Хирургиялық операция

Хирургиялық операция (ота)

Операция (немесе хирургиялық ота)- дегеніміз патологиялық өзгерістерге ұшыраған ағзаларды ашу және оларға әртүрлі емдік диагностикалық манипуляция жасау үшін тіндер мен ағзаларды ажырату мен олардың тұтастығын бұзу арқылы тіндерге механикалық әсер етумен жүретін емдеу шарасы.

Хирургиялық операциялардың жіктелуі

Хиругиялық операциялардың түрлері өте көп. Олардың классификациясының негізіне белгілі бір критерийлер салынған.

1. Операцияның алдына қойылған мақсатына сәйкес операциялар диагностикалық және емдік операциялар болып екіге бөлінеді. Диагностикалық операциялардың мақсаты — диагнозды дәлелдеу, дерттің сатысын анықтау. Диагностикалық операцияларды клиникалық зерттеу әдістері дәл диагноз қоюға мүмкіндік бермей, дәрігер науқаста емдеу тактикасы жүргізіліп жатқан емнен өзгеше ауыр дерттің (ісік, даму ақаулары, ауыр қабыну процестері) бар екенін жоққа шығара алмаған жағдайда қолданады. Бұған: биопсияның түрлері, арнаулы диангостикалық операциялар (лапароскопия, торакоскопия, артроскопия, лапароцентез, торакоцентез) және т.б жатады. Соңғылары науқас өміріне қауіпті сондықтан, барлық инвазиялық және аз инвазиялық әдістер мүмкіндіктері толық пайдаланылып болған соң ғана жасалуы тиіс. Бұл операция жоспарлы түрде де, шұғыл түрде де қолданылуы мүмкін. Кейде қатерлі ісікке жасалатын операциялар да, диагностикалы болып табылады.

Хирургияның дамуына, науқастарды тексеру қосымша әдістерінің жетілдірілуіне байланысты қазіргі кезде диагностикалық мақсатта жасалатын дәстүрлі хирургиялық операциялар сирек қолданылады.

Емдік операциялар науқасты сауықтыру немесе оның жағдайын жақсарту мақсатында жасалады.

Операциялар организмдегі патологиялық процеске әсеріне байланысты түбегейлі, паллиативті және симптоматикалық операциялар болып бөлінеді:

  • Түбегейлі операциялар деп науқасты дерттен сауықтыратын операцияларды атайды.
  • Паллиативтік операциялар науқастың жағдайын жақсартуға бағытталған, бірақ дерттен айықтырып жібермейді.
  • Симптоматикалық операциялар жалпы паллиативтік операцияларға ұқсас болғанымен, науқастың жалпы жағдайын жақсартуға емес, тек дерттің бір ғана қауіпті белгісін жоюға бағытталған.

2. Операциялардың орындалу мерзіміне байланысты жедел, шұғыл және жоспарлы операция болып бөлінеді.

Жедел операциялар науқас хирургиялық бөлімшеге түскен соң алғашқы сағаттар ішінде тез арада жасалады. Әдетте, жедел операция алғашқы 2 сағат ішінде жасалуы тиіс деп санайды. Жедел жасалатын операцияларға науқастар түскеннен кейінгі алғашқы минуттар ішінде науқас өмірін сақтау үшін реанимациялық шаралар да (трахеостомия, клапандық пневмотораксті ашық пневмоторакске айналдыру, сыртқы-ішкі қатты қан кетуді тоқтату) жатады.

Шұғыл операциялар науқас ауруханаға түскен соң алғашқы тәулік ішінде жасалады. Бұл операциялар, науқасқа диагноз қою, қосымша дерттерін анықтау және операцияға дайындау үшін қажетті, шектеулі мерзім ішінде жасалады. Осындай операциялар деструктивті-қабыну дерттеріне жасалған консевративтік ем нәтиже бермегенде, қан кету қайталанған кезде, механикалық сарғаю кезінде жасалады.

Жоспарлы операциялар — бұл операциялардың жасалу мерзімінің операцияның ақырына әсері жоқ және науқастың келісімі бойынша операция жасау мүмкіндігі бар болғанда жасала береді (обырды алып тастау, жарықты кесу).

