Жалпы жансыздандыру (наркоз)

Жалпы жансыздандыру (наркоз)

Заманауи анестезия оның жалпы және арнаулы компоненттері арқылы қамтамасыз етіледі.

Анестезияның жалпы компоненттеріне психикалық қабылдауды тежеу, гипорефлексия, наркоз, анальгезия, неровегетативтік блокада, миорелаксация, газ алмасу процестері мен қан айналысын қамтамасыз ету, зат алмасу процестерін реттеу жатады.

Анестезияның арнаулы компоненттері мыналар: терең немесе таяз гипотермия, жасанды қан айналысы, кардиоплегия, жасанды артериялық гипотензия, краниоцеребральдық гипотермия, ішпердесі диализі, көктамыр диализі, кардиостимуляция, лимфо-гемосорбция.

Наркоз кезінде науқас сыртқы ортамен байланысын біршама жоғалтады: науқастың санасы жоғалады, ауырсыну сезімі толық жойылады, бұлшық еттер босаңсиды, рефлекстердің басым көпшілігі жоғалады.

Наркоз кезінде сонымен қатар бас миы мен базальдық ганглийлердің (қоздырғыштарға сезімталдық толығымен жойылады) және жұлынның қозғалыс орталықтарының қызметі (бұлшық еттер босаңсиды) салданады. Арефлексия пайда болып, аяқ-қол қозғалмайды. Сопақша мидың қызметі өзгермейді, сондықтан өздігінен тыныс алу мен жүрек қызметі сақталады. Барлық анестетиктер өздеріне тән терапевтік әсер ету диапазонында қолданылады.

Терапевтік әсер ету диапазоны немесе амплитудасы деп анестетиктің терапевтік мөлшері мен улы мөлшерінің арасындағы айырманы айтады. Терапевтік диапазоны кең препарат неғұрлым қолайлы да қауіпсіз.

Наркоздың жіктелуі

  1. Орталық жүйке жүйесіне әсер ететін факторына байланысты:
  2. A) фармакодинамикалық наркоз — фармакологиялық препараттар арқылы әсер етеді;

Б) Электр наркозы — электр өрісімен әсер ету;

  1. B) Гипнонаркоз — гипнозбен әсер ету болып бөлінеді..

Наркоздың негізгі түрі фармакодинамикалық наркоз.

2.Препараттарды енгізу жолдарына байланысты:

  • ингаляциялық наркоз — наркоздық препараттар тыныс алу жолдары арқылы енгізіледі. Бетперделік, эндотрахеялық, эндобронхиалдық деп аталатын түрлері бар;
  • ингаляциялық емес наркоз — наркоздық препараттар тыныс жолдары арқылы емес, көктамырға немесе бұлшық ет арасына егу арқылы жіберіледі.

3.Қолданылатын препараттардың санына байланысты:

  • мононаркоз — бір наркотикалық препаратты қолдану;
  • аралас наркоз — екі немесе одан да көп препараттарды қолдану;
  • құрама наркоз — операцияның әр кезеңінде әртүрлі наркотикалық препараттарды және олармен қосарлап организмнің кейбір қызметтеріне айырықша әсер ететін препараттарды (миорелаксанттар, ганглиоблокаторлар, анальгетиктер) пайдалану. Соңғы аталған наркозды кейде көп компонетті анестезия деп те атайды.

4. Операцияның әр кезеңіне байланысты:

А) кіріспе наркоз — қысқа мерзімде әсер ететін, қозу фазасы болмайтын наркоз. Әдетте науқасты тез ұйықтату үшін, сонымен қатар негізгі анестетиктің мөлшерін азайту үшін қолданылады;

Б) қолдаушы (басты, негізгі) наркоз — операцияның басынан аяғына дейін қолданылатын наркоз. Негізгі наркозға басқа затты қосқан кезде ол наркоз қосымша наркоз деп аталады.

В) Базистік наркоз (базис — наркоз) — наркоздың жеңіл түрі. Бұл наркоз кезінде басты наркоз препараттарымен қоса бір мезгілде немесе оған дейін анестетик беріледі. Негізгі мақсат негізгі наркоз препараттарының мөлшерін азайту.

Наркоздың теориялары

Жалпы анестетиктердің әсерінің клиникалық көріністері ертеден белгілі болғанымен, олардың әсер ету механизмі ұзақ уақыт бойы белгісіз болды және осы кезеңге дейін толық түсінікті емес.

Наркоздың тарихи маңызы бар теориялары мен жалпы анестезияның әсер ету механизмі жөнінде заманауи түсініктер бар.

