Бөртпелердің ажырату диагностикасы

Бөртпелерді ажырату

Педиатр тәжірибесінде детализация мен нақты диагнозды талап ететін балалар бөртпелері жиі кездеседі. Көп жағдайларда педиатрдың мол тәжірибесіне қарамастан, диагноз қою қиындықтарға әкеп тірейді. Бұның салдары адекватты емес ем жүргізу болып табылады. Бұл мәселені тек дәрігерлердің бөртпелерді тану, жіктеу және айыру жоғары қабілеттілігі ғана шеше алады.

Бөртпелерге диагноз қою үшін:

  1. Сұрастыру
  2. Қарап тексеру
  3. Анализдерін талдау қажет

Бөртпелер әр түрлі себептерден пайда болады. Олардың пайда болу себебіне байланысты 4 топқа бөледі:

  1. қан тамырлар жүйесі аурулары;
  2. жұқпалы аурулар;
  3. аллергиялық реакциялар;
  4. гигиенаның дұрыс сақталмауы.

Бөртпелердің біріншілік және екіншілік элементтері болады.

  • Біріншілік элементтер: дақ, төмпешік, түйін, көпіршікше, көпіршік, күлдіреуік, эритема, геморрагия, пустула, уртика, комедон.
  • Екіншілік элементтер: қабыршақ, эрозия, пигментация, тыртық, сыдырылу, қыртысша, тері жаралары, лихенификация.

Дақ — эпидермис аумағында таза теріге қарағанда түсімен ерекшеленеді және таза терімен бір деңгейде орналасады.

Мөлшеріне байланысты:

  • Кіші дақ (1 см-ге дейін);
  • Үлкен дақ ( 1 см-ден көп)

Дақ түсіне байланысты:

  1. Эритематозды;
  2. Геморрагиялық;
  3. Телеангиэктатикалық,
  4. Дисхромиялық

Эритематозды дақ — қанайналым бұзылысына негізделген және қабыну процестерімен, инфекциялық аурумен, вазомоторлы, психикалық бұзылыстар, механикалық, физикалық, химиялық және т.б. қоздырғыштар әсерінен туындайды. Дақты саусақпен басқанда олар толығымен немесе жартылай жоғалады.

Геморрагиялық дақ – теріге қан құйылумен және эритематозды дақтан ерекшелігі оны саусақпен басқанда жоғалмайды, ал пигментті дақтан ерекшелігі түсінің өзгеріп отыруы. Олар қою қызылдан сары түске ауысып отырады (нүктелі геморрагиялық дақты –петехия, үлкен көп мөлшерде болса пурпура, сызықтыларын вибисек, ірі, дұрыс емес көріністі берсе экхимоз деп атайды).

Телеангиэктатикалық дақ – тері қан тамырлары мен капиллярлардың тұрақты кеңеюі нәтижесінде пайда болады. Бұл кезде органикалық дақтар немесе кіші тамырлы торлар түзіледі.

Дисхромиялық дақ – тері пигменттерінің (меланин) үлкеюі (гиперхромды) және кішіреюі (гипохромды) немесе толығымен (ахромия) жоқ болуымен байланысты.

Түйіншек (папула) – кішкентай, тері үстінен сәл көтеріліп тұратын қаттылау, қуыссыз бөртпе. Папула түсі қызылдан қызыл қоюға және сұр — сарыға немесе қалыпты тері түсіне өзгеріп отырады. Беткейі тегіс, жылтыр болуы мүмкін. Сонымен қатар олар дөңестеу, күмбез тәрізді және үшкір формалы болып келеді.

  • Милиарлық (диаметрі 1 мм – ге дейін)
  • Лентикулярлық (3-5 мм)
  • Нумулярлық (тиынның көлеміндей)

Күлдіреуік (уртика) – терінің қалыпты деңгейінен көтеріңкі, шектеулі, дөңгелек, сопақша қызғылт не ақ түсті бөртпе. Беті тегіс қышитын бөртпе,ол тез пайда болып, бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін сақталып еш із қалдырмай тез жоғалады. Дерманың емізікті қабатының жедел ісік салдарынан түзілетін қуыссыз элемент күлдіреуге әкелуі мүмкін.

