Оқ жарақаттары

Атылған оқ жарақаттары

Оқ-дәрінің (патрондардың, артиллерия снарядтарының, миналардың, гранаттардың, жарылғыш заттардың) және оның бөліктерінің (капсюльдер, тұтандырғыштар, детонаторлар) жарылуынан бастап атылатын қарудың барлық түрінен салынатын жарақаттар оқ тигендегі жаралар деп саналады. Бұл жарақаттар сипаты жағынан алғанда мейлінше алуан түрлі. Олардың көпшілігі таза механикалық жарақаттар болып табылады. Ал басқалары механикалық факторлардың ғана емес, оның үстіне атыстың немесе жарылыстың температуралық, химиялық факторларының да әсер ететіндігінен аралас жарақаттар да болуы мүмкін.

Сот медицина сараптамасын жүргізгенде сарапшының осы жарақаттардың сипаты мен механизміне, қолданылған снаряд пен оқ атылған қаруға, атылған қашықтыққа, зақым келтірілген атыс санына, оқтың кірген және шыққан жеріне, жара жолының бағытына, т.б. қатысты бірқатар сұрақтарға жауап қайтаруына тура келеді. Ал оқ тигендегі жарақаттардың сипаты көптеген себептерге, бірінші кезекте қару мен оқ-дәрінің ерекшеліктеріне байланысты болады.

Оқ тиген жарақаттар

Атылатын қару артиллерия және атыс қаруы болып бөлінеді. Атыс қаруы топтық (пулеметтер, минометтер) және қолға ұстайтын (жеке) қарулар болады. Бейбіт кезде сот-медицина тәжірибесінде кездесетін оқ тигендегі жарақаттың басым көпшілігі қолға ұстайтын қарумен жасалады. Қолға ұстап ататын қарулар жауынгерлік (ұрыс винтовкалары, карабиндер, тапанша-пулеметтер, тапаншаларп мен револьверлер), спорт (шағын калибрлі винтовкалар, тапаншалар, револьверлер), аң аулайтын (бір оқпанды, қос ауызды), арнаулы мақсаттағы (дабыл беретін тапаншалар – ракета атқыштар, старт тапаншалары), ақаулы (шолақ мылтықтар), қолдан жасалған қаруларға бөлінеді.

Жауынгерлік атыс қаруы иір ойықты болып табылады. Оның оқпанының ішкі бетінде бұранда тәрізді иәр ойықтары болады, олар оқты айналдырып қозғалтады. Иір ойықтар арасындағы аралық жерлер иір ойық өрістер деп аталады. Қарама-қарсы өрістер аралығындағы қашықтық қарудың калибрі деп аталады.
Жауынгерлік патрондар оқтан, дәрі салған гильзадан және жарылғыш зат салынған капсюльден тұрады. Қорғасын (қазіргі кезде ондай оқтар аңшылық және спорт қаруларында болады) қабықты (қабығы мыстан, мельхиордан, өзегі қорғасыннан жасалатын), оқтар, арнаулы мақсаттағы оқтар (жарқырағыш, бронды бұзғыш, жарылғыш, өртегіш), қолдан жасалған оқтар болып бөлінеді. Сонымен бірге оқ түтінді және түтінсіз болады.

Атылған кезде оқпаннан оқтан басқа да заттар атылып шығады. Олар мыналар:

  • Қызған газдың ауадағы оттегімен реакциясынан түзілетін жалын;
  • Газ;
  • Ыс;
  • Жанып кеткен және шала жанған тығындар;
  • Оқпан ұңғысынан, оқтан, гильзадан ұшқан металл бөлшектер;
  • Егер қару майланған болса, мылтық майларының тамшылары.

Оқ жақын жерден атылған жағдайда бұл қосымша факторлар кедергіге әсер етіп, зерттеу кезінде табылуы мүмкін.

Оқ ішінде сұйық немесе қоймалжың нәрсе бар мүшеге тиген жағдайда оқтың гидродинамикалық әсер ететіні байқалады. Мұның себебі – бұл мүшелер (толып тұрған қуық, диастола жағдайындағы жүрек, бас) оқ тиген кезде екінің бірінде жарылып кетеді. Оқтың гидродинамикалық әсері сұйық немесе ми сияқты қоймалжың заттың іс жүзінде сығымдалмайтындығына, оқтың энергиясын бірдей күшпен барлық жаққа беретіндігіне, сөйтіп көп жерден жарылуға себепші болатындығына байланысты.

