Орнитоз

Орнитоз

Орнитоз – қызба, интоксикациямен, өкпе, ОНЖ зақымдалуымен, бауыр мен көкбауыр ұлғаюымен сипатталатын жедел инфекциялық ауру.

Этиологиясы: қоздырғышы – хламидия, Chlamidia psittaci, адам организмінде клетка ішінде дамиды. Сыртқы ортада 2-3 аптаға дейін сақталады.

Эпидемиологиясы: Орнитоз – зоонозды инфекция. Ауру көзі – жабайы, синантропты, үй құстары. Науқас адам қауіп тудырмайды. Көбінесе орта және ересек жастағы адамдар ауырады.

  • Тарау жолы: аэрогенді (ауа-шаң арқылы)
  • Маусымдылығы: суық жыл мезгілінде жиі кездеседі.
  • Аурудан кейінгі иммунитет тұрақсыз, қайталап ауруды жұқтыру мүмкіншілігі бар.

Патогенезі. Инфекция организмге тыныс жолдарының шырышты қабаты арқылы енеді. Қоздырғыш ұсақ бронх пен бронхиолаға кіріп, ал шаңның ұсақ бөлшектері альвеолаларға дейін жетіп қабыну процесін тудырады. Хламидиялар әрі қарай клеткаға еніп, көбейе бастайды. Тез арада хламидиялар қанға өтіп, жалпы интоксикация симптомы және әртүрлі мүшелердің (бауыр, көкбауыр, нерв жүйесі, бүйрекүсті безі) зақымдалуына әкеледі. Кейде инфекцияның кіру қақпасы ретінде асқорыту жолының шырышты қабаты – жіңішке ішек болуы мүмкін. Бұл кезде қоздырғыш қанға өтіп, интоксикация мен әртүрлі мүшелердің зақымдалуына әкеледі. Соның салдарынан ауру атипті түрде, яғни өкпе зақымдалуынсыз жүреді.

орнитоз ауруы қазақша

Орнитоз ауруының қоздырғышын тасымалдаушылар құстар болып келеді

Клиникасы. Инкубациялық кезең 6-17 күн (кейде 8-12 күн).

Жіктелуі:

  1. Жедел: а) типті (пневмония)

б) атипті (менингопневмония, орнитозды менингит, өкпе зақымдалуынсыз орнитоз, инапарантты)

  1. Созылмалы: — созылмалы орнитозды пневмония
  • созылмалы орнитоз өкпе зақымдалуынсыз

Типті формасы жедел басталады, дене температурасы 390С, қалтырау, әлсіздік, қатты бас ауру, арқа және аяқ-қол бұлшықетінің ауырсынуы байқалады. Барлық науқастардың тәбеті нашарлайды. Аурудың 2-4 күндері өкпенің зақымдалу белгілері – құрғақ жөтел, кеудеде ауырсыну, кейіннен аз мөлшерде шырышты-іріңді жалқақ, қан аралас қақырық бөліне бастайды. Интоксикация мен қызба сол деңгейде сақталады немесе біраз көтеріледі. Бірінші апта соңында барлық ауырғандарда бауыр мен көкбауыр ұлғаяды, бірақ сарғаю болмайды. Интоксикация 7-10 күн сақталып, кейін азаяды. Жалпы әлсіздік, вегетативті-тамырлы бұзылыстар байқалып, аздаған физикалық жүктемеден кейін тез шаршау байқалады. Ауыр және орташа ауыр формасында толық сауығц 2-3 айда болады. Кейде созылмалы түрге айналу мүмкін.

Жедел орнитоздың атипті ағымында пневмония фонында менингеалды синдром байқалады – менингопневмония. Ауру ұзақ басталады, қызба 3-4 аптаға дейін сақталады, ОНЖ өзгерістер байқалмайды.

Орнитозды менингит – жедел орнитоздың атипті формасының бір түрі. Дене температурасы жоғарлайды және интоксикация болады. 2-4 тәулікте менингеалды симптомдар қосылады (қатты бас ауру, желке бұлшықетінің ригидттілігі, Керниг, Брудзинский симптомы оң болуы). Өкпеде өзгерістер жоқ. Өкпе зақымдалуынсыз болатын орнитоз жедел, дене температурасының жоғарлауы (390с дейін) және бүкіл денеде ауырсынумен басталады. Бірінші апта соңында бауыр мен көкбауыр ұлғаюы байқалады. Сондай-ақ жедел орнитоз ешбір клиникалық белгілерсіз формада өтуі мүмкін.

Асқынуы: жедел жүрек жетіспеушілігімен дамитын миокардит, тромбофлебит, өкпе артериясының тромбоэмболиясы, гепатит. Екіншілік инфекция қосылғанда іріңді отит, неврит дамуы мүмкін.

Диагностикасы. Ауру диагнозы эпидемиологиялық және клиникалық көрсеткіштерге қарай қойылады. Лабораторлы зерттеу: ИФА, жұпты сарысу әдісі бойынша, ең сезімтал әдіс – жұғындыда ДНҚ молекуласының спецификалық ферменті бойынша хламидияны табу (ПЦР).

Салыстырмалы диагностикасы: типті түрін басқа этиологиялы пневмониямен, өкпе туберкулезімен, менингеалды формасы туберкулезді және вирусты менингитпен жүргізіледі.

Орнитоз емі. Тетрациклин тобындағы антибиотиктер – вибромицин, доксициклин, тетрациклин 0,3-0,5 г 4 рет/тәулігіне 4-7 күн дене температурасы қалыпқа келгенше тағайындалады. Қажет болғанда ем 9-10 күнге созылады.

  • Эритромицин 500 мг *4 рет тәулігіне немесе Сумамед дәрісі де тиімділік көрсетеді.
  • Дезинтоксикациялық терапия жүргізіледі, муколитиктер тағайындалады.
  • Реконвалесценция кезеңінде физиоем көрсетілген.
  • Созылмалы түрге ауысу қаупі байқалса, антибиотиктермен емдеуді қайтадан бастайлы және иммуномодуляторлар тағайындалады.

Жазылған соң диспансерлік бақылауда кем дегенде 1 жыл бақылауда болады.

Орнитоз профилактикасы. Арнайы профилактикасы жоқ. Бейспецификалық профилактикасына жатады:

  • үй құстары арасында орнитозбен күресу
  • көгершіндер санын бақылау
  • көгершіндермен қатынасты шектеу
  • құс фабрикасында санитарлық-ветеринарлық шара жүргізу
  • елге құс келгенде карантинді шаралар қолдану

 Жазған: Еркебулан Молдаханов

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...