Көбік (булла) – эпидермисте сұйықтық жиналу нәтижесінде көбіктің көлемі бұршақтан тауық жұмыртқасына дейін және одан да үлкен көлемді болуы мүмкін. Олар дөңгелек немесе сопақша, беті жартылай дөңгелек не жалпақ болады. Көбіктің қақпағы, түбі және қуысы болады. Оның ішіндегі сұйықтық мөлдір, сарғыштау, кейде лайланған немесе қан араласа болады.Көбік пайда болардың алдында көбіне эритематоздық дақ көрініс береді.

Көпіршік (везикула) – кішкентай қуысы бар тері үстінен аздап көтеріліп тұратын, жарты шар тәрізді дөңгелек, бал- сары немесе сәл лайлы түсті бөртпе. Көпіршіктің ішіндегі жиынтығы негізінен ұйыма, кейде қан аралас, ал көлемі тары дәнінен кішкентай бұршақ тәрізді болады.

Іріңдік (пустула) – іші көптеген лейкоциттер және альбумин мен глобулинге бай іріңді жалқыққа толы қуысты бөртпе. Іріңдіктің пайда болу себебі стафилакокктар. Кейде некрозға эпителиальдық клеткалармен қатар, дерманың емізікше қабаты ұшырайды да, эпидермо – дермалық іріңдіктер түзіледі, жазыла келе үстірт тыртықтар қалдырады.

Төмпешік – инфекциялық гранулема түрінде дермада шектеулі продуктивті қабыну ошақтарының даму нәтижесінде шығады. Бұлар тері үстінен сәл көтеріліп тұратын немесе тері бетімен бірдей жататын, үлкендігі шамамен тарыдан ноқаттың үлкендігідей бөртпе. Консистенциясы тығыз, жұмсақтау және жұмсақ болуы мүмкін. Түсі қызыл қоңырдан қара-қошқылға дейін өзгереді. Әрі қарай ол жараға айналып, бірте-бірте жұқарып барып жазылады.

Түйін теріасты шел қабатында және дерманың терең қабатында жатқан қатты немесе қаттылау бөртпе. Көлемі орман жаңғағы мен тауық жұмыртқасына дейін, тіпті одан да үлкен, домалақ не сопақша келген. Түйіндер кейде тері үстінен көтеріліп жатса, кейде оларды сипап қарау арқылы терінің қалыңдығында байқауға болады.

Комендон теріасты безі секретіне сіңген, шаш фолликулдарында бөгелетін мүйізді пробкалар. Ашық (қара) және жабық (ақ) түрлерін ажыратады.

Терінің біріншілік элементтері екіншілік морфологиялық элементтермен қатар жүруі мүмкін.

бөртпелердің ажырату диагностикасы

Балалардағы бөртпелер

Қабыршақ— көзге көрінбегенмен қалыпты жағдайда терінің бетінен мүйізденген клеткалар тұрақты түлеп отырады. Көптеген тері ауруларында мүйізделген клеткалардан тұратын қабыршақтар көбейіп кетеді. Бұл процесс-қабыршақтану деп аталады.

Қабыршақтану — қалыпты мүйізденген қабаттың көптеп түзілуінен ( гиперкератоз) немесе патологиялық мүйізденген қабат түзілуінен болуы мүмкін. Соңғысы паракератоз деп атайды.

Кератоз бірқатар жағдайларда қабыршақтар мүйізделген қабат клеткаларының қалыптан тыс көбеюімен байланысты және олар терінің бетінен қиындықпен түлейді. Тері бетінде топтасып қалған құрғақ , сарғыштау — сұр түсті, тығыз мүйізденген массаны кератоз деп атайды. Бұлар терінің шектелген жерінде, көбіне табанда, алақанда өздігінен пайда болады немесе шаш қапшығының сағасында орналасады

Эрозия— тері бүтіндігінің үстірт бұзылуы. Әдетте, қуысты бөртпелер (көпіршіктер, іріңдіктер, ірі көпіршіктер) жарылғаннан кейін немесе дермада түзілген сіңбе дәнекер тіннің жоғарғы бөлігінде орналасқан қан және лимфа тамырларының жарақаттануынан эпидермистің қорегінің нашарлауы нәтижесінде пайда болады. Түсі қызғылт не қызыл түсті, беті ылғалды сулы болады.