Оқ тигендегі жарақаттарға сот-медицина сараптамасын жүргізген кезде бірқатар сұрақтар туындайды. Олардың ішінде жиі кездесетін сұрақтар мыналар:

  1. Сол жарақат оқ тигендіктен түскен бе?
  2. Қандайы кірген және қандайы шыққан жарақат болып саналады?
  3. Оқ қандай қашықтықтан атылған?
  4. Тұрған адамның денесіне қатынасы жөнінен оқ жолының бағыты қандай?
  5. Оқ қандай қарудан атылған?

Атылған оқ жарақаттары

Оқ жарақаттарының түрлері:

  1. Тесіп өткен жара (сквозное)-кіру және шығу жарасы бар,олар бір бірімен жара каналы (раневой каналар) арқылы байланысады. Бұл жарақат типі оққтың үлкен кинетикалық энергия себебінен немесе жарақат дененің жіңішке бөліктерін болмаса тек жұмсақ тінді зақымданғанда пайда болады.
  2. Соқыр жара (слепое ранение) деп оқтың адам денесінде қалып қою салдарынан пайда болатын жарақат түрін айтады. Бұл көбінесе кинетикалық энергия аздығынан, бастапқы жылдамдықтың аз болу себебінен, оқтың ұшу бағдарының тұрақсыздығынан, конструкциялық ерекшеліктеріне байланысты тіннің тез бұзылысына әкеледі. Тағы бір ерекшелік ол зақымдау объектісіне дейінгі алыс қашықтықтықтан пайда болады.
  3. Жанамалы жарақаттар (Касательные ранения)-оқ денеге кірмей тек ашық жара каналын түзіп,ұзарған жара немесе сызат (ссадина) түрінде болады.Жараның кірген жері домалақтанған,тері дефектісімен немесе шектелген жұлынған тері күйінде болады.Жара кіру жерінде терең ал шығу жерінде жіңішке болады.

Оқ тиген жарақатқа диагноз қою

Оқ тиген жарақаттың тесіп өткен және тұйық жара болуы мүмкін. Тесіп өткен жарақат жағдайында оқ адамның денесі арқылы тесіп өтіп кетеді, ал тұйық жара кезінде оқ тесіп өтіп кете алмайтындықтан, денеде тұрып қалады. Кейде жанап өткен жарақаттар да болады, бұл орайда оқ денені жанап өтіп, жұмсақ ұлпалардың бетін ғана жаралайды немесе жырып өтеді. Ал айнала жаралаған кезде оқ сүйекке тиіп, оның бетімен сырғанай жүріп, сол арқылы дененің белгілі бір бөлігін орап өткен сияқты болады. Орап өтетін жарақат та тұйық және тесіп өткен жарақат болуы мүмкін.

Жоғарыда сипатталған оқ тиген жарақат түрлерінің әрқайсысына сот-медицина диагнозын қоюдың өз ерекшеліктері бар. Сонымен бірге оқ тигендегі тесіп өткен, тұйық және орап өтетін жарақаттардың басым көпшілігіне оқ тиген жарақатты басқа жарақаттардан, бірінші кезекте шанышқан жарақаттардан ажыратуға мүмкіндік беретін белгілі бір диагностикалық белгілер тән. Өлікті сырттай қарап шыққанда оқ тиген жарақаттардың диагностикасы бірінші кезекте шыққан тесігінің секциялық белгілеріне негізделеді.

Іс жүзінде сипатталған белгі жара жиектерін жақындатқан кезде анықталады. Егер жараның жиектері қабынса, жараның ауызын жаппаса, ұлпа ақауы жайында айтуға болады. Ал егер оның жиектері терінің созылуы есебінен қабысса, жараның бұрыштары қатпарланады, бқл да ұлпа ақауын дәлелдейді.
Оқ шыққан тесіктің пішіні бірқатар жағдайларға байланысты. Егер оқ денеге тура тисе, оның шыққан тесігі әдетте дөңгелек болады. Ал егер оқ денеге қиғаштай тисе, ол шыққан тесік сопақша болады. Маңайындағы ұлпалардың қысқаруы, кебуі және т.б. есебінен оқ шыққан тесіктің бастапқы пішіні өзгеруі мүмкін. Сондықтан жараның пішініне ғана қарап, оқтың шыққан тесігі туралы және сол арқылы оқ тиген жарақаттың өзі туралы пікір айтуға болмайды.

