Жалпы нозология, жалпы патология.

Жалпы нозология

Нозология (гректің поsos — ауру, дерт, Іоgоз — ілім) ауру туралы жалпы білім. Бұл медицина ғылымының ең бір көне күрделі мәселесі.

Аурудың мәнін түсіну үшін денсаулықтың не екенін түсіну қажет. Бүгінгі күнге дейін денсаулық толық зерттелмеген. Дені сау адам деген түсініктің нағыз белгілері әлі жинақталмаған.

Егер организімнің сыртқы қоршаған орта (адам үшін әлеуметтік орта) жағдайларына бейімделу қабілеті бұзылмаса, онда олар дені сау адамдар қатарына жатады. Денсаулықтың физиологиялық өлшемі болып қалыптылық немесе белгілі бір тұрақты өлшем (норма) есептеледі. Қалыптылық (қан қысымының деңгейіг дененің температурасы, қан жасушаларының саны, қандағы әртүрлі заттардың глюкозаның, нәруыздың және т.б. деңгейі т.с.с.) көрсеткіштердің көпшілікке тән арифметикалық орташа деңгейімен анықталады. Ал, бұл көрсеткіштер әр жерде әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, таулы жерлердің тұрғындарының қанында эритроциттердің саны орташа арифметикалық деңгейден көп болуы мүмкін. Емтихан тапсырар алдында студенттердің қанында глюкозаның мөлшері мен кан қысымы көтерілуі байқалады. Тамақ ішкеннен кейін шеткі қанда лейкоциттердің саны көбейеді. Міне осындай  жағдайларда бұларды ауру адамның қатарына жатқызуға болмайды. Сондықтан орташа арифметикалық көрсеткіштермен денсаулық жайлы қорытынды жасау кейде ауыр қателіктерге әкеулі мүмкін. Сондықтан 1946 «Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы» (БДҰ) денсаулық туралы мынандай анықтама берді: «Денсаулық дегеніміз ол денеде дерт пен көзбен көретін ақаулардың болмауы ғана емес, адамның көңіл-күйі мен әлеуметтік жағдайларының толық сәттілігі». Сонымен, ауру деп қоршаған ортаның ықпалдарына организімнің бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуімен көрінетін, оның қалыпты денсаулығының бұзылуын айтады.

Ауру деп айту үшін оның мынадай үш түрлі нышандары болуы қажет: 

  1. тұлғалық әйгіленімдері (субъективтік симптомдары) немесе науқас адамның өзін-өзі сезінуі;
  2. дерттің дәлелімді әйгіленімдері (объективтік симптомдары);
  3. қоршаған ортаның ықпалдарына науқас адамның икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуі.

Тұлғалық әйгіленімдердің негізінде адамды әлі де ауру деп айтуға болмайды. Кейбір адамдар жоқ сезімді бар деп шағымдануы мүмкін. Мәселен, ауыр қылмыс жасаған адам өтірік науқас болуға тырысатыны белгілі. Кейбіреулер осындай айлакерлікті соғысқа қатыспау үшін жасайды. Кейде өздерінің сезімін тым әсірейлеп көрсетуі мүмкін. Сондықтан жекелеген аурулардың көріністерімен оқулық әдебиет арқылы таныса бастаудан 3-курстың студенттерінің арасында сол аурулардың белгілерін өздерінде табу жиілейді. Бұндай аурулар 3-курс студенттерінің аурулары делінеді. Кейде науқас адам өзінде бар ауруды ұзақ уақыт сезбеуі ықтимал. Артериалық гипертензиялар, бүйрек аурулары, қантты диабет, ісіктердің және т.б. Көптеген аурулардың бастапқы кезеңдері науқас адамдарға білінбей өтуі мүмкін.

Аурудың дәлелімді әйгіленістері (объективтік симптомдары) медициналық аспаптармен клиникалық және лабораториялық зерттеулер арқылы анықталады. Кейде бұл әйгіленістердің болуы да әлі ауру деуге негіз бермейді. Мәселен, адамның қанында глюкозанының тамақ ішкеннен кейін деңгейі әдеттегіден жоғары болады. Таулы жерлердің тұрғындарының қанында эритроциттер көбірек болатыны белгілі.

Аурудың үшінші нышаны – қоршаған ортаның ықпалдарына науқас адамның икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуі, осыдан ересек адамның еңбекке қабілетінің төмендеуі байқалады. Осы үш нышандары бірге қабаттасып адам бойында болғанда ғана оны ауру деуге болады.