Экскориация— механикалық жарақаттанудың нәтижесі, көбінесе-қышыма ауруда қасудан пайда болатын терінің бұзылуы. Эпидермистің тұтастығы және дерманың емізікше қабатының капиллярлы бұзылады. Қатты қышыну, сондықтан қасудың салдарынан осы элементтердің көлеміндей шеңбер тәрізді экскориация пайда болады. Түсі қара-қоңыр. Қанды қабықпен жабылған. Соңында тыртық қалуы мүмкін.

Жарылу –бұл тек қана эпидермистің, кейде дерманың да жоғарғы қабаттарының, сызықша жарылуы. Ұзақ уақытқа созылған қабыну процесінің нәтижесінде терінің созылғыштық қасиеті жоғалғанда және мүйізденген қабат құрғақтықтан тартылғанда жарылып кетеді. Көбінесе тері бүкпелерінде (құлақ сырты, саусақтардың арасы, шапта) пайда болады.

Қабық – тері бетінде ұйыма жалқықтың, іріңнің және қанның кебуінен пайда болады. Бірінің үстіне бірі қабаттаса келіп, қалыпты терінің деңгейінен азды-көпті жоғары жатуы мүмкін. Жаңадан жатқан қабықтар бос және оңай алынса, ескілері қатты болады. Ұйыма жалқық кепкенде қабық сары мыс түсті, іріңнен жасыл –сұр, ал қан қатқанда қара-қоңыр түсті қабық пайда болады.

Жара — сіңбенің ыдырап, тері тұтастығының терең деңгейде бұзылуы. Пайда болуына терінің іріңді қабынуы, пролиферативтік және көбінесе өзіндік, арнайы қабыну, қатерлі ісіктер себеп болады. Көп жағдайларда жараның соңында тыртықтану қалып отырады.

Тыртық тіннің ыдырауынан немесе бұзылунан кейін пайда болатын терідегі жаңа тін. Көлемі және нұсқасы алдында болған терідегі бөртпелерге сәйкес келеді. Басында тыртық қызғылт түсті болғанымен, соңынан ақ түске ауысады және көбінесе шетінде пигмент белдеуі болады. Тыртықтың беті әдетте теп-тегіс, тері өрнегі сақталмайды, кейде тегіс емес, салпыншақтары, кішкентай қалталары немесе көпіршелері болады.

Вегетация  зақымданған теріні кедір-бұдыр көрсететін, әтештің айдарына ұқсайтын, қылшық тәрізді өсінділер. Беті әдетте қалың мүйізденген қабатпен жабылған, кейде керісінше, қызылша қаланып тұрады. Бірінші жағдайда вегетация құрғақ, қатты, күлгін-сұр түсті болып келеді. Эрозияланған вегетациялар жұмсақ, қызыл түсті, тез қанағыш келеді, бетінде ұйыма немесе ірің аралас сұйықтық бөлініп тұрады.

Лихенификация — немесе лихенизация тері өрнегінің қалыптан тыс анық көрінуі арқылы оған шегрен түрін беретін өзгерісі. Зақымдаған ошақтарда тері қалың, құрғақ, көбіне ұсақ кебекті қабыршақтармен жабылған. Терінің түсі қызғылт, не көгілдір-қызыл немесе шұбар болып келеді. Лихенизация теріні ұзақ уақыт қасып тітіркендірудің нәтижесінде өздігінше дамиды, немесе әртүрлі қабынулық сіңбелердің фонында шығуы мүмкін.