3. Хирургиялық операциялар паталогияны жоюға қажетті мерзімге байланысты бір- көп мезеттік операциялар болып бөлінеді.

  • Бір мезеттік операциялар деп бірнеше этаптан тұратын бір операция арқылы науқасты айықтыруды айтады.
  • Көп мезеттік операциялар кезінде негізгі патологияны жою бірнеше этапқа бөлшектенеді.

Операцияны бұлай бірнеше этапқа бөлшектеудің негізгі үш себебі бар:

  • науқастың жағдайының қатаңдығы;
  • операция жасау үшін қажетті жағдайдың болмауы;
  • хирургтің санаттық дәрежесінің жеткіліксіздігі.

Қайта жасалатын операциялар — сол патология немесе оның асқынуларына байланысты қайта жасалатын операциялар. Операциядан кейінгі ерте, жуық кезеңдерде жасалатын операциялар атауына ре- деген қосымша жалғанады: ралапаротомия, реторакотомия, реампутация және т.б.)

4. Жасалатын операцияның көлемі мен сипатына және патологияның сипатына байланысты операциялар кеңейтілген, қабаттастырылған, симултандық операциялар болып бөлінеді.

Қатерсіз дерттерге жасалатын операциялар көлемі кесіп-жарумен, патологиялық өзгерісті алып тастаумен, табиғи қозғалыс жолдарды қалыпқа келтірумен ғана шектеледі.

Қатерлі ісіктерге жасалатын операциялар кезінде зақымданған ағзалар мен қатар байламдарды, аймақтық лимфа түйіндерін алып тастайды және бұл операциялар кеңейтілген операциялар деп аталады.

Қабаттастырылған операцияларға бір дерт пен оның асқынуларына байланысты бірнеше ағзаларға жасалатын операциялар жатады. Мысалы, асқазан рагі бауырдың сол бөлігіне немесе көлденең тоқ ішекке таралғанда гастрэктомиямен бірге бауыр резекциясы, көлденең тоқ ішек резекциясы жасалады. Яғни асқазан рагінің асқынуларына байланысты үш ағзаға операция жасалады.

Симултандық операция — әртүрлі ағзалардың әртүрлі дертіне байланысты бір мезетте жасалатын операциялар.

Мысалы, науқас асқазан мен ұлтабардың жара ауруымен, өттің тас ауруымен және өңеш тесігінің жарығымен ауырады (Сайнт триадасы). Хирург операция кезінде жараны кесіп алады, селективті проксималдық ваготомия, холецистэктомия және круроррафия жасайды. Патологияның орналасқан жері мен жасалатын операциялар әртүрлі анатомиялық аймақтарда орналасуы мүмкін: струмэктомия +холецистэктомия, сафенэктомия + струмэктомия, холецистэктомия + сафенэктомия.

5. Жарадағы инфекцияның дәрежесіне байланысты асептикалық, шартты түрде асептикалық, инфекция түскен және шартты түрде инфекция түскен операциялар болып бөлінеді.

Таза (асептикалық) операциялар. Бұл операцияларға жоспарлы түрде жасалатын, ішкі қуыс ағзалар қуысы ашылмайтын операциялар жатады (жарықты кесу, қан тамырларына, сүйектерге, жасалатын операциялар, қалқанша безге жасалатын операциялар). Операциядан кейінгі инфекциялық асқынулар жиілігі 1-2%.

Шартты түрде асептикалық операциялар (инфекция түсуі ықтимал таза операциялар). Бұл операциялар кезінде ішінде инфекция болуы мүмкін ағзалардың қуысы ашылатын операциялар (жоспарлы холецистэктомия, жатыр ампутациясы). Операциядан кейін мүлгіген инфекция бас көтерсе қайта операция жасау қажет болуы мүмкін. Операциядан кейінгі инфекциялық асқынулар жиілігі — 5-10%.

Шартты түрде инфекциялы операциялар (инфекция қаупі жоғары операциялар). Мүндай операцияларға операция кезінде микрофлорамен жанасу ауқымды болатын операциялар жатады (жоспарлы гемиколэктомия, флегмонозды аппендицитке жасалатын аппендэктомия). Инфекциялық асқынулар жиілігі — 10-20%.