Аурулардың жіктелулері

Пайда болу себептеріне қарай: туа біткен және жүре пайда болған аурулар деп ажыратылады. Туа біткен аурулар: тұқым қуалайтын тектік ерекшеліктерден немесе іштегі ұрықтың даму бұзылыстарынан немесе туылу кездеріндегі кесепаттардан дамитын болулары мүмкін. Жүре пайда болған аурулар: жұқпалы және жұқпалы емес болуы ықтимал.

Даму жолдарына қарай оларды аллергиялық, қабынулық, зат алмасулық, нервтік дистрофиялық т. б. аурулар деп ажыратады.

Даму жылдамдығы мен көріну қарқынына қарай:қауырт, жіті, жедел дамитын, тез дамитын, баяу дамитын, созылмалы ауруларға ажыратылады.

Арнайы дерттік өзгерістердің денедегі деңгейіне қарай: молекулалық, хромосомалық, ағзалық, жүйелік деп бөлінеді.

Науқас адамдардың жасына қарай: жаңа туған нәрестелердің, балалардың, ересек адамдардың және қарттардың аурулары болады;

Жынысына қарай: әйелдердің және еркектердің ауруларын ажыратады.

Аурулардың өту кезеңдері:

Қандайда болмасын аурудың өтуі үш кезеңге бөлінеді:

  1. аурудың бастапқы кезеңі;
  2. аурудың айқындалу кезеңі;
  3. аурудың аяқталуы мен салдарлары;

Ауруалды деп қоршаған ортаның жағдайларына организімнің икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуімен көрінетін, сәйкес сауықтыру шаралары болмауынан ауруға ауысатын адамның жағдайын айтады. Бұл кезең жасырын және аурудың басталу сатыларынан тұрады. Жасырын сатысы ауру туындататын ықпалдың әсерінен бастап аурудың алғашқы клиникалық көріністеріне дейінгі уақытқа созылады. Ол жұқпалы аурулар кездерінде инкубациялық, химиялық заттармен уланулар, сәулелік ауру және т.б. кездерінде латенттік, өспелер дамуында — өспе алды немесе обыралды делінеді. Бұл сатының ұзақтығы бірнеше секундтан (ұланулар кездерінде) бірнеше жылдарға дейін (өспелер дамуы кездерінде) созылуы мүмкін және бұл кезде аурудың ешқандай көріністері болмайды.

Артынан аурудың алғашқы хабаршы, бейнақты, белгілері: әлсіздік, көңіл-күйдің бей-жайлығы, ұйқының бұзылуы, тәбеттің болмауы, бас ауыруы  пайда болады. Бұл аурудың басталу сатысын хабаршы (продромалық) сатысы дейді.

Осыдан кейін аурудың екінші айқындалу кезеңі басталады, оның барлық клиникалық әйгіленімдері (симптомдары) айқын байқалады. Олар дамыған ауруға ғана тән арнайы (спецификалық) және көптеген ауруларға жалпылама бейнақты (бейспецификалық) болып ажыратылады. Сонымен бірге, аурудың әйгіленімдері (симптомдары) тұлғалық (субъективтік) және дәлелімді (объективтік) болады.
Аурудың аяқталуы мен салдарлары көпшілік жағдайда ауру адамның сауығуымен аяқталады.
Сауығу — науқас адамның бұзылған ағзалары мен тіндерінің құрылымы мен әрекеттерінің және қоршаған ортаның ықпалдарына сәйкес оның бейімделу мүмкіншіліктерінің қалпына келуі. Ересек адам үшін сауығудың белгісі болып, оның еңбекке оралуы есептеледі. Бұл жағынан оны реабилитация (лат. Re — қайтадан, abilitas — жарамдық) — қайтадан еңбекке жарамдылық дейді. Сауығу толық немесе жартылай болуы мүмкін. Көрсетілген сауығу механизімдері жеткіліксіз болғанда, дұрыс ем тәсілдері қолданылмағанда сауығу жартылай дамиды. Мысалы, ревмокардиттен кейін жүрек қақпақшаларында ақау қалыптасуы мүмкін. Қабынудан кейін ағзаның қызметін бұзатын көрнекті тыртықтар қалуы ықтимал. Кейде ауру туындататын әсер немесе оның даму жолдарында пайда болған өзгерістер тоқталмаған жағдайларда ауру созылмалы түрге ауысады. Дерттің созылмалы түрге өтуінің белгілері: ремиссия, рецидив (қайталану), асқыну.

Ремиссия — деп науқас адамның жағдайының уақытша түзелуін айтады, ол аурудың қайталануымен ауысады.