Папулезді-сквамозды бөртпелер (папула және түйін):

  • атопиялық дерматит
  • аллергиялық контактты дерматит
  • контактты дерматит
  • дерматофития
  • псориаз

Фолликулярнлы-папулезді бөртпе (шаш фолликуласы айналасындағы папула):

  • қарапайым безеулер
  • фолликулит
  • периоральді дерматит

Инфильтративті және тері мен теріасты клетчатканың кабыну процесі

  • крапивница
  • саркоидоз
  • сақина тәрізді гранулема
  • түінді гранулема

Пурпура және петехия

  • геморрагиялық васкулит;
  • аллергиялық васкулит;
  • инфекционді процесс
  • тромбоцитопения;
  • амилоидозе.
  • ҚШЮ

Көбікті дерматоздар (везикула, көбік, пустула): 

  • аутоиммунды — буллезді пемфигоид, жүре пайда болған буллезді эпидермолиз;
  • туа біткен — буллезді эпидермолиз, эпидермолитикалық гиперкератоз;
  • инфекционды — герпес, қарапайым герпес, импетиго;
  • аллергиялық — синдром Стивенса–Джонсона, токсикалық эпидермальды некролиз.

Морфологиялық бөртпелердің табиғатын анықтауға көбінесе “витропрессия”- зақымданған тері үстін әйнекпен басу көмектеседі. Ол эритематоздық дақты геморрагиялықтан ажыратуға, тамырдың тұрақты кеңейгенін табуға мүмкіндік береді. Терінің қабыршақты өзгерістерінің диагнозын анықтау үшін қабаттап тырнау тәсілі қолданылады (қандауырмен). Осы тәсіл арқылы қабыршақтардың тез түсетіндігін немесе оларды зорлап түсіруге эпидермистегі көзге көрінбейтін өзгерістерді байқауға болады. Аурудың инфекциялық табиғатын анықтау үшін терінің зақымданған ошақтарынан қабыршақтарды, түктерді, көпіршіктің қақпағын немесе сұйықтығын, эрозиялар мен жараның бетіндегі сірнені алып, бактериоскопиялық және бактериологиялық жолмен зерттеу қажет болады. Клиникалық белгілердің арқасында аурудың диагнозын анық қойылмаған жағдайда, зақымданған теріден кесіп алып (биопсия( гистопатологиялық зерттеу жасалады.

Бөртпелердің жұқпалы сипатын әр түрлі белгілермен негіздейді:

  1. Жалпы интоксикациялық синдром (дене температурасының жоғарылауы, әлсіздік, бастың ауруы, кейде құсу);
  2. Белгілі бір ауруға тән симптомдар (қызамық кезіндегі шүйде лимфадениті, қызылша кезіндегі Бельский-Филатов-Коплик дақтары);
  3. Жұқпалы ауруларға ағымының циклді өтуі, аурудың жанұяда, ұйымдарда болу жағдайлары тән.

Бөртпемен жүретін аурулардың дифференциалды диагностикасында, бөртпе элементтерін дәл анықтау қажет. Бөртпенің пайда болу уақытын, локализациясын, санын, бөртпелердің қосылуға бейімділігін, элементтердің моно немесе полиморфизмін ескеру қажет.

Алты “біріншілік” бөртпелерді ажырату қабылданған:

  1. қызылша;
  2. жәншау (скарлатина);
  3. қызамық;
  4. жұқпалы мононуклеоз;
  5. жұқпалы эритема;
  6. балалар розеоласы.

Бөртпелері бар келесі төменде жазылған ауруларды ажырата білу керек. Әрір ауруға тек қысқаша ғана сипаттама берілген. Қажет болса, толықтай материалға ауысып, әрбір ауруды нақтырақ қарап шығуға болады