Денеге кірген кезінде оқ өзінде бар бөлшектерді (жаққан май іздерін, ыс, дәрі күйесін, татын, т.б.) кірген тесігінің жиектеріне жұқтырып, ол тесіктің айналасына жұғу белдеуін немесе ластану белдеуін жасайды. Соңғысы сұрғылт түсті сақина сияқты болады, оның астынан екінші белдеу – дақты белдеу табылады. Терінің созылғыш болуына байланысты оның оқ кірген тесіктегі көлемі оқтың диаметрінен әдетте 1-2 мм кемірек болады. Терінің өзіне қарағанда оның қыртыс қабаты (эпидермис) онша созылмалы болмағандықтан, оқ кірген тесік маңайында ол шытынап жарылады. Бұл оқ теріні тесіп өткенде оның айналасындағы эпидермистің аршылуына себепші болады.

Жарақат түскен бойда дақты белдеу алқызыл түсті сақина тәрізді болады да, сонан соң ол кеуіп, түсі қошқыл қоңыр тартады. Дақты белдеудің ені 1-2 мм, ал пішіні оқтың кіру бұрышына байланысты болады. Оқ тура тигенде дақты белдеудің бүкіл жиегі біркелкі болып, оқ қиғаштап тиген жағдайда дақты белдеудің түрі жартылай сопақ тартып, оның оқ кірген жағы кеңейе түседі. Дақты белдеуді кезінде Н.И.Пирогов сипаттап жазған.
Айта кеткен жөн, зерттеудің арнаулы әдістерінің көмегімен (Букки сәулесі, химиялық, электрографиялық әдістер арқылы) ысқылану белдеуінен қоқыстар құрамына енетін металлдар табылады. Оны кейде оқ кірген жердегі металдану белдеуі деп те атайды. Оқ киім арқылы өткен жағдайда ластану және металдану белдеулері болмауы мүмкін. Кейде олар оқ кірген тесіктің ішкі жиегінде жіңішке қара жолақ түрінде сақталады. Мұндай жағдайларда бұл белдеулерді киімді зерттеген кезде табуға болады.

Оқтың кірген тесігінен айырмашылығы – шыққан тесігінде әдетте ұлпа ақауы бола бермейді, өйткені бұл жерде оқтың сына тәрізді әсері аңғарылады. Оқ шыққан жерінде теріні алдына қарай конус түрінде созады да, оны ең ұшынан тесіп өтеді. Сондықтан, оқ шыққан ең үлкен жараның жиектері қысқан кезде бір-бірімен қабысады. Осы созылған конустың ұшындағы эпидермис те кейде шытынап, кепкен кезінде дақты белдеуге ұқсайды. Айқын дақты белдеу оқ шыққан тесік маңайы қатты затқа, мысалы үйдің қабырғасына, тас жолға, т.б. қысылып жатқан жағдайда пайда болуы мүмкін. Бұл орайда оқ шыққан тесіктің айналасында кейде металдың жекелеген бөлшектері табылады, бірақ ол бұл жерде үздік-создық сақина сияқты болмайды. Ал ысырылу (ластану белдеуі мен мылтық майының іздері) оқтың кірген тесігінің төңірегінде ғана болады, оқ шыққан жерде ол байқалмайды.

Көлемі жағынан оқ шыққан тесік оның кірген жерінен көбінесе үлкенірек болады, дегенмен керісінше болуы да мүмкін. Кейде оқ кірген тесіктің жиектері ішіне қарай жымырылып, ал оқтың шыққан жерінің жиектері сыртына қарай біршама айналып тұрады. Алайда соңғы айтылған белгілер де үнемі бола бермейді. Сондықтан оқтың кірген және шыққан жерін жиектерінің көлеміне, пішіні мен сипатына қарап анықтау бірқатар жағдайларда өте қиын. Кейде оқтың кірген жері біреу болғанымен, ол бірнеше жерден тесіп шығуы да кездеседі. Бұл оқтың жарылып, жарықшақтарының денені жеке-жеке тесіп шығуына байланысты.

Оқ жарақаттарының диагностикасы :

  • —Кіру жеріне тән белгілер (признаки входного отверстия):
  • —Кіру жерінің формасы — домалақ немесе овал тәрізді
  • —Дефект формасы-жоғары жағында конус тәрізді, ішке қарай бұрылған
  • —Өлшемдері — терінің дерма қабатындағы өлшем оқтың өлшемінен әрқашан кішкентай, ал эпидермисте оқ диаметріне сәйкес
  • —Жара шеттері –дерма қабатында ұсақ үгітілген тәрізді,кейде түзу және тегіс.
  • —Киімдегі сызат іздері қалмайды.

Ату аралығын анықтау

Сот медицинасы мен криминалистік тәжірибеде мынадай үш ату қашықтығы болады:

  • тақап тұрып ату;
  • жақын жерден ату;
  • алыс қашықтықтан (алыс жерден) ату.

