Жай герпес. Жүктілік кезіндегі герпес инфекциясы

Жай герпес

Осы материалды оқып бастамас бұрын Герпес вирусы жайлы толықтай материалан оқып кетіңіз.

Этиологиясы. Жай герпес вирусы  ДНҚ  құрамды herpesviridae тұқымдасының  alphaherpesviruses туысына жатады. Жоғары цитопатикалық белсенділік көрсетеді. Вирус термолабильді, эфир және УФО-мен әсер еткенде инактивацияланады, бірақ төмен температура мен кептіруге төзімді. Олар клетка ішілік паразиттер болып табылады. Бірнеше жыл немесе өмір бойы орталық немесе шеткері нерв жүйесі ганглилерінің клеткаларында персистирленеді. Адам өмір жолында герпес вирустың жаңа штамдарымен бірнеше рет қайта инфицирленеді.

Герпес дамуына әсер ететін факторлар:

  • ультракүлкін әсері;
  • тері зақымдануы мен қабынуы, лихорадкалық инфекция;
  • гормоналды өзгерістер;
  • психологиялық факторлар: стресс, қорқыныш сезімі т.б

Эпидемиологиясы. Жай герпес вирусымен әлем халықтарының 90% — тан артығы инфицирленген. Дүние жүзі адамдарының 80%-ы 13 жасқа дейін біріншілік герпетикалық инфекцияны бастан кешетіні анықталған. Инфекция көзі  ауру адам және вирус тасымалдаушы.

  • Қабылдаушылық индексі өте жоғары.
  • Ауырғаннан кейінгі иммунитет тұрақсыз
  • Ауру спорадиялық, кейде бұрқ етулер болуы мүмкін (коллективта, әлсіз балаларда, қысқы мезгілде)
  • Инфекцияның тарауына нашар санитарлық-гигиеналық жағдайлар, халықтың тығыз орналасуы және т.б. ықпал етеді.

Патогенезі. Жұғу жолы қарым-қатынас (тікелей немесе жанама), жыныстық қатынас, ауа-тамшылы, трансплацентарлы, қан құю және тін ауыстыру арқылы. Вирус ерін, ауыз қуысы, көз, гениталийдің шырышты қабатына түседі. Белсенді түрде көбейеді. Инфицирленген жасушалар везикулалар түріндегі некроз ошақтарын түзіп жойылады вирустардың біраз бөлігі біріншілік ошақтан вегетативті түйіндердегі нейрон денелеріне миграцияланады. Нерв клеткаларына өткен соң вирустың ДНҚ-сы жасушаның геномымен интеграцияланады да латентті түрде өмір бойы адам ағзасында сақталады. Аурудың  рецидив беруі вирустың реактивациясына байланысты. Вирустың реактивация механизмдері әлі толық зерттелмеген. Иммундық  жауаптың генетикалық ерекшеліктері, макрофагтар, Т-лимфоциттердің белсенділігінің төмендеуі, сонымен қатар интерферонның аз өндірілуінің рөлі айтарлықтай орын алады.
Сонымен қатар вирустың реактивациясы мен репродукциясына суық тию, инсоляция, глюкокортикоидтар мен цитостатиктеді, сәулелік терапияны қолдану да ықпал етеді. Нерв жасушаларының тармақтары бойымен вирустың популяциялары нерв ұштарына жетіп тері капиллярларының эндотелиі мен эпителиалды клеткаларға енеді. Содан соң везикулаларды түзе отырып репродукцияланады. Иммунды тапшылық болса вирустың активациясы жиілейді, үрдіске жаңа нерв түйіндері қосылады. Локализациясы өзгеріп, тері мен шырышты қабаттардағы ошақтар көбейеді. Ауыр иммунды тапшылықта вирусемия дамып, орталықтанған инфекция пайда болып ОЖЖ-ін, бауыр, көкбауыр мен өкпені зақымдауы мүмкін.

Жіктелуі:

Жайылмалылығына байланысты:

  • Жергілікті
  • Диффузды
  • Орталықтанған

Ағымы бойынша:

  • Жедел
  • Абортивті
  • Рецидивті

Патологиялық процестің орналасуына байланысты:

шырышты қабаттың зақымдануы (гингивит, стоматит, тонзиллит)

  • көздің зақымдануы (конъюнктивит, блефароконъюнктивит, кератит, кератоиридоциклит, хориоретинит, увеит)
  • терінің зақымдануы (ерін, мұрын, қабақ, бет, қолдың герпесі)
  • герпетикалық экзема
  • генитальді герпес
  • ОЖЖ зақымдануы (энцефалит, менингоэнцефалит, неврит)
  • вицеральді формалар (гепатит, пневмония)

Жай герпес І түрі.  Ең жиі таралған герпес вирусының түрі, бала ерінінде пайда болып, жалпы әлсіздік және қызбамен жүреді.

Жай герпес ІІ түрі.  Генитальды герпес. Егер анасы генитальды герпеспен ауыратын болса босану кезінде босану жолдары арқылы балаға да жұғады. Бұл герпес түрінде өту ағымы ауыр. Бала герпетикалық ангина және стоматитпен ауыруы мүмкін.