Қайталану (рецидив) — аурудың клиникалық көріністерінің уақытша жоғалуынан кейінгі қайталануы.
Асқыну — ол негізгі аурудың ерекшеліктерімен байланысты немесе өткізілген диагноздық және емдік шаралардың күтпеген салдарлары ретінде пайда болады. Көптеген дәрілерді науқас адамның денесіне жібергенде (антибиотиктер, витаминдерді ) анафилаксиялық шок дамуы мүмкін.

Өлім — организмдегі тіршіліктің толық тоқтауы. Табиғи және мезгілсіз немесе патологиялық өлім болады. Табиғи өлім тұлға тіршілігінің заңды аяқталуы болып есептеледі, ол организмнің әбден қартайып тозуынан дамиды. Патологиялық өлім әрқашан мезгілсіз, кез-келген жаста болуы мүмкін.

Өлім үш сатыдан тұрады:

  1. Ақтық (терминалдық) жағдай. Бұл сатыны агония (грек. agonia — жанталасу) деп атайды, бірнеше минуттан 2-3 тәулікке дейін, бұл кезеңде организмнің барлық өмірге маңызды қызметінің бұзылуы болады.
  2. Клиникалық өлім – агониядан соң басталады, бұл кезеңде қан айналым, тыныс алу тоқтайды, рефлекстер жоқ.
  3. Биологиялық өлім – ұлпаларда кері қайтарылмайтын өзгерістер болады, өмір сүру қабілеті орнына келмейді. Бұл нағыз өлім.

Өлу мен тірілту заңдылықтарын зерттейтін патологиялық физиология бөлімі – реаниматология. Ағзаны қайтадан жандандыру шаралары (тірілту шаралары)- жасанды тыныс алдыру — тыныс алу тоқтағанда жүргізіледі, жүректің сыртқы массажы-жүректің соғуы тоқтағанда жүргізіледі.

Жалпы нозология және патология ғылымы

Жалпы патология пәні, әдістері

Жалпы патология  (грекше Pathos – ауру, дерт, physis – табиғат, қызмет,  logos — ғылым) – ауруға шалдыққан организмнің қызметі туралы ғылым. Жалпы патология аурулардың пайда болуы, дамуы және аяқталуының негізгі  заңдылықтарын зерттейді. Жалпы патологияның негізгі тәсілі – патофизиологиялық эксперимент. Жалпы патологиялық эксперименттің ерекшелігі: адам ауруларын жануарларда үлгілеу.

Аурудың нышандары

  • Науқастың шағымы
  • Дерттің айғақты әйгіленімдері
  • Қоршаған ортаға науқас адамның икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерінің төмендеуі
  • Еңбекке қабілетінің төмендеуі

Ауру алды – денсаулық пен ауру арасындағы аралық жағдай.

Ауру алдының нышандары:

  • Жүктеме кезінде бейімділік мүмкіншіліктерінің шектелуі
  • Байқалған өзгерістердің қайтымдылығы
  • Жүктемелік сынамалармен анықталады (Мартине, Генче, Штанге)

Дерттік серпіліс –(re – қарсы, action — әсер, серпіліс) – қандай да бір әсерге организмнің қысқаша, биологиялық мәнсіз және сәйкессіз жауабы.  Дерттік үрдіс – зақымдану кезінде әрі қорғану бейімделу және әрі зақымдану серпілістерінің жиынтығы.

Біртектес дерттік үрдістер:

  • адам мен әртүрлі жануарларда бірдей деңгейде өтеді
  • көп себепті (полиэтиологиялы)
  • әртүрлі ағзалар мен тіндерде өтеді
  • айқындығы аз немесе жоғары қорғану-бейімделулік маңызы бар
  • эволюцияда барысында түзілген

Дерттік жағдай –организм үшін кері биологиялық мәні бар қалыптан тыс тұрақты ауытқу.

Аурудың сатылары:

  • аурудың басталуы
  • нағыз ауру сатысы
  • аурудың аяқталуы

Жұқпалы аурулар сатысы:

  • инкубациялық кезең
  • хабаршы сатысы
  • айқындалу кезеңі
  • аурудың аяқталуы

Аурудың аяқталуы

  • сауығу (толық, шала)
  • созылмалы түрге ауысуы
  • өлім

Өлім

  • табиғи
  • патологиялық

Тірілтудің ұстанымдары:

  • жүрек қызметін қалпына келтіру
  • тынысты қалпына келтіру
  • бұзылған гомеостазды қалпына келтіру
Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...