Диабет кезіндегі комалар

Диабет кезіндегі комалар

Диабеттік кетоацидозды кома.

Кома кезеңінде Куссмауль типіндегі (терең шуылды және дөрекі) тыныс естіледі, ацетонның иісі қатты сезіледі; өте анық артериялық гипотония (әсіресе диастолалық), ырғағы жиі және әлсіз толқынды тамыр соғысы, ан-олигоурия, ішінің жабысып тыныс алу актісіне әлсіз қозғалатыны анықталады. Сіңірлік рефлекстер жоғалады, алайда көз қарашығы мен жұтыну рефлекстері сақталуы мүмкін. Дене қызуы көбінесе төмендейді.

Кетоацидоздық комадағы зертханалық  өзгерістер:

  • гипергликемия – 19,4-33,3 ммоль/л;
  • глюкозурия + ацетонурия (бүйрек функциясының айқын зақымдануында глюкозурия әлсіз болуы немесе болмауы да мүмкін);
  • пируватемия (2 ммоль/л дейін) және лактацидемия (10 ммоль/л дейін);
  • липидемия 6 г/л жоғары немесе 600 мг% жоғары;
  • холестеринемия 10,3 ммоль/л жоғары;
  • кетонемия 17 ммоль/л дейін;
  • протеинемия 90 г/л маңайында (ол тек қанның қобланғанын білдіреді);
  • қанда қалдықты азот пен мочевина 35,7 ммоль/л асып аздап көтеріледі;
  • гипонатрийемия 120 ммоль/л дейін;
  • қанның сілтілі резерві 5-10 об.% СО2 аралығында төмендейді (нормада ол 75 об.% СО2 құрайды);
  • гипокалийемия;
  • қанның рН төмендейді.

Гиперосмолярлық (кетонемиялық емес) диабеттік кома.

Клиникасы:

  • Полидипсия, полиурия, шөлдеу (барлық диабетке тән);
  • Дегидратация белгілері өте айқын білінеді де жүрек-тамыр жүйесіндегі бұзылыстары айқын анықталады;
  • Осының салдарынан бүйрек функциясының нашарлауы олигонурия мен азотемияға әкеледі;
  • Гемокоагуляциялық бұзылыстар, әсіресе тамырішілік коагуляция (ДВС-синдромы), артериялық және веналық тромбоздар;
  • Жоғарғы дене қызбасы болуы мүмкін, оған себептер инфекция, күюлер, жарақаттанулар;
  • Неврологиялық ошақты зақымданулар (парездер, сезімталдықтың бұзылулары, Бабинский және басқа да патологиялық рефлекс симптомдарының оң болуы, нистагм);
  • Қандағы глюкозаның 38,9 – 55 ммоль/л және одан да жоғары болуы;
  • Кетоацидоз болмайды;
  • Қандағы бикарбонаттар аздап төмендейді (20 ммоль/л);
  • Қанда натрий 100-280 ммоль/л;
  • Қанның осмолярлығы 350 ммоь/л жоғары болады;
  • Қандағы эмульгацияға ұшырамаған май қышқылдарының, өсу гормоны-ның және кортизолдың деңгейлері аздап жоғарылайды.

Гиперосмолярлы кома жайлы толықтай материалды қарай кетіңіз.

диабеттік кома

Диабеттік кома

Лактатацидозды кома

Клиникасы:

  • ступор, кома;
  • жетекші синдромы — жүрек-тамыр жетіспеушілігі (тахикардия, гипотония, шок);
  • өңінің бозарып көгеруі;
  • миокардтың қозғыштығы мен жиырылғыштығының бұзылулары;
  • шеткі тамырлардың парездері, сондықтан коллапс дамиды;
  • Куссмауль тыныс байқалады.

Лактатацидоздық кетоацидоздан, бүйрек ацидозынан, салицилаттармен уланудан, метанололмен немесе этиленгликольмен уланудан ажырату керек. Бүрек жетіспеушілігі кезіндегі ацидоздан және кетоацидоздан қандағы кетон денелерінің, қалдықты азоттың, фосфаттардың деңгейлерін анықтау ажыратуға көмек береді.  Улануларда бастапқы кезде алкалоз болуы мүмкін, соңынан ацидоз дамиды да лактаттың, пируваттың және ацетосірке қышқылы концентрацияларының артулары байқалады.  Қандағы салицилат-тар деңгейін анықтау да дұрыс диагноз қоюға көмектеседі.

Лабораторлық көрсеткіштер:

  • гидрокарбонат иондары (НСО3) концентрациясының төмендеуі 10 ммоль/л дейін (нормада 20 ммоль/л маңайы);
  • спецификалық белгісі – сүт қышқылы деңгейінің 2 ммоль/л жоғары болуы (нормада 0,4-1,4 ммоль/л).

Емдеуі.  Диабеттік команы емдеуде гипергликемияға қарсы инсулинді ғана қолданып қоймайды, сол секілді дегидратациядан болған электролиттік бұзылыстар мен ацидоз зат алмасуының бұзылыстарына қарсы емдік шаралар жүргізіледі. Диабеттік кома емінің жалпы схемасына мынлалар жатады:

  1. инсулиннің тапшылығын жою және көмірсу алмасуын қалыптастыру,
  2. организмге тез арада тиімді регидратация жасау,
  3. организмде глюкозаның (гликогеннің) қорын қалыптастыру,
  4. қышқылды-сілтілі тепе-теңдікті қалыптастыру,
  5. диабеттік команы тудырған дерттік жағдайларды анықтау және емдеу,
  6. ішкі ағзалар функцияларын қалыпқа келтіріп, оларды қолдау үшін емдік шараларды комплекс түрінде жүргізу.

Ауруханаға дейінгі этапта дегидратацияға, гиповолемияға және қанайналымы бұзылыстарына қарсы шараларды бастаған жөн, яғни  инфузиялық емді қарқынды түрде венаға енгізу арқылы жүргізіледі. Ол үшін физиологиялық 0,9% NaCl немесе Рингер-Локк ерітінділері қолданылады.  Коллапсқа қарсы – катехоламиндер мен басқа да симпатотониктер, алайда катехоламиндерді қолдануға қарсы көрсеткіштер де бар екенін ұмытпаған жөн — контринсулинді әсер береді және глюкагонның түзілуін күшейте алады.

 Жазған: Еркебулан Молдаханов

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...