Қызылша. Қызылша қоздырғышы Polinoza morbiilliorum paramyxoviridae вирусы, тұрақты антигендік қасиеттері бар. Пантропты қасиеті бар, бірақ лимфоидты, ретикулоэндотелилды тіндерге, тыныс жолдары, асқазан-ішек жолдары және нерв жүйесі клеткаларына таңдамалы әсер етеді. Қызылша вирусының құрамында РНҚ — полимераза бар. Қызылша вирусы сыртқы ортаға сезімтал: жарық 8-10 минут әсер еткенде өледі, температура 560 С-та 30 минут ішінде, ал 370 С –та 2 сағат ішінде өледі. Инфекция көзі тек ауру адам. Таралу жолы ауа — тамшы арқылы таралады.
Бірінші күннің соңында немесе екінші күні ауыз шырышты қабаттарында, жұмсақ таңдайда нүкте тәрізді геморрагиялық преэнантемалар шығады. 2-3 күні Бельский-Филатов-Коплик дақтары пайда болады. Олар 2-3 күн сақталынады. Бөртпе шығу кезеңі 3-4 күн. Қызылшада бөртпе кезеңмен шығады, макуло — папулезды қосылып кетуі мүмкін. Бөртпеден кейін пигментация, қабыршақтанып түлеу пайда болады. Бөртпе элементтері кейде қосылып, тегіс дене қызаруы пайда болуы мүмкін. Бөртпенің бірінші элементтері құлақ артында, кеңсірікте, сосын бетте, мойында қаптайды. 2-ші күні бөртпелер денені, қолды, 3-ші күні – аяқты, білезіктерді, табандарды қамтиды. Бөртпенің сипаты папулезді, жиі дақты — папулезді. Элементтері домалақ, қосылуға бейім болады. Инфекция көзі инкубациялық кезең соңындағы және катаральды кезеңдегі ауру адам. Егер асқыну дамыса аурудың тарауы ұзарады.
Вирустың ағзаға ену жолы жоғары тыныс жолдарының шырышты қабаты, конъюнктива болып табылады. Вирус шырыш асты қабатқа еніп, кейін лимфа түйіндеріне жетіп, біріншілік репродукция дамиды. Нәтижесінде вирус қанға түседі. Вирустың қанда максимальды концентрациясы бөртпенің бірінші күні байқалады. Бөртпенің үшінші күнінен бастап вирус бөлінуі азайып, бесінші күні қанда анықталмайды. Емі үй жағдайында жүргізіледі.Ауру ауырлығына байланысты госпитализацияланады. Ауруды желдетілген жеке бөлмеге ауыстырады. 7–10 күн төсектік тәртіп тағайындалады. Тамақтану витаминге бай, сұйықтықты көбірек ішу қажет.Тері күтімі, ауыздың шырышты қабатын және көз күтімі жүргізіледі. Аскорбин қышқылын, ретинол, антигистаминді препараттар қолданылады. Ауыр жағдайда антибиотиктер тағайындалады.

Жәншау (скарлатина) А тобындағы В-гемолитикалық стептококкпен шақырылатын инфекция. Интоксикациямен баспамен жергілікті лимфаденитпен және ұсақ нүктелі бөртпенмен сипатталады. Жәншауда 1-2-ші күндерінде пайда болып, бірнеше сағатта денеге тарайды. Бөртпе шығу кезеңінде тері жабындылары кұрғақ және бұдырлы болады. Көбінесе инфекция ауа-тамшылы жолымен беріледі,бірақ кейде үшінші адам немесе заттар арқылы жұғуы мүмкін. Аурушылдық күзде не қыста жоғарлайды,жиі 4–7 жасар балалар аурады.Инфекцияның ағзаға ену жолы мұрын-ауыз, зақымдалған тері. Ауру басталғаннан бірнеше сағаттан кейін терінің қызарған жерлерінде ұсақ нүктелі бөртпе пайда болады. Бөртпелер қол-аяқтың бүгілетін жерлерінде, кеудемен іштің төменгі бөлігінің алдыңғы және бүйір беттерінде шығады. Терінің табиғи қатпарларында бөртпе айқынырақ болып, ұзақ сақталады да, бұл жерлерде қоңыр — қызыл жолақтар пайда болады (Пасти симптомы). Бөртпе мұрын-ауыз үшбұрышында (Филатов үшбұрышы) болмайды. Бөртпенің сипаты – ұсақ нүктелі, диаметрі 1-2 мм-ге дейінгі розеолалар гиперемияланған тері фонында орналасады. Бөртпе бірінші күні алқызыл, соңынан кызғылттанады. Бөртпелер көбінесе петехиалды элементтерде кездеседі. Бөртпе 3-ші күндері түлеумен және геморрагиялық жолақ пайда болуымен жоғалады. Жәншаудың ауыр түрінде бөртпе элементтері полиморфты болады.
Емі. Төсектік тәртіп, науқастарға витаминді тағамдар, көже (сұйық ботқа,айран) беріледі.
Антибиотиктер тағайындалады (пенициллин б/е немесе феноксиметилпенициллин пероральді
(50 мг/кг дене салмағына), аллергия болса, орнына макролид, цефалоспорин, линкомицин гидрохлорид және т.б тағайындалады. Дезинтоксикациялық терапия – сұйықтық ішу
және т/і (реосорбилакт, 5 % глюкоза ерітіндісі, жүрек-тамыр препараттары) қолданылады.
Барлық науқастарға антигистаминді препараттар (супрастин, фенкарол, лоратадин,
цитрин, эриус, телфаст) қолданылады.