Инфекциялы операциялар. Бұл операциялар қатарына іріңді перитонитке, тоқ ішектің тесілуі немесе жарақатына байланысты жасалатын операциялар жатады. Инфекциялық асқынулар жиілігі 50%.

6. Типтік және атипиялық операциялар. Хирургияда, белгілі бір дерттерге жасалатын типтік (стандарттық) операциялар бар. Мысалы, аяқты санның төменгі бөлігінен ампутация жасау, стандартты гемиколэктомия. Бірақ, кейде хирург патологиялық процестің ерекшеліктеріне байланысты операция техникасындағы стандарттық тәсілдерді өзгертуге мәжбүр болады. Яғни операцияға атипиялық элементтер енгізеді.

7. Аз инвазиялық хирургия қазіргі кездегі дамыған хирургияның жемісі. Дәстүрлі хирургиядан айырмашылығы тіндерді әдеттегідей кеспейді, үлкен жара болмайды, зақымданған ағза жалаңаштанбайды.

Хирургиялық операция кезінде арнаулы техникалық тәсілдер қолданылуы мүмкін. Мұндай операциялар арнаулы операциялар деп аталады. Оларға:

  • микрохирургиялық операциялар — операциялар микроскоп көмегімен 3 еседен 10 есеге дейін үлкейту арқылы жасалады.
  • эндоскопиялық операциялар — қуыс ағзалардың ішінде эндоскопиялық аспаптар көмегімен жасалатын операциялар, эндовидеохирургия.
  • Эндоваскулярлық операциялар — қантамыр ішінде рентген бақылауымен жасалатын операциялар жатады.

8. Операцияның көлемі мен жарақат дәрежесіне байланысты операциялар мынадай түрлерге бөлінеді:

  1. Жарақат дәрежесі мен көлемі шағын операциялар (аппендэктомия, жарық кесу, диагностикалық лапаро- торакоскопия).
  2. Көлемі мен жарақат дәрежесі орта дәрежелі операциялар (өт жолдарына жасалатын операциялар, асқазанға жасалатын ағза сақтайтын операциялар, үлкен жарықтарға жасалатын операциялар).
  3. Көлемі мен жарақат дәрежесі үлкен операциялар (өт жолдарына жасалатын қайта қалпына келтіру, қайта жасақтау операциялары, асқазанға, тоқ ішекке, өңешке жасалатын операциялар).

Операцияларды бұлайша бөлу шартты түрде. Бұл жерде хирургтің санаттық дәрежесіне көп нәрсе байланысты. Нашар дайындалған хирург жасағанда шағын операцияның өзі күрделі, жарақаты мол операцияға айналып кетуі мүмкін. Осы кезде инфекция түскен жағдайда, операциядан кейінгі асқынулардың ықтималдылығы арта түседі.

9. Барлық операциялар жамылғы тіндер мен олардың астындағы тіндердің жарақаттану дәрежесіне және қан кету дәрежесіне байланысты қанды және қансыз операциялар болып екіге бөлінеді. Тіндер мен ағзаларды кесу арқылы жасалатын операция кезінде қан кету болады, сондықтан бұл операциялар қанды операциялар деп аталады. Тіндер кесілмейтін, қан кету болмайтын операциялар, мысапы, сынықты, шығуды салу, қансыз операцияларға жатады. Дегенмен, сынған жердің, буын қабының айналасында қанталау, гематома болады.

10. Адам организмі мен тіндерінде патологиялық процестер нәтижесінде ауқымды бұзылыстар болады, операция кезінде науқастың өмірін сақтау үшін хирург ағзаны тұтас немесе оның бір бөлігін кесіп алуға мәжбүр болады.

Әрине, хирург емдік мақсатта ағзаның бұрыннан да бұзылған физиологиялық қызметін бұза түседі. Сондықтан, хирургтер хирургия хирургия болғаннан бастап-ақ ағзалар мен тіндердің жойылған қызметін қалпына келтіруге тырысты. Бұл хирургия қайта қалпына келтіру хирургиясы деп аталады. Қайта қалпына келтіру хирургиясында жасалатын операциялар 3 түрге бөлінеді: қайта жасақтау, қайта қалпына келтіру және пластикалық операциялар.

