Науқасты тексеру жоспары

Науқасты тексеру жоспары

 Науқасты сұрап тексеру реттілігі

Науқастың төлқұжаттық мәліметтері (аты-жөні, жасы, мекен-жайы, жұмыс орны, мамандығы).

Науқастың шағымдары. Шағымдар нақтылануы (сарапталуы) керек. Шағымдардың нақтылануы (мысалы: ауыру сезімінің) орналасу орнын, таралуын, күшін, сипатын, пайда болу уақытын, себептерін және бәсеңсу жағдайын анықтап, дәлелдеп сұрауды айтамыз. Алғашқыда негізгі шағымдар, содан кейін қосымша (жалпы шағымдар) мәлімденеді. Науқастардың өзі айтатын шағымдардан басқа шағымдарды дәрігер белсенді түрде сұрастыруы керек. Негізгі шағымдарды сипатталып жазылған жүйенің жағдайынан басқа ағзалардың немесе жүйелердің жағдайы туралы сұрастыру қосымша сұрақтардың көмегімен жүргізілуі керек. Жүйелер бойынша шағымдарды сұрастыру келесі үлгі арқылы жасалады:

Тыныс алу жүйесі: ентігу (экспираторлы, инспираторлы және аралас), жөтел (құрғақ, қақырықпен, тұрақты, ұстама), кеуде қуысындағы ауыру сезімі (тыныс алу, жөтелу кезіндегі), қақырықтың сипаты (мөлшері, түсі, иісі, консистенциясы, қанның қосындылары).

Жүрек-қантамыр жүйесі: ентігу (тыныштық кзінде, күш түскенде, ұстама тәрізді), жүректің соғуы (жиі, ретті, ретсіз), жүрек аймағындағы ауыру сезімі ( сипаты, ұзақтығы, таралуы, себебі, басылуы және т.б.); ісінулер (орны, пайда болу уақыты).

Ас қорыту жүйесі: тәбеттің бұзылуы ( төмендеуі, жоғарылауы), диспепсиялық белгілер ( лоқсу, құсу, кекіру, қыжылдау), іш аймағындағы ауру сезімі (сипаты, орналасу орны, себебі, таралуы) іштің өтуі, қатуы, кебуі, ұзақтығы.

Зәр шығару жүйесі: бел аймағындағы ауыру сезімі, зәр шығуының, жиілігінің, түсінің өзгеруі, ісінулер.

Жүйке жүйесі: жұмысқа қабілетінің төмендеуі, ашушаңдық, ұйқының сипаты (қанша сағат ұйықтайды, тез ұйықтап, тез оянуы, ұйықтататын дәрілерді пайдалануы), басының ауыруы.

Аурудың даму тарихы (anamnesis morbi).  Ауру басталуының ерекшеліктерін анықтау қажет, ауру белгілерінің кенеттен немесе біртіндеп басталуы; олардың ағымы, себебі, дамуы; қолданылған ем, оның тиімділігі, соңғы нашарлауының себептері.

Созылмалы аурудың сырқатнамасында – оның басталған жылы немесе қанша жыл науқас өзін аурумын деп санайды, аурудың бірінші белгілері хронологиялық ретпен ең бірінші белгісінен бастап ауруханаға түскенге дейін; бәсеңсуі және асқынуы кезеңдері, асқынудың жиілігі.  Емдік және алдын алу шаралары, олардың тиімділігі;  қазіргі емханаға жатқызудың тікелей себептері, қандай белгілер пайда болды. Науқастың алған емін көрсету керек.

Науқасты тексеру әдістері

Өмірінің тарихы (anamnesis vitae). Ол үшін науқастан ағзасының ерекшеліктерін және оның әртүрлі тітіркендіргіштерге жауап беретін қасиетін, сонымен қатар, белгілі бір аурудың дамуына жағдай туғызатын кейбір себептер жөнінде мәліметтер алу қажет.

Өмір анамнезінің негізгі бөлімдері келесі: науқас жайында қысқаша өмірбаяндық мәліметтер (қай жерде, қашан туылды, қалай өсті, қанша жасында мектепке барды, бірге оқитын оқушылырдан артта қалған жоқ па; неше сынып бітірді, әскерде қызмет етуі, жоғарғы оқу орнында оқуы, мамандығы).

  • Өндірістік жағдайлар және кәсіптік зияндылықтар.
  • Әлеуметтік –тұрмыстық жағдайы. Тамақтану тәртібі және сипаты, күн тәртібі. Үйреншікті уланулар (ішімдік ішу, темекі шегу — қанша жыл темекі шегеді, саны)? Жанұялық өмірі, үйлену, тұрмысқа шығу уақыты, балаларының денсаулығы. Әйелдер үшін гинекологиялық анамнез: етеккірдің басталуы, жиілігі, екіқабаттылықтың, туудың, аборттың саны, климакс болған жағдайда: қанша жасында, оның көріністері.

Тұқым қуалаушылық: ата-анасының денсаулығы, ата- анасының, ағайын- әпкелерінің қайтыс болуының себептері. Ауру үшін маңызы бар дертке ерекше назар аудару қажет.

Аллергиялық анамнезі: дәрі – дәрмектерді, тағамдық өнімдерді, иістерді, т.б. көтере алмауы, қабылдамауы. Дәрі-дәрмекке аллергия болса, оның көріністерін анықтап табу: есекжем, беттің немесе көмейдің ісінуі, шок.

Эпидемиологиялық анамнезі: сары аурумен, туберкулезбен, жыныстық жанасудан туатын аурулармен өзінің ауруы немесе осы дерттермен ауырған кісілермен қатынаста болу, қан құйғызудың, оталардың болуы.