Қызамық. Бөртпе алдымен мойынға, шаш арасына, тегіс денеге, қол-аяққа шығады. Бөртпелер аяқ-қолдың жазылатын беттерінде, арқада, жамбаста орналасады. Алақан мен табанда бөртпе болмайды. Бөртпе 2-4, сирек 5-7 күн сақталады, соңынан пигментациясыз және түлеусіз жоғалады. Бөртпенің сипаты: ұсақ дақты, папулезды түсі ашық – қызғылт дақтар қосылуға бейім емес, мөлшері 2-5 мм. Инфекция көзі ауру адам, ауру ауа- тамшылы жолмен тарайды. Ауру бірінші күннен бастап бөртпе пайда болғанға дейін, яғни бесінші күнге дейін жұқпалы болып саналады. Туа пайда болған қызамықпен ауыратын бала бірнеше айдан 1,5 жылға дейін және одан көп уақытқа дейін жұқпалы болып саналады. Жиі 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауырады, кейде үлкендер де ауырады. Ауру өзінен кейін тұрақты иммунитет қалдырады. Қызамық вирусы жоғары тыныс жолдарының шырышты қабаттары арқылы еніп тері және лимфа түйіндерін зақымдайды.
Емі. Қызамықтың спецификалық емі жоқ. Симптоматикалық препараттар қолданылады. Энцефалитпен ауыратын науқастарға вирусқа қарсы препараттар, гормон, интерферон, патогенетикалық терапия жүргізеді.

Жұқпалы мононуклеоз. Жедел инфекциялық ауру Эпштейн–Барр вирусымен шақырылады. Зақымдалу ауа-тамшылы жолмен инфицирленген сілекей арқылы жұғады. Ауру басталуы жедел, дене температурасының жоғарылауымен, лимфа түйіндерінің үлкеюімен және тонзиллит пайда болуымен жүреді. Науқаста ауыз- жұтқыншақ зақымдалуы, мұрынмен тыныс алу қиындайды. Науқастың беті және қабағы ісінген, бала ауыз арқылы тыныс алады. Аурудың өршуі кезінде теріде әр түрлі бөртпелер шығуы мүмкін. Бөртпе нүктелі (жәншау тәрізді), дақты-папулезды (қызылша тәрізді), уртикарлы, геморрагиялық болуы мүмкін. Бөртпелер көбінесе науқастың денесінде пайда болады. Ауыз қуысының шырышты қабаттарында энантемалар мен петехиялар пайда болады.
Емі: Спецификалық терапия жоқ. Емі симптоматикалық. Көкбауыр жарылып кету қаупі болғандықтан физикалық жүктеме 2 айға шектеледі. Орташа және ауыр ағымда науқастар госпитализацияланады. Жеңіл түрінде үйде емделуге болады.

Жұқпалы эритема. В19 парвовируспен шақырылатын ауру тобы. Ауру респираторы инфекция тобына жатады, жөтел, түшкіру кезінде, ортақ заттар арқылы жұғады. Ауру симптомдары ауру уақытына, вирус дозасына, жасқа, қосымша патология түріне байланысты болады. Ерте белгісі тұмау тәріздес басталады, яғни дене температурасы жоғарылайды, түшкіру, қалтырау, бас ауруы дамиды. Аурудың алғашқы күндерінен бастап бетте бөртпелер шығады. Алдымен ұсақ дақтар түрінде, одан кейін бір-бірімен қосылып, көбелек тәрізді пішінді эритема пайда болады. Науқастың денесінде, аяқ-қолдарында да бөртпелер шығуы мүмкін. Бөртпе балаларда ересектерге қарағанда жиі дамиды. Негізгі симптомдарының бірі буындардың ауырсынуы. Жиі білек, аяқ буындары ауырады.
Емі : Төсектік тәртіп сақтау, сұйықтық көптеп ішу, вирусқа қарсы және симптоматикалық заттар қолданылады.