Тақап тұрып атқан жағдайда қарудың аузы денеге тіреліп тұрады. Бұл орайда қрау денеге толық тіреліп, қысылып тұруы (толық саңылаусыз тақалу), қарудың аузы денеге тимей тұруы ( саңылаулы тақалу), қару денеге қиғаштап тірелген кезде денеге оның аузының жиегі ғана тиәп тұруы (бүйірден тақалу) мүмкін.
Қару толық тақалып тұрған жағдайда жара жолы оқпан ұңғысының жалғасы сияқты келеді, сондықтан атудың барлық қосымша факторлары жара жолын зерттегенде ғана анықталады. Оқ жарақаты жолының бойынан дәрі ұнтақтары, ыстың, мылтықтың майының, металдың іздері табылады.

Егер астында сүйек болса, жара жолына кірген газ сүйектің бетіне таралып, одан бұлшық еттер мен сүйек қабығына шөгеді. Бұл орайда газ теріні көтеріп, ол қарудың аузына қысылады да, қару аузының таңбаларын (штанцмаркалар, штамптаңбалар) түзеді. Олардың жасалу механизмінде оқ атылғаннан кейін ізінше оқпан ішінде орнайтын босаған кеңістіктің сорып алатын әрекеті айтарлықтай рөл атқарады. Сондықтан штанцмаркалар сүйек тақау жатқан жерлерде ғана емес, басқа жерлерде де, мәселен, іш, бөксе маңынан да байқалуы мүмкін. Оқпан аузының таңбалары, әсіресе айқын аңғарылатындары сирек кездеседі.
Тақап тұрып атудың ең тұрақты белгілеріне оқ кірген тесік маңындағы терінің жарылуы жатады. Мұндай жарықтарды негізінен оқпан ұңғысынан атылып шыққан газ жасайды. Тақап тұрып атқанда оқ кірген тесік маңынан кейде ұлпалардың ашық-қызғылт түске боялуы байқалады. Бұл оқ-дәрі газы құрамында көміртегі тотығының көп мөлшерде болуы себепті карбоксигемоглобин түзілуіне байланысты.

Жақын жерден ату дегеніміз денеге оқ тиіп қана қоймай, сонымен қатар оған атудың қосымша факторларының да, мысалы, жалынның, газдың, күйенің, дәрі ұнтағының, қару майының әсер етуі болып табылады. Қарудан алыстаған сайын қосымша факторлар оқтың бағыты жағына қарай кеңейе беретін конус түрінде жайыла түседі. Атқан кезде оқпан аузынан от шығады. Оның себебі – толық жанып үлгірмеген дәрі ауадағы оттегімен түйіскен кезде жарылыс болады. Оқпан аузынан шығаттын оттың сипаты мен көп болуы ең алдымен дәрінің түріне байланысты. Қара дәріден әдетте от едәуір көп шығады, өйткені қатты қызғанымен, жанып үлгірмеген дәрі ұнтақтары көп қалады және олардың термиялық әсері едәуір күшті болады. Олар шаштың үйтіліп, терінің күюін, тіпті киімнің жануын туғызуы мүмкін.

Жарғақ сияқты таңбалар, ысталу таңбасының пішіні де оқтың қаншалықты қиғаш тигеніне қарай дөңгелек немесе сопақша болуы мүмкін. Егер оқ тура тисе, күйе ізі мен жарғақ сияқты таңбаның пішіні шеңбер тәрізді болып, оқ кірген жарақат оның ортасына түседі. Ал егер оқ қиғаштап тисе, ысталған жер мен жарғақ сияқты таңба сопақша пішінді келеді де, бұл орайда оқ кірген тесік оның ортасында емес, сопақша пішіннің кедергі мен оқ бағыты арасындағы сүйір бұрышқа сәйкес келетін бөлігінде болады. Ысталған жердің түсі әдетте бірдей болмайды: одан қара қошқыл және ашық түсті бөліктері байқалады.

Атқан кезде дәрі түгел жанып кетпейді, сондықтан жанып үлгермеген және шала жанған дәрі ұнтақтары оқпан ұңғысынан атылып шығып, жақын жерден атқан жағдайда денеден табылады. Олардың киімге сіңіп, тіпті одан тесіп өтуі де мүмкін. Оқ-дәрі ұнтақтары эпидермисті зақымдап, оған сіңіп қалуы ықтимал. Кейде олар теріге сіңіп, одан дәрі ұнтақтары сіңген бөлікті оңай байқауға болады. Оқ-дәрі ұнтақтары револьвер, тапанша сияқты оқпаны қысқа қарулармен 60-70 см, ал винтовка мен карабин сияқты ұзын оқпанды қарулармен 100 см қашықтықтан атқанда байқалады.