Реконструктивтік (қайта жасақтау) операциялар белгілі бір ағзалар жүйесінің бір ағзасына жасалған хирургиялық операциялар салдарынан бүзылған қызметінің физиологиялық мәнін қалпына келтіруге бағытталған. Осындай операциялар үлгісі ретінде өтті бауырдан үлтабарға өткізетін басқа жол жасауды — билиодигестивті операцияларды атауға болады.

Қайта қалпына келтіру операциялары ағзаны толық қалпына келтіруге (жарақат кезінде жүлынған ағзаны реплантация жасау), қызметі жойылған ағзаны басқа ағзамен алмастыру (трансплантация операциясы). Қайта қалпына келтіру операцияларының қатарына папиллосфинктеротомия операциясын жатқызуға болады. зйткені, билиодигестивті операциялардан гөрі, өт ағысын табиғи жолмен жүргізеді.

Пластикалық операциялар мақсаты — белгілі бір ағзаның пішіні мен қызметін немесе адам денесі бетіндегі сүрықсыз жерлерді қалыпқа келтіру. Пластикалық операцияларға ерін, мүрын, қүлақ жарғағы кетіктерін қалыпқа келтіруге немесе оларды өзгертуге, әжімдерді жоюға бағытталған косметикалық операциялар жатады.

хирургиялық операция

Хирургиялық операциялар алуан түрлі болады

Хирургиялық операциялардың кезеңдері

Хирургиялық операция үш этаптан тұрады:

  1. Операция жасайтын ағзаға жету жолы.
  2. Операцияның тәсілі.
  3. Операцияны аяқтау.

Операция жасайтын ағзаға жету жолы — зақымданған ағзаны жалаңаштау үшін және жоспарланған хирургиялық манипуляция үшін қажетті жағдай жасау.

Операция жасайтын ағзаға жету жолдарына қойылатын талаптар мынадай:

  • жету жолы үлкен болмауы тиіс;
  • анатомиялық түрғыдан негізді болуы тиіс;
  • физиологиялық түрғыдан қолайлы болуы тиіс;
  • науқасқа косметикалық нүқсан келтірмеуі тиіс.

Операция тәсілі — операцияның негізгі кезеңі. Осы кезеңде қажетті емдік және диагностикалық манипуляциялар жасалады.

Операцияның емдік әсеріне байланысты операциялар мынадай типтерге бөлінеді:

  • ағзаны алып тастау (эктомия);
  • ағзаның бір бөлігін алып тастау (резекция);
  • бұзылған арақатынастарды қалыпқа келтіру.

Операцияны аяқтау — хирургиялық операцияның маңызы жоғарыдағы кезеңдерден кем емес кезеңі.

Табылған патология мен операцияның сипатына, инфекциялық ластану дәрежесіне байланысты операцияның аяқталуы әртүрлі болуы мүмкін:

  • жараны қабатына сәйкестендіріп жауып тігіп тастау.
  • жараны қабатына сәйкестендіріп дренаж қалдырып тігу;
  • жараны тампон қалдырып жартылай (ішінара) тігу;
  • жараны жоспарлы ревизия ықтималдығын ескере отырып тігу;
  • жараны тікпей ашық қалдыру.

Операция үстінде қандай асқынулар келесідей:

  • Операция үстінде қан кету.
  • Іргелес ағзалардың зақымдануы.

Операция үстінде хирург операциядан кейін болатын инфекциялық асқынулардың алдын-алу шараларын ұйымдастыруы тиіс. Олар мыналар:

  • қан кетуді сенімді түрде тоқтату;
  • жеткілікті түрде дренаждау;
  • тіндерге үнемділікпен қарау;
  • инфекциялық кезең өткеннен соң аспаптарды алмастыру, қолды қайта өңдеу;
  • патологиялық ошақты шектеу және түзілген экссудатты үздіксіз шығарып отыру;
  • Жараны операция кезінде антисептикпен өңдеу;
  • Антибиотикопрофилактика.

Операция алдындағы кезең

Хирургиялық операция — науқастарды емдеудің негізгі, маңызды кезеңі екені сөзсіз. Операцияның сәтті аяқталуы үшін операция алдында мұқият дайындық пен операциядан кейін санатты ем қажет. Анық диагноз қоюдың, операцияға көрсеткіш пен қарама-қайшылықтарды анықтаудың маңызы науқас үшін бірдей.