Сақтандыру анамнезі: жедел аурулар үшін – қай күннен бастап ауруды куәландыру қағазы берілген; қазіргі ауруы бойынша бір жыл ішінде қанша күн еңбекке жарамсыз болды. Мүгедектік тобы болса – мүгедектіктің қай тобы.

Науқасты жалпы қарау (реттілігі)

Жалпы қарау жүйе бойынша реттілігі сақталып жүргізіледі және науқаспен алғашқыда кездесіп, әңгімелескенде басталады.

Науқастың жалпы жағдайы, жалпы жағдайы  анықталады (қанағаттанарлық, орташа, ауыр, өте ауыр, өлім халінде).

Науқас есінің жағдайы: анық (сақталған), бұзылған: а) сопор — әңгіме арасында ұйқыға кетіп қалып отырады, сұраққа оянып жауап береді; б) ступор – есеңгіру-берілген сұрақтарға дәл жауап бермейді; в) кома-ес-түссіз жағдай; г) елерушілік, елестеушілік, сандырақтау.

Науқастың төсектегі жағдайы:

  • активті (белсенді) — өзіне жағдай жасай алады;
  • пассивті — енжар- айналасына енжарлықпен қарайды, өзіне жағдай жасай алмайды (сұлқ түсіп жату).
  • мәжбүрл і- дертіне сәйкес өзінің жағдайын жеңілдететін қалпы (мысалы- ентігу, тұншығу болса- тұрып отырады-ортопноэ).

Дене бітімін анықтау:

  • дене құрылымын (конституциясы) – астеник-бойшаң; нормостеник-қалыпты-орташа бойлы; гиперстеник-алыпты, аласа бойлы;
  • бойының ұзындығы;
  • салмағы;

Басты қарау-пішіні (сақталған, кішірейген, үлкейген), шаштың жағдайы (барлығы, жоқтығы, майлығы, қалыңдығы); бастың қалтырауы, мойын омыртқаларының қимылы (сақталған, шектелген).

Бет-әлпетін қарау-терісінің түсі.

  • Бетінің үшкірленуі — «Гиппократ беті».
  • Бүйрек дерттерінде ісінген, бозғылт бет-«facies nephritica»;
  • Жүрек ақауларында – көгеру (ернінің, бетінің, мұрнының, құлағының ұштары); «facies mitrale»;
  • Эндокриндік жүйе дерттерінде — facies Basedova — көзі бадырайып, қорқынышты, үрейлі, кірпіктері дірілдеп тұрады;

-қалқанша бездің жетіспеушілігінде — ісіңкі, дөңгеленген, енжарлық; айқын бозғылттық, бозғылттық сарғыштанумен;

-акромегалияда — иек, жақ, қас үсті сүйектерінің айқын үлкеюі – Иценго-Кушинга ауруында – ай тәрізді дөңгелек, көгерген, иегі шаштанған;

  • ұшықтар (герпес) – мұрнында, еріндерінде.
  • мұрынды қарау-мұрын қылқаны сақталған, қисайған, терісінің түсі көгерген.
  • ауыз қуысын қарау-кілеге қабаты (түсі, бөртпелер), тілі түсі, ылғалдылығы, тазалығы

Мойынды қарау— жуандығы, көзге көрініп тұрған қан тамырлардың соққысы, лимфа түйіндері, қалқанша бездің үлкеюі.

Терісін, кілегей қабаттарының, тері асты майының даму деңгейін қарау.

  • Терісі:

а) түсі (қалыпты, бозғылт, қызарыңқы, көгерген (цианоз), сарғайған, ақ таңдақтар, бөртпелер;

б) ылғалдылығы

в) құрғақтығы

г) серпімділігі

  • кілегей қабаттары-көздің, еріннің, ауыздың – түсі- бозғылт, сарғайған, көгерген.
  • тері асты шелінің дамуы-кіндік аймағында ер адамда, жауырын астында-екі саусақпен қалыңдығы тексеріледі (1,5-2,0 см)
  • ісіктер-орналасқан орны, таралуы; көрінбейтін ісіктер-тобықта саусақпен басу арқылы анықталады; таралған ісіктер-анасарка-дене бойынша.

Лимфа түйіндерін қарау-желкесінде, мойында, құлақ айналасында, жақ астында, бұғана үстінде, астында, қолтық асты, шынтақта, шапта, тізе асты- сипау арқылы мына мәліметтерді алу керек: көлемі, тығыздығы, қозғалғыштығы, ауырсынуы, терімен немесе бір-бірімен жанасуы.

Сүйектер мен буындарды қарау- қимыл көлемі (өзі жасайтын, көмекпен жасалатын); аурсынғыштығы, ісінуі, қызаруы, пішінінің өзгеруі; саусақтардың қолда домалақтануы («дабыл таяқшасы»), тырнақтардың тегістеліп, «сағат әйнегі» сияқты өзгеруі.

Бұлшықет еттерді тексеру:

  • даму деңгейін (азаюы-атрофия; симметрияланған: екі қолда, аяқта, иықта, кеуденің екі жартысында салыстырылады).
  • ауырсынғыштығын
  • тығыздығын
  • күшін

Алынған мәліметтерді жазып алу. Жазу үлгісі:

  • науқастың жағдайы қанағаттанарлық;
  • тері түсі өзгермеген (қалыпты);
  • терісі көгістенген;
  • шеткі лимфа түйіндері үлкеймеген;
  • шап лимфа түйіндерінің екі жағында да мөлшері моншақ тәрізді үлкейген, ауырсынғышты, жұмсақ, қозғалмалы;
  • буындарының пішіні өзгермеген, буындағы белсенді қозғалыстар толық көлемді.
Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (1 бағалар, орташа: 5,00 тен 5)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...