Балалар розеоласы. Жиі екі жасқа дейінгі кішкене балаларда дамитын инфекция. Дене температурасы 39-40,5С жоғарылайды, құсу, жөтел, іш өту байқалады. Дене температурасының күрт төмендеуі төртінші күні болады, кейін 10-20 сағаттан соң бүкіл денеде қызғылт папулезды бөртпелер пайда болады. Аурудың төртінші күнінде ең бірінші кеудеде, іште, бірнеше сағаттан кейін бүкіл денеде маккулопапулезды бөртпелер шығады. Бөртпелерден кейін пигментация және түлеу болмайды. Қосымша симптомдар: мойын, құлақ арты лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бала әлсіз, тамақтануы қиын.
Емі: Спецификалық емі жоқ. Дене температурасы жоғарылаған кезде ыстық түсіргіш дәрілер (парацетамол, нурофен) береді, сусыздану болмауын қадағалау қажет. Бөлмені желдетіп тұру қажет.

Менингококкты инфекция. Менингококкты инфекция қоздырғышы менингококк болып табылады. Оның формасы сфера тәрізді. Қоздырғыш сыртқы ортаға төзімділігі нашар болғандықтан тез өледі.
Негізгі ену жолы – тыныс алу жолдарының шырышты қабаты. Менингококкты инфекция – антропонозды ауру, ауа-тамшы арқылы дмитын және клиникалық көрінісі кең ауру тобы. Инкубациялық кезеңі менингокок организмге енгеннен кейін 2 – 10 күн, орташа есеппен 4-6 күн. Менингококкты инфекцияға төмендегі топтар жатады: жедел назофарингит,іріңді менингит,менингококкемия. Назофарингит түрінде өтетін менингококкты инфекция көбінде іріңді менингиттің продромальды кезеңі болып табылады. Назфарингитпен ауыратын науқаста дене қызуының аздап көтерілгені, жалпы әлсіздік, басының ауыруы көрінеді. Науқастың мұрны бітеді, мұрынмен тыныс алу қиындайды, Мұрынның шырышты қабаты гиперемияланған, аздап ісінген. Ауру басталғаннан 6-24 сағат өткенде денесінде бөртпелер шығады. Бозғылт-сары тері фонында бірінші элементтер пайда болады — розеолалар, папулалар, жұлдыз тәрізді бөртпе олар тез дұрыс емес формадағы геморрагияларға айналады, ұлғаюға бейім болады. Бөртпе элементтері көбінесе аяқ, қолда, денеде, бетте, бөкседе орналасады. Егер олардың некрозы дамыса, ауыр жазылатын жаралар пайда болып тыртыққа айналады.
Емі: Менингококкты инфекцияны емдеуде жақсы нәтижені пенициллинотерапия береді. Егер менингитке күдік туса, науқас бензилпенициллин қабылдау керек. Дозасы 200000 ӘБ кг/тәулік бұлшықетке. Емдеу курсы 5-8 күн