 

Операция алдындағы дайындықтың негізгі мақсаты — операция үстінде және операциядан кейін кездесетін асқынулар қаупін азайту.

Операция алдындағы кезең екі этаптан түрады:

Диагностикалық және дайындық этаптары. Осы этаптарда операция алдындағы негізгі мәселелер шешіледі. Операция алдына қойылған мақсаттарды орындау үшін мына мәселелерді шешуі тиіс:

  • науқасқа дәл диагноз қойып, операцияға көрсеткіш пен жасау мерзімін анықтауы тиіс;
  • негізгі ағзалар мен жүйелердің жағдайын бағалауы тиіс (қосымша дерттерін анықтау);
  • науқасты психологиялық тұрғыдан дайындауы тиіс;
  • жалпы соматикалық дайындық жүргізуі тиіс;
  • көрсеткіштеріне байланысты арнаулы дайындықты да жүргізуге міндетті;
  • науқасты операцияға дайындау;

Алғашқы екі мәселені шешу диагностикалық этаптың құзырында болса, келесі сүрақтары дайындық этапының қүрамына кіреді.

Диагностикалық этап

Дәл хирургиялық диагноз қою — операцияның табысты аяқталуының кепілі. Дәл диагноз қойылып, дерттің сатысы, таралу дәрежесі мен ерекшеліктері анықталғанда ғана хирургиялық операцияның көлемі мен тиімді түрін таңдап алуға болады.

Бұл жерде үсақ-түйек болуы тиіс емес, дерттің ағымындағы барлық ерекшеліктер ескерілуі керек. ХХІ ғасырдың басында диагностиканың барлық мәселелері операция басталмай тұрып шешілуі қажет. Ал операция кезінде бұрыннан белгілі фактілер анықталады.

Диагноз қойылғаннан кейін хирург науқасқа жедел операция жасау қаншалықты қажеттігін анықтау керек, яғни операция жасау мерзімін анықтауы тиіс. Егер көрсеткіш болған жағдайда, тез арада дайындық этапына кірісіп кетеді. Бұл этап жедел операция кезінде бірнеше минуттен ( реанимациялық операциялар) бірнеше сағатқа (басым көпшілігіне 2 -сағат) созылады.

Шұғыл түрде жасалатын операцияларға көрсеткіштерге алдымен қан кету және жедел қабыну-деструктивті сипаттағы дерттер жатады. Дерттің сипатына қарай шұғыл операция қажет болмаса, науқастың сырқатнамасына тиісті негіздеме жазылады да, жоспарлы операцияға көрсеткіштер анықталады.

Операцияға көрсеткішер екіге бөлінеді: абсолюттік және салыстырмалы.

Абсолюттік көрсеткіштерге науқас өміріне қауіпті және тек хирургиялық жолмен емделетін операциялар жатады.

Абсолюттік көрсеткіштер бойынша жасалатын шұғыл операциялар өмірлік маңызды операциялар (түншығу (механикалық асфиксия), қан кету, жедел іш қуысының жедел дерттері, іріңді инфекция) деп аталады. Жоспарлы хирургияда да көрсеткіштер абсолюттік болуы мүмкін және олар жедел түрде 1-2 апта ішінде жасалуы тиіс (кез-келген қатерлі ісіктер, асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөліктерінің тарылуы, механикалық сарғаю).

Салыстырмалы көрсеткіштерге дерттердің екі тобы жатады:

  1. Операциядан бас тарту науқастың өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ тек хирургиялық жолмен ғана емделетін дерттер жатады (аяқ қан тамырларының кеңеюі (варикоз дерті), қысылмаған жарықтар, қатерсіз ісіктер және т.б.).
  2. Консервативтік жолмен де, хирургиялық жолмен де емеделетін ауыр дерттер (жүректің ишемиялық ауруы, аяқтың қан тамырларының тарылуы, асқазан мен үлтабардың жара ауруы және т.б.)

Салыстырмалы көрсеткіш бойынша операциялар жоспарлы түрде, қолайлы жағдайда жасалады.