Жай герпес ІІІ түрі. Желшешек вирусы – орама герпес  балада біріншілік зақымдалуда қызамықты шақырады, вирус екіншілік көрініс берсе теміреткіні шақырады.

Герпестің  6- шы  түрінде баланың терісінде қызғылт түсті папулезды бөртпелер пайда болады. Жиі 2 жасқа дейінгі балалар ауырады. Алғашында қызба дамып, кейін 3-6 күн ішінде дене температурасы төмендейді. Дене температурасы түскен соң тері бетінде экзантема, яғни басқан кезде бозаратын 3 мм қызғылт-папулезды бөртпелер пайда болады. Бұндай бөртпе бірнеше сағаттан соң жойылуы немесе бірнеше күн бойы сақталуы мүмкін. Бөртпе денеде болып, мойын және аяқ-қолға тарайды.

Герпетикалық вирус 4, 5, 6- түрі  инфекциялық мононуклеозды шақырады. Ол жедел инфекциялық ауру қызба, баспа, лимфа  түйіндерінің, бауыр және көкбауырдың  ұлғаюымен, лимфоцитозбен көрініс береді.
Цитомегаловирус  герпесвирус тұқымдастығының  6-шы түріне жатады және жиі тараған түрі. Балалар жиі цитомегаловирус инфекциясын балабақшада жұқтырады. Ауру тарауы инфирленген адаммен қарым-қатынаста жұғады. Жиі балалар бұл вируспен құрсақ ішілік зақымдалады. Инфицирленген ортасы қан, зәр, сілекей және т.б биологиялық сұйықтықтар болуы мүмкін. Көбіне цитомегаловирус  сау балаларда симптомсыз өтеді немесе  мононуклеоз клиникасына ұқсас өтеді.

Шырышты қабаттардың зақымдалуы. Жиі 2-3 жастағы балаларда кездеседі. Инкубациялық кезең 1-8 күн, жедел басталады, дене қызуы көтеріледі, қалтырайды, мазасыз, енжар, ауыз қуысындағы ауыру сезіміне байланысты тамақтан бас тарту, сілекейдің ағуы, жағымсыз иістің шығуы. Ауыз қуысының шырышты қабаттары қызарған, ісінген, герпетикалық түзілімдер диаметрі 2-10 мм көпіршіктер, ішінде мөлдір, сосын сары түсті сұйықтық болады. Көпіршік тез жарылып эрозия пайда болады, шеткері лимфа түйіндері ұлғайады. Ағымы 1-2 апта. Кейбір жағдайларда –қайталанбалы.

жай герпес

Жай герпестің көрінісі

Терінің зақымдалуы. Жиі ауыз маңында, мұрында, құлақ қалқанында кездеседі. Жергілікті және жайылған түрлерін ажыратады. Жайылған түрінде дене қызуы жоғарылайды, қалтырау, бас ауруы, енжарлық, бұлшықеттің, буындардың ауруы, құсу, тырыспа байқалады. 2-3 күнде дененің әрбір жерлерінде герпестік бөртпелер шығады. Аурудың ағымы 2-3 апта. Шеткері лимфа түйіндері, бауыр мен көкбауыр үлкейеді

Көздің зақымдалуы-офтальмогерпес. Өте жиі кездеседі. Кейде тек көздің ғана зақымдалуы мүмкін, бірақ көбінесе ауру тері мен шырышты қабаттардың зақымдалуымен қатар жүреді. Фолликулярлы, катаральды немесе көпіршікті жаралы конъюктивит дамиды. Жиі шумақты (қан тамырлы) трактың алдыңғы бөлімінің қабынуымен бірге жүретін терең диск тәрізді герпестік кератиттер ауыр өтеді. Ол көру өткірлігінің төмендеуіне әкеледі.

Генитальды герпес. Жиі жасөспірімдерде, әсіресе ер балаларда кездеседі. Жыныстық жолмен жұғады. Кіші жастағы балаларда ата-анасымен қатынастан кейін жұғуы мүмкін. Бөртпелер жыныс мүшелерінің шырышты қабатында, ұмада, кейде қуық пен несеп шығару каналынында орналасуы мүмкін. Бөртпелер шығуы кезінде қызба, ауырсыну, қышу, күйдіру сезімдері қосылады.

ОЖЖ-нің және ішкі органдардың зақымдалуы. ОЖЖ-і вирусемияның салдарынан ең жиі кездесетін асқынулары энцефалит пен менингит. Жиі жаңа туған балаларда және ерте жастағы балаларда кездеседі. Аурудың өтуі ауыр, қызба, лоқсу, жалпы интоксикация синдромдарымен басталып, кейін есінің нашарлауы, психомоторлық қозу, тырыспа, басқа да өзгерістер дамуы мүмкін. Летальдылық жоғары. Емделгеннен кейін де қалдық белгілер сақталуы мүмкін (интеллект төмендеуі, дәм мен иіс сезудің бұзылыстары байқалады).