  1. Кронның коагуляциялық теориясы (1864ж.). Бұл теория бойынша анестетиктер клетка ішіндегі белоктарды ұйытып, жүйке клеткаларының қызметінің бұзылуына әкеп соқтырады.
  2. Германның липоидтық теориясы (1866). Бұл теория анестетиктердің майларда ертін қасиетіне негізделген. Ми тінінде липоидтердің мөлшері өте көп (лецитин, холестерин). Осының салдарынан анестетиктер липоидотроптық қасиетіне байланысты орталық жүйке жүйесіне жеңіл өтіп, наркоздық ұйқы шақыратын өзгерістер туғызады.

Анестетик май тіндеріне неғұрлым тез өтетін болса, соғұрлым оның анестетикалық қуаты басым болады (Мейер-Овертон заңы).

  1. Траубенің адсорбциялық немесе беттік керілу теориясы (1904- 1913жж.). Жоғары липоидтропты анестетиктер жүйке клеткаларының майлы қабығы мен қоршаған сұйықтың шекарасында беттік керілудің күшін азайтады. Осы кезде жүйке клеткаларының сыртына анестетиктер сіңеді. Клетка жарғақшасының химиялық қасиеттері бұзылып, ферментативтік процестер баяулайды, клетка ішіндегі зат алмасу процестері өзгереді. Мұның барлығы наркотикалық ұйқы түрінде клиникалық көрініс береді.
  2. Варбург (1911ж.) пен Ферворнның (1912ж.) тотығу — қалыптастыру теориясы. Бұл теория бойынша анестетиктер ми тіндері клеткаларындағы тотығу -қалыптастыру процестерін реттейтін ферменттерді тежейді.
  3. Асфиксия теориясы немесе гипоксиялық теория (Ферворн, Макинтош) наркозды ми клеткаларындағы тотығу процестерінің бұзылуымен түсіндіреді. Ми клеткасы кислородты сіңіру қабілетінен айырылып, оттегінің жетіспеушілігі пайда болады. Дегенмен, клетка ішінде оттегінің мөлшерінің азаюы наркоздың себебі емес, оның салдары болып табылады.
  4. Поллингтің су кристалдары теориясы (1961ж ). Бұл теория бойынша анестетик сулы ортада катиондардың клетка жарғақшасы арқылы көшуіне кедергі жасайтын кристалдар түзейді де, синапстар арқылы өткізу процестерін ішінара бәсеңдетеді. Нәтижесінде сезімталдық жойылады.
  1. Хобер (1907ж.) мен Винтерштейннің (1916ж.) жарғақшалық (мембраналық) теориясын кейінірек көптеген авторлар жетілдірді. Анестетик клетка жарғақшасының физико-химиялық қасиеттерін өзгерту, Ка+, К+ және Са+ иондарының тасымалдану процестерін бұзу арқылы қимыл потенциалдарының жасақталуы мен өтуіне әсер етеді.
  2. Апиын қабылдағыштарымен (рецепторларымен) өзара әсерлесу теориясы. Апиын қабылдағыштарын (рецепторларын) және эндогендік морфин тәріздес заттар — эндорфиндер ашылған соң, жалпы анестезия эндорфиндердің қанға бөлінуінен болады деген болжам пайда болды.

Наркоз жөніндегі заманауи түсініктер

Қазіргі кезде жалпы анестетиктердің әсер ететін нүктесі жүйке клеткаларының жарғақшасы деген көзқарас басым. Анестетиктердің фосфолипидтік екі қабықшаға енетіні дәлелденген, олардың клетка жарғақшаларының гидрофобтық аймақтарына да өтуі мүмкін деген болжамды әзірге жоққа шығаруға болмай отыр.

Қазір анестетиктердің молекулаларының орналасқан жерін ядролық магниттік резонанс әдісімен анықтайды.

Анестетиктердің клетка жарғақшасына әсері жөніндегі пікір екі түрлі: біреулері клетка жарғақшасын кеңейтеді десе, енді бірі оны жоққа шығарады.

Қазіргі дәуірде жарғақшаның көлемінің өзгеруіне емес, клетка жарғақшасын реттеудің бұзылуына көңіл ауып отыр.

Анестетиктердің әсер етуінің нәзік механизмдері жөніндегі мағлұматтардың бағалылығына қарамастан, наркоз орталық жүйке жүйесінің өзіндік функционалдық жағдайы деп қарастырылуда.

Осы концепцияны әзірлеу ісіне Н.Е. Введенский, А.А. Ухтомский және В.С. Галкин көп үлес қосты.

Парабиоз теориясына (Н.Е. Введенский) сүйенсек, анестетиктер жүйке жүйесіне күшті қоздырғыштар тәрізді әсер етіп, бөлекше нейрондар мен жүйке жүйесінің физиологиялық құбылмалылығын төмендетеді.