Организмнің негізгі ағзалары мен жүйелерінің жағдайын бағалау, яғни қосымша дерттерін анықтау 3 кезеңнен түрады: емдеуші дәрігер мен анестезиолог анамнез, физикальдық тексеру, науқастың өтемдік (компенсаторлық) мүмкіндіктерін анықтайтын қарапайым сынамалар (Штанге, Собразье-Генч сынамалары) мәліметіне сүйеніп алдын-ала бағалайды; стандарттық тексерулердің минимумын жүргізу: қосымша дерттерінің бар-жоғына қарамастан төмендегідей тексерулерді міндетті түрде жүргізеді:

  • қанның клиникалық анализі;
  • қанның биохимиялық анализі (жалпы белок, билирубин, трансаминазалар, креатинин, қанттың мөлшері);
  • қан ұю жүйесіне тексерулер;
  • ан тобы мен Rһ фактор;
  • несептің жалпы анализі;
  • кеуденің флюорографиясы;
  • тіс дәрігерінің қарауы;
  • ЭКГ;
  • терапевттің қарауы;
  • әйелдер үшін — гинекологтың қарауы.

Егер тексеру барысында қалыпты жағдайдан ауытқушылықтар табылса, олардың себебін, науқас өмірі үшін қаншалықты қауіпті екенін анықтап, операцияны жасау мүмкіндігі жөніндегі сұраққа жауап беруі тиіс.

Қосымша тексерулер науқаста қосымша дерттер, лабораториялық тексерулер нәтижесінде қалыптағыдан ауытқушылықтар табылған жағдайда жүргізіледі.

Осы жүргізілген стандарттық және қосымша тексерулер нәтижесінде операцияға қарам-қайшы көрсеткіш болатын қосымша дерттер анықталады.

Қарама-қайшы көрсеткіштер де: абсолюттік және салыстырмалы болып екіге бөлінеді. Операцияға абсолюттік қарама-қайшы көрсетікштерге шок (жалғасқан қан кету кезіндегі геморрагиялық шоктан басқасы), миокард инфарктісінің жедел сатысы және мидағы қан айналысының бұзылуы жатады.

Науқастың өміріне қауіп төнген кезде, қажетті мамандар көмегімен науқастың жағдайын түрақтандырған соң, аталған қарама-қайшы көрсеткіштер болса да операцияны жасай беретінін атап көрсеткен жөн.

Операцияға салыстырмалы қарама-қайшы көрсеткіштерге науқастың кез-келген өмірлік маңызды ағазаларының қосымша дерті мен жоспарлы операция кезіндегі іріңді инфекция жатады. Әйтседе, олардың науқастың операцияны көтеруіне әсері әртүрлі.

Мына аталған жүйелерге баса назар аудару қажет:

  • жүрек-қантамыр жүйесіне (жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, жүрек ырғағының бүзылуы, тромбоздар және т.б.);
  • тыныс алу жүйесі (өкпе демікпесі, өкпе эмфиземасы, тыныс жетіспеушілігі);
  • бүйрекке (созылмалы бүйрек шамасыздығы, гломерулонефрит);
  • бауырға (жедел гепатит, цирроз, бауыр шамасыздығы);
  • қан жүйесіне (қан аздылық, лейкоздар, қан үю жүйесіндегі өзгерістер);
  • семіздікке;
  • қант диабетіне.

Операцияға қарама-қайшы көрсеткіштер хирургиялық әдісті қолдануға болмайды деген сөз емес. Қазіргі кездегі хирургияның, анестезиология мен реаниматологияның даму деңгейі көптеген қосымша дерттері бар науқастарға өмірлік көрсеткіштер болса хирургиялық әдісті қолдана беруге мүмкіндік береді.

Операция алдындағы келесі кезең дайындық кезеңі және оның 4 түрі бар:

  • психологиялық дайындық;
  • жалпы соматикалық дайындық;
  • арнаулы дайындық;
  • операцияның өзіне дайындық;

Жасалатын операцияға науқасты психологиялық дайындаудың үлкен маңызы бар. Операциядан қорықпайтын науқас болмайды. аздерінің таныстары немесе туысқандарына сәтсіз жасалған операциялар олардың жадында әрдайым сақталып түрады. Сондықтан, барлық медицина қызметкерлері емханадан бастап, емдеуші дәрігері науқасқа операцияның сәтті аяқталатынына сенімін нығайтуы тиіс.