Ішкі органдардың зақымдалуы әдетте герпетикалық инфекцияның басқа да көріністерімен қатар жүреді. Кейде жеке түрде де кездеседі. Пневмония, эзофагит, паренхиматозды гепатит, энтероколит, нефрит дамуы мүмкін. Жиі аралас вирусты- бактериалды формада өтуі мүмкін.

Герпетикалық инфекция мен жүктілік

Ұрықтың жатырішілік  жұқтыруы  виремия кезінде немесе жүкті әйелдің өрлеуші жолмен енген генитальды герпесі кезінде байқалады. Ұрықта генерализденген ауру дамиды, яғни терінің, шырышты қабаттардың, көздің, ОЖЖ-нің, басқа да ішкі мүшелердің ауыр зақымдануы жүреді. Аурудың салдарынан ұрықтың жатырішілік немесе туғаннан кейін көп ұзамай өлуі мүмкін. Бала тірі қалғанның өзінде ауыр резидуальды көріністер (микроцефалия, микроофтальмия) қалыптасады. Жүктіліктің ерте кезеңінде жұқтырса жүктілік дамымайды немесе түсік тастау болады.

Жаңа туған балалардағы  герпетикалық инфекция

Жаңа туған балалар анасының туу жолдарынан, медициналық персоналдан, отбасы мүшелерінен жұқтыруы мүмкін. Аурудың ағымы ауыр, интоксикация синдромы айқын. Инкубациялық кезеңі  5-10 күн. Алғашқыда теріде және шырышты қабаттарда герпетикалық бөртпелер пайда болады. Кейін орталықтанған түрге ауысып ішкі органдардың ауыр зақымдануы дамиды. Арнайы ем қолданбаса болжамы нашар, ТШҚУ синдром, ОЖЖ-нің зақымдалуы, бауырдың массивті некрозы дамиды.

Диагностика. Герпестік инфекцияның типтік формаларын клиникалық белгілеріне және эпидемиологиялық мәліметтерге сүйене отырып диагностикалау қиын емес. Диагнозды нақтылау үшін лабораторлық зерттеулер: биологиялық субстраттардың вирусологиялық, цитологиялық зерттеулері арқылы арнайы қосындылары бар алып клеткаларды анықтау; серологиялық зерттеулер көмегімен АД-ді анықтау, ИФА, ПЦР реакциялары қолданылады. Герпестік инфекцияларды  саңырауқұлақтық аурулардан, мерезден, аденовирусты инфекциялардан ажырату керек.

Емі. Негізгі ем аурудың клиникалық формасына, локализациясына, ағымына байланысты жүргізіледі. Герпетикалық инфекция емі ретінде иммуностимулятор, интерферон және вирусқа қарсы препараттар қолданылады. Емді ауру көрінісі басталған кезден бастап шұғыл түрде жүргізу қажет. Бала сұйықтық көп ішіп, дене температурасы жоғарылаған кезде  дене температурасын түсіретін сироп ішуі қажет.
Ең әсерлі препарат — ацикловир. Препаратты пероральды және парентеральды қолдануға болады. Генерализденген формаларда ацикловирді көк тамырға енгізеді. Емдеу курсы 7-10 күн. Тамыр ішіне  30-60 мг/кг бала салмағына сай қолданылады, ауыз арқылы  – 90 мг/кг. Дәріні қабылдауды 3-4 бөлікке бөлу қажет.10-12 жастағы балаларда валацикловир, фамцикловир, ганцикловир, натрий фоскарнеті, рибавирин кең қолданылады. Бұл препараттардың барлығы тек вирусостатикалық әсерге ие.
Тері мен шырышты қабаттардың жергілікті зақымдалуларында  вирусқа қарсы әсер ететін жақпамайлар (оксалин майы және тетрабромтетрагидроксидифенил) және кремдер (рибаварин қосылған) қолдануға болады.
Кератиттер кезінде инстилляция және жақпамай түріндегі альфа интерферон қолданады.
Тамақ ішкен кездегі ауырсынуды азайту үшін ауызды жергілікті анестетикалық ерітінділермен шаю ұсынылады.
Айқын иммунды тапшылық болса герпес вирустарды тежейтін интерферон альфа 2б-ны қолдану керек. Ауру жиі қайталанатын болса иммунолог дәрігеріне қаралған жөн.

Алдын алу. Арнамалылығының төмендігіне байланысты герпеске қарсы вакциналардың қолданылуы шектелген. Инфекцияның таралуының алдын алу үшін арнайы емес алдын алу шаралары: гигиеналық шаралар, санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізіледі. Жатырішілік жұқтырудың алдын алу үшін жүкті әйелдерді ерте мерзімде тексеру қажет, босанар алдында генитальды герпеске күдік болса кесерево жасау керек. Жаңа туған балаларды күту кезінде жеке бас гигиенасын сақтау керек. Рецидивтерді болдырмау үшін реконвалесценция кезінде витаминдер, өсімдік адаптогендерін қолдануға болады.

Герпес тақырыбына байланысты келесі материаларды да оқи кетіңіз:

  1. Герпес инфекциясы жайлы жалпы мағұлмат
  2. Герпестің неврологиялық асқынуы
Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...