Соңғы кезде көптеген мамандар ретикулярлық теорияны (П.К. Анохин) қолдап отыр. Бұл теория бойынша анестетиктердің тежеу әсері мидың ретикулярлық формациясында көрініп, мидың жоғары жатқан бөліктеріне қарай өрлеу процестерінің төмендеуіне әкеп соқтырады.

Наркоздың ағымы мен сатылары

Наркотикалық затты организмге енгізген кезде заңды түрде белгілі бір сатылық болатыны анықталды. Наркоздың сатыларын эфирмен наркоз берген кезде анық байқауға болады. Осыған байланысты, эфир наркозының сатылары анестезиологияда стандарт есебінде қолданылады.Ұсынылған жіктеулердің ішінде кең тарағаны Гведелдің жіктеуі (классификациясы) болды. Бұл классификация бойынша наркоздың 4 сатысы бар.

Бірінші сатысы — анальгезия сатысы. Ұзақтығы 3-8 минут. Сананың біртіндеп бәсеңдеп, әрі қарай — толық жойылуымен сипатталады. Температуралық, тактильдік сезімталдық және рефлекстер сақталады, ауырсыну сезімі күрт азаяды. Бұл кезде сыртқары орналасқан ағзаларға қысқа мерзімді операциялар жасауға болады. Бұл наркозды рауш-наркоз деп те атайды.

Артурзио (1954ж.) наркоздың бірінші сатысын 3 кезеңге бөледі:

  • Біріншісі — шаршау кезеңі, толық анальгезия мен амнезия бола қоймаған кезеңі;
  • Екіншісі — толық анальгезия мен ішінара амнезия кезеңі;
  • Үшіншісі — толық анальгезия мен амнезия кезеңі.

Екінші сатысы — қозу сатысы. Науқастың санасы жойылған соң басталады. Ұзақтығы 1-5 минут. Сана толық жойылып, сөздік және қимылдық қозу процестерімен сипатталады. Бұлшық ет тонусы көтеріліп, тамыр соғуы жиілейді, қан қысымы жоғарылайды.

Наркоздың екінші сатысы ми қабаты астындағы түзілістердің белсенділігінің артуымен сабақтасты.

Үшінші сатысы — хирургиялық саты (наркоздық ұйқы сатысы). Анестезия басталған соң 12-20 минуттан кейін басталады. Организмді анестетикпен қанықтырған сайын, мидың жоғарғы қабаттары мен ми қабаты астындағы құрылымдардағы тежелу процестері одан әрі тереңдейді.

Хирургиялық сатының клиникалық көрінісі сезімталдықтың барлық түрінің жойылуымен, бұлшық еттің босаңсуымен, тамыр соғуының сиреуімен және қан қысымының төмендеуімен сипатталады.

Хирургиялық сатының 4 деңгейі бар.

  • Бірінші деңгейі  — көз алмасы қозғалатын деңгей. Науқас тыныш ұйықтап жатады, бұлшық ет тонусы, рефлекстер сақталған. Көз алмасы жәй, айналып қозғалып тұрады. Тамыр соғу жиілігі мен қан қысымы бастапқы деңгейде тұрады.
  • Екінші деңгейі  — мүйіз қабық рефлексінің деңгейі. Көз алмасы қозғалыссыз, қарашық тарылған, жарық реакциясы сақталған, бірақ мүйіз қабық және басқа да рефлекстер жойылған. Бұлшық ет тонусы төмен. Г емодинамика тұрақты. Тыныс алуы біркелкі, баяу.
  • Үшінші деңгей  — қарашықтың кеңею деңгейі. Қарашық кеңейіп, жарық реакциясы әлсірейді. Бұлшық ет тонусы күрт төмендейді. Тамыр соғуы жиілеп, қан қысымы сәл төмендейді. Қабырғалық тыныс әлсіреп, диафрагмалық тыныс өріс алады, тыныс жиілігі минутына 30 ретке дейін.
  • Төртінші деңгей (ІІІ4) — диафрагмалық тыныс деңгейі — клиникалық тәжірибеде наркозды бұл деңгейге дейін жіберуге болмайды. Бұл деңгей наркоздың шамадан тыс болып кеткендігінің және ақырғы кезеңнің белгілері болып табылады. Клиникасы: қарашық кеңейген, жарық реакциясы жоқ. Тамыр соғуы жіп тәріздес, қан қысымы өте төмен. Тыныс диафрагмалық, ырғағы бұзылған. Егер анестетикті организмге енгізуді тоқтатпаса, тамыр мен тыныс орталықтарының қызметі өшеді де, қан айналысы мен тыныс алу тоқтайды.