Бөлімшеде, қызметкерлер арасында достық қарым-қатынас болуы тиіс, науқастарға түсіністікпен қарау керек. Кейде, науқастарды үқсас операциядан кейін сауығып келе жатқан науқастар жатқан бөлмеге орналастырады. Науқастың туысқандарымен де сенім үялататын әңгімелер жүргізу керек.

Операция тек науқастың келісімі болғанда ғана жасалады, кәмелетке толмағандар үшін ата-анасының келісімі міндетті. Науқас өзіне-өзі жауап бере алмайтын болса, оның асыраушысының келісімі қажет. Операция өмірлік болып, асыраушысы немесе ата-анасы болмаған жағдайда, операция дәрігерлер консилиумының шешімімен жасалады. Психикасы ауытқымалы науқастарға әртүрлі фармакологиялық дәрілер пайдаланылады: седативтік препараттар, транквлизаторлар, антидепрессанттар.

Жалпы соматикалық дайындық ағзалар мен жүйелердің негізгі және қосымша дерттер салдарынан бүзылған қызметін қалыпқа келтіру және олардың функционалдық жағдайына резерв жасау мақсатында жүргізіледі. Қосымша дерттерді емдеу мен эндогендік инфекцияның алдын-алу шаралары жүргізіледі.

Арнаулы дайындық операция жасалатын ағзаның ерекшеліктері мен белгілі бір ағзалар қызметінің негізгі дерт негізінде болған өзгерістерінің ерекшеліктеріне байланысты қажет болуы мүмкін (тоқ ішекке, өкпенің іріңді дерттеріне, трофикалық жараларға жасалатын операциялар).

Операцияның өзіне дайындық жедел науқастар үшін ауруханаға түскен сәттен, ал жоспарлы операцияға баратын науқастар үшін операциядан 1 күн бұрын кешке басталады:

  • операция алаңын дайындау;
  • науқастың асқазанын босату;
  • науқастың ішегін босату;
  • науқастың қуығын босату;
  • премедикация.

Операция алдында науқасты анестезиолог қарап, наркоз бен операцияның қауіптілігінің дәрежесін анықтайды. Оперциялық-анестезиологиялық қауіптің бірнеше классификациясы бар. Ең оңтайлы классификация американдық анестезиологтар қоғамының классификациясы (А8А, 1961), ал Н.Н. Малиновскийдің қаламдастарымен 1973 жылы әзірлеген, Мәскеудің анестезиолог және реаниматологтар қоғамы 1989 мақұлдаған классификация толық, әрі айқын классификация.

Операциядан кейінгі кезең

Операциядан кейінгі кезең — операция аяқталған сәттен бастап, науқас толық жазылып еңбекке жарамды болғанға немесе еңбекке жарамдылығы толық жойылғанға (мүгедектік) дейінгі аралықтағы кезең.

Операциядан кейінгі кезеңнің маңыздылығы осал емес. Атап айтатын болсақ, осы кезеңде науқасқа күтім аса қажет. Осы кезеңде операцияға дайындық кезінде, операция үстінде жіберілген кемшіліктер әртүрлі асқынулар түрінде көрініс бере бастайды.

Операциядан кейінгі кезеңнің негізгі мақсаты — науқас организмінде жүріп жатқан регенерация, адаптация процестеріне қамшы болу, пайда болған асқынуларды дер кезінде анықтап, олармен күресу.

Операциядан кейінгі кезең бірнеше бөліктен түрады. Б.В. Петровский мен Р.Н. Лебедеваның өзгертілген калссификациясы ыңғайлы:

  1. Операциядан кейінгі жуық кезең — 2 сағатқа дейінгі кезең;
  2. Ерте кезең — 2-5 тәулік.
  3. Кеш кезең -2-3 апта.

4.  Алыс кезең (реабилитациялық кезең) — 3 аптадан 2-3 айға дейін. Операциядан кейінгі жуық кезең мен ерте кезеңнің ағымы операциялық жарақаттың, наркоз бен мәжбүрлік жағдайдың организмге әсеріне тікелей тәуелді.

