (1899ж.) жұлын анестезиясы мен перидуральдық анестезияның негізін салды. Жұлын анестезиясын Ресейде кеңінен қолданғандардың бірі Я.Б. Зельдович болды.

Электр наркозының негізін салушы француз ғалымы Лемон. Ол жануарларға 1902 жылы эксперимент жасаған. Қазіргі кезде наркоздың бұл түрі акушерлік тәжірибеде арнаулы «Электронаркоз» деп аталатын аппарат арқылы қолданылады. Әдетте, анальгетиктер, қурысуға қарсы препараттар мен тыныштандыратын дәрілер шамалы мөлшерде қосылады. Анестезияның бұл түрінің жансыздандырудың басқа түрлерінен артықшылығы мынада — химиялық жансыздандырғыш препараттардың барлығы да жатырдың жиырылу қызметін нашарлатады, палцентарлық тосқауыл арқылы өтіп кетіп, ұрыққа (плод) әсер етеді.

Ине анестезиясы — толық жансыздандырмайды, дегенмен, ауырсыну сезімін едәуір басады. Анальгетиктерді аз мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді. Анестезияның бұл түрін акупунктурадан арнайы дайындықтан өткен анестезиологтар ғана қолданады.

Анестезиологияның әрі қарай дамуының көп құрамды анестезияның принциптерін әзірлеумен тығыз байланыста болғанын атап өткен жөн. Бұл анестезияның мәтіні мынада — әртүрлі әсерлі препараттарды (наркотиктер, ганглиоблокаторлар, миорелаксанттар және т.б.) қосарлап пайдалана отырып, жүйке жүйесінің белгілі бір структураларына бағытты әсер етуге болады. Қазіргі кезде нейроплегияның бір түрі — нейролептоанальгезия (НЛА) кеңінен қоданылып жүр. Бұл анестезия операция кезінде жеткілікті дәрежеде жансыздандырумен қатар, орталық жүйке жүйесіне кері әсері тигізбейді. Анестезия дроперидол мен фентанилді көктамырға және азоттың шала тотығы мен оттегін трахеяға жіберу арқылы жүргізіледі.

Сонымен Анестезиология дегеніміз не?

Анестезиология дегеніміз — организмді операциялық жарақат (травма) пен оның зардаптарынан қорғау, операция кезінде организмнің өмірлік маңызды қызметтерін бақылау мен басқару туралы ғылым.

Анестезиологияның барлық әдістері жалпы (наркоз) және жергілікті анестезия болып 2 бөлінеді.

  • Наркоз немесе жалпы жансыздандыру — жүйке жүйесінің жасанды қайтымды тежелу процестерімен, есін және сезімталдықтың барлық түрлерінің, бүлшық ет тонусының және бірқатар рефлекстердің жойылуымен сипатталатын ерекше жағдай.
  • Жергілікті анестезия — адам организмнің белгілі бір бөлігінде ауырсыну сезімін жасанды жолмен және қайтымды жою. Бұл кезде адамның санасы сақталады.
Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (1 бағалар, орташа: 5,00 тен 5)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...