Желшешек. Контагиозды индексі өте жоғары, 10 жасқа дейінгі балаларда жиі кездесетін, теріде және шырышты қабаттарда ұсақ көпіршіктердің пайда болуымен аздап жалпы улану белгілерінің болуымен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Герпес тұқымдасына жататын құрамында ДНК бар вируспен шақырылады. Бөртпенің негізгі ерекшелігі – бұл элементтердің әртүрлілігі, бірақ міндетті түрде ішінде суы бар көпіршіктің болуы. Негізгі тарау жолы ауа-тамшылы және трансплацентарлы. Бала желшешек вирусын өте тез қабылдағыш келеді. 6 айға дейінгі балалар желшешекпен өте сирек ауырады, себебі оларда шешесінен алған пассивті иммунитет болады. Жүктілік кезінің соңғы 5 күнінде шешесі желшешекпен ауырса, онда ол ауыр түрде өтеді. Ал жүктіліктің ерте кезінде ауырса ұрықтын зақымдануына әкеледі, вирустың тератогендік әсері анықталған. Желшешектің туа пайда болған түрі баланың өмірінің 10 күніне дейін білінеді. Жиі желшешекпен 2-7 жастағы балалар ауырады. Ересек адамдар балаларға қарағанда желшешектің ауыр түрімен ауырады. Жиі госпитальді инфекция болып саналады. Суық мерзімде жиі кездеседі. Желшешекпен ауырған соң тұрақты иммунитет қалыптасады. Аурудын қайталап кездесуі өте сирек (3%). Вирустың кіру есігі — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаты. Инкубациялық кезеңнің соңында вирус қанға өтіп, тері мен шырышты қабаттардың эпителиалды клеткаларына отырады. Тері эпителиінде қабыну пайда болады: тікенек тәрізді қабаттың дискомплексациясы және вакуолизациясы болады, клетканың гиперплазиясы және көп ядролы клеткалы синцитилар түзіледі. Эпидермис клеткаларының некрозы және тін аралық сұйықтықтың жиналу нәтижесінде дерма ішілік көпіршіктер пайда болады, бастапқы кезінде көп камералы сосын бір камералы болады. Шырышты қабаттардың эпителиі түлеп түсіп, мацерацияға ұшырап эрозиялар пайда болады. Көпіршіктер кері дамығанда сұйықтық сіңірлерді және құрғақ қабық пайда болады. Инфекцияның персистенциялы сақталуы мүмкін деп санайды. Қолайсыз факторлардың әсерінен ол вирус активтеліп орама герпес түрінде жергілікті зақымдалу береді. Кей кездерде бауырдың, бүйректің, өкпенің, сүйек миының бүйрек үсті безінің қыртысты қабатының, ұйқы безін және тимустың зақымдалуы мүмкін. Желшешек ауыр түрде өтуі және висцералді органдардың зақымдалуымен өтуі Т-тәуелді лимфоциттердің тежелуі салдарынан, имунологиялық реакциянын төмендеуіне байланысты деп санайды.Ауру әсіресе инкубациялық кезеңнің соңында 1 күн және бөртпе шығу кезеңінде адамға өте жұқпалы. Соңғы бөртпе шықаннан соң 5 күннен кейін жұқпалы емес. Көпіршік 1-2 күн ішінде көбейеді. Теріде макуладан-қабыршаққа дейінгі әр түрлі кезеңдегі бөртпелерді көруге болады. Бөртпе бетте, шаш арасында, денеде, аяқ-қолдарда орналасады, өзінен кейін қоңыр түсті дақ қалады. Жарылған көпіршік орнындағы қабықтың түсі қызғылт-қоңыр түсті болады. Нейротоксикоз, мұрыннан қан кету байқалады.

Емі: Көпіршіктерді 1-2% перманганат калий ерітіндісімен немесе 1% бриллиант жасылымен өңдейді. Ауызды дезинфекциялық ерітінділердің әлсіз қосындысымен шаю керек. Іріңді асқынулар дамыған кезде антибиотиктер салынады. Вирусқа қарсы препараттарды ацикловир, ациклогуанозин қолданылады. Бөртпе шыққаннан бастап 11-21 күн оқшаулау қажет.

Аллергиялық бөртпе. Аллергиялық бөртпе ағзаның аллергендерге (дәрі, тамақ, өсімдік т.б.) жоғары сезімталдылығына байланысты пайда болады. Бөртпе сипаты әр түрлі дақты, дақты-папулезды, орташа және ірі өлшемді болады. Бөртпе үнемі қышиды. Барлық аймақта бетте, денеде, аяқ-қолда болады. Қасығанннан кейін эрозиялар мен қанды қабыршақтар пайда болуы мүмкін.

Бөртпелерді ажыртау диагностикасы

Дақты-папулезды вирусты экзантемларды ажыртау

бөртпелер

Везикулезды және папулезды вирусты экзантемларды ажыртау

бактериалды бөртпелерді анықтау

Бактериальды экзантемалар

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...