Қалыпты асқынбаған операциядан кейінгі кезеңдегі организмдегі реактивті процестер әдетте 2-3 күнге созылады. Науқастың дене қызуы 37- 37,5оС-қа дейін көтеріледі. Орталық жүйке жүйесінде тежелу процестері байқалады. Шеткі қан құрамы өзгереді (орташа дәрежелі лейкоцитоз, анемия, тромбоцитопения), қанның тұтқырлығы күшейеді.

Асқынбаған операциядан кейінгі кезеңдегі шаралар — организмдегі болып жатқан өзгерістерді түзету, негізгі ағзалар мен жүйелердің қызметін бақылау, мүмкін болатын асқынулардың алдын-алу.

Асқынбаған операциядан кейінгі кезеңдегі қарқынды ем мынадай:

  • ауырсынумен күрес;
  • жүрек, қантамыр жүйесінің қызметін және микроциркуляцияны қалпына келтіру;
  • тыныс шамасыздығының алдын-алу және емдеу;
  • су-электролиттік тепе-теңдікті түзету;
  •  дезинтоксикациялық терапия;
  • құнарлы тамақтандыру;
  • шығару жүйесінің қызметін бақылау.

Осы аталған пункттердің әрқайсысы ағзалар мен жүйелер қызметінің компенсациясына байланысты жеке қарауды талап етеді.

Операциядан кейінгі кезеңде асқынбаған қалыпты жағдайдың өзінде бірқатар өзгерістер болады. Осы өзгерістерді әртүрлі авторлар әрқалай атайды:  операциядан кейінгі ауру (Лериш), операциядан кейінгі патологиялық жағдай (С.М. Богословский), агрессиядан кейінгі реакция (И. Теодореску), операциядан кейінгі стресс, операциядан кейінгі жағдай. Отандық әдебиетте «операциядан кейінгі жағдай» термині қабылданған және оның ағымы 3 фазаға бөлінеді: катаболикалық (ыдырау) фаза, кері даму фазасы, анаболикалық (жасақтау) фаза.

Ыдырау фазасы 5-7 күнге созылады. Оның ұзақтығы мен көрнектілігі науқастың операция алдындағы жағдайы мен жасалған операцияның көлеміне байланысты. Бұл фазадағы өзгерістер энергетикалық, пластикалық метариалдарды тез жеткізуге бағытталған. Симпатикалық-адреналдық жүйенің белсенділігі күшейеді, қандағы катехоламиндердің, глюкокортикиодтардың, альдостеронның мөлшері артады.

Осы аталған нейро-гуморалдық өзгерістер салдарынан қан тамыр тонусы көтеріліп, ақырында микроциркуляция мен тотығу-қалыптастыру процестері бұзылады. Тіндерде қышқыл көбейеді, организмде, оның ішінде бұлшық ет пен дәнекер тіндердегі белоктар, ферменттік белоктар көп мөлшерде ыдырай бастайды. Көлемі үлкен операциялардан кейінгі белок жоғалту деңгейі тәулігіне 30-40 г құрайды. Ерте кезеңдердің асқынулары (пневмония, қан кету) қосылса, бұл фазаның ағымы ауырлай түседі.

Кері даму фазасы. Бұл фаза ыдырау мен жасақтау фазаларының арасындағы көшпелі фаза. Ұзақтығы — 3-5 күн. Симпатикалық-адреналдық жүйенің белсенділігі азаяды. Белок алмасу процестері қалыпқа келеді, азот тепе-теңдігі оңға ығысады. Бұл кезеңде белоктардың ыдырауы жалғасқанмен, олардың синтезі күшейе түседі. Г ликоген мен майлар синтезі қарқын ала бастайды.

Жасақтау фазасында ыдырау фазасында болған өзгерістер қайта қалыпқа келе бастайды. Парасимпатикалық жүйе белең алады. Қан қүрамындағы соматотроптық гормонның, андрогендердің, мөлшері көбейеді, белок пен майлар синтезі күшейеді, гликоген қорлары қалыпқа келеді. Осы аталған механизмдер репарация процестерін, дәнекер тіннің өсуі мен дамуын қамтамасыз етеді. Жасақтау фазасының аяғы науқас организмінің операциядан кейін толық қалпына келуімен сәйкес келеді (3-4 апта).

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (1 бағалар, орташа: 5,00 тен 5)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...