Наркоздың ІІІ, ІІ сатысына жетуге қажетті мөлшері мен улы мөлшеріне дейінгі аралықтағы анестетиктің концентрациясының диапазоны анестезиологиялық дәліз деп аталады. Ол неғұрлым кең болса, наркоз соғұрлым қауіпсіз болады.

Төртінші саты — ояну сатысы. Анестетикті беруді тоқтатқаннан соң басталады,рефлекстердің, бұлшық ет тонусының, сананың біртіндеп, наркоздың аталған сатыларына кері тәртіппен қалыпқа келуімен сипатталады.

Науқастың жағдайына, наркоздың тереңдігі мен ұзақтығына байланысты ояну сатысы бірнеше минуттан бірнеше сағаттарға дейін созылуы мүмкін.

Қозу фазасы көрнекті болмағанмен, бұл саты бойы толық анальгезия байқалады.

Анестезиология мен реаниматологияның арнаулы әдебиеттерінде наркоздың төртінші сатысын агониялық саты деп атайды. Сатының атынан көрініп тұрғандай, агониялық саты организмді наркотикалық затпен қанықтырудың ақырғы сатысы болып саналады. Аталған клиникалық белгілермен қатар тыныс тоқтауы, тамыр соғуы жойылады, артериялық қан қысымы анықталмайды, жабысқақ салқын тер бөлінеді, тері жамылғылары бозарып, қысқыштар шамасызданып кетеді, дәреттің еріктен тыс кетіп қалуы байқалады.

Тыныс тоқтаған соң 2-3 минуттан кейін жүрек тоқтап клиникалық өлімге соқтырады. Бұл кезде науқасты шұғыл реанимациялық шаралар ғана құтқаруы мүмкін. Олар мыналар: анестетикті жіберуді дереу тоқтату, жасанды қан айналысы, жасанды тыныс алдыру, гипоксия мен гиперкапнияның зардаптарын жою.

Жоғарыда атап өткеніміздей, наркоз аса терең ІІІ деңгейге дейін жіберілмеуі тиіс және операция аяқталған соң, анестетикті беру тоқтатылатындықтан бұл ІУ сатыда науқас оянады.

Осылайша, қазіргі кезде хирургиялық операциялар наркоздың үшінші сатысында (ІІІ- ІІ деңгейінде) жасалады, қысқа мерзімді операцияларды бірінші — анальгезия сатысында да жасауға болады.

Ингаляциялық наркоз наркотикалық қосындыны енгізу әдісіне байланысты бетперделік, эндотрахеялық және эндобронхиальдық болып бөлінеді.

Бетперделік наркоз

Бетперделік наркоз кезінде наркотикалық қосынды науқастың жоғарғы тыныс жолдарына әртүрлі құрылымды бетперделер көмегімен беріледі, әрі

қарай қосынды науқастың өз тынысы немесе еріктен тыс желдету арқылы өкпе көпіршіктеріне жетеді. Техникалық тұрғыдан бұл әдіс күрделі емес. Бірақ, тыныс жолдарының бос болуын қадағалап отыру керек. Ол басты мейлінше шалқайтып ұстап, төменгі жақ сүйегін алға шығару қажет немесе ауа түтігін пайдаланған дұрыс.

Осы кезде бетперделік наркоз аз жарақатты, ұзақ емес операциялар кезінде қолданылады.

Эндотрахеялық наркоз

Эндотрахеялық наркоз қазіргі заманда үлкен операцияларда бұлшық етті босаңсытуды керек ететін ингаляциялық наркоздың негізгі түрі. Бұл әдіс кезінде наркотикалық қосынды трахея мен бронх тармақтарына, ауыз қуысы мен жоғары тыныс жолдарынан өтіп барып беріледі.

Эндотрахеялық наркоз беру үшін трахеяға түтік қою керек (интубация жасау).

Эндотрахеялық наркоздың артықшылықтары.

  1. Пайдасыз кеңістік болмағандықтан, анестетикті дәл мөлшерлеуге мүмкіндік бар.
  2. Наркозды тез басқару (наркотикалық қосынды тікелей көпіршіктерге жеткізіледі).
  3. Тыныс жолдары бос болуының сенімділігі.
  4. Аспирациялық асқынулар болмайды.
  5. Трахея мен бронх тармақтарын тазарту мүмкіндігі.

Эндобронхиальдық наркоз. Эндобронхиальдық наркоздың көрсеткіштері шектеулі. Ол бір өкпені ғана, немесе екі өкпені де әртүрлі режимде желдету қажет