Алыс қашықтықтан (алыстау жерден) атқан жағдайда денеге оқтың өзі әсер етеді, ал қосымша факторлар табылмайды. Қолға алып жүретін ұрыс қаруы үшін аралық 1 м-ден асса, ол сондай қашықтық болып табылады, сондықтан да бұл алыстау қашықтық деп те аталады. Ал нақты алыс қашыққа келетін болсақ (10 немесе 100 м), оны денені сою деректері бойынша анықтау мүмкін емес тәрізді. Кейде алыс қашықтықтан (1 м-ден 1000 м-ге дейін) атқан жағдайда да оқтың кірген тесігі айналасына күйе жұғып қалғанын аңғаруға болады. Мұндай жағдайларда киімнің ішкі қабатынан немесе киім астындағы теріден күйе жұғындылары табылуы, бірақ киімнің сыртында күйе іздерінің болуы мүмкін. Ол оқтың екпіні қатты (кемінде 500 м/сек), бір – бірінің арасы 5,5 см-ден 1-5 см-ге дейін бірнеше қабат жұқа және қалың киім болған жағдайда байқалады. Ал мұндай жағдай іс жүзінде кездесе бермейді, сондықтан алыс қашықтықтан атқанда күйенің жұғындылары өте сирек кездеседі.

Атылған қаруды анықтау

Қару түрін мыналар бойынша анықтауға болады:

  1. Жарақаттардың сипаты бойынша. Мысалы, бір-біріне жақын және бірінен кейін бірі белгілі ретпен орналасқан көптеген оө жарақаттары болғанда автоматты қарумен жарақат салынды деуге болады.
  2. Қару аузының таңбасы (штанцмарка) бойынша, өйткені қарудың әрбір түрінің өзіне тән таңбасы болады.
  3. Оқтың тесіп өту қабілеті бойынша. Мәселен, бастың сүйегі мен миының зақымдануы қаруды тақап тұрып немесе жақын жерден винтовка, карабин, аңшылық мылтық сияқты қуатты қарумен атқандықты көрсетеді.
  4. Оқ жарақаты мен сүйек зақымдануының көлемі бойынша. Оқ жарақаты көлемінің оқ калибріне дәл сәйкес келмейтінін есте ұстау керек, өйткені оқ атылған сәтте терінің созылып, одан соң жиырылуы себепті терідегі оқ кірген тесік әдетте оқтың калибрінен едәуір тар болады. Бұл жағынан жалпақ сүйектегі жарақаттың зор мәні бар, себебі оның диаметрі оқ калибріне жақындайды. Алайда әртүрлі қару түрлерінің калибрлері көбінесе миллиметрдің оннан бір бөлігіндей ғана болатындықтан, мұндай жағдайда айқын тұжырым жасау мүмкін емес.
  5. Оқ – дәрі түйірлерінің пішіні мен көлемі бойынша, өйткені қарудың жекелеген түрлерінің патрондарында оқ дәрінің белгілі бір түрлері болады.
  6. Оқ бойынша, өйткені қарудың әрбір түріне арнаулы патрондар мен оқ түрлері сәйкес келеді.

Алайда қарудың басқа түрінің патрондарын пайдаланып атуға, мысалы, калибрлі ұқсас тапанша патрондарын салып, револьвермен атуға болатынын ескеру керек.

Зертеудің арнайы әдістері.

  • Гистологиялық, химиялық, спектографиялық, фотографиялық, жаныстырылған диффузиялық рентгенолоиялық.
  • Гистологиялық : оқтың кірген және шыққан тесіктерін, ату аралығын, жарақат жолының бағытын анықтауға жәрдемдеседі. Зерттеу кезінде күйе іздері , дәрі түйіршіктері , бөгде заттардың болуы.
  • Химиялық : күйенің , дәрі түйіршіктерінің , металл үгінділерінің болуын анықтауға мүмкіндік береді.

Рентгенологиялық және спектографиялық әдістері оқ кірген тесік айналасындағы тері мен киім кешекке қонған металл үгінділерін анықтауға көмектеседі.
Жанастырылған диффузиялық әдіс сарапшының тікелей секциялық стол жанында оқ кірген тесік төңірегінде металл үгінділерінің болуын анықтайды. Ол үшін реактивтермен өңделген суретке түсіретін қағаз ғана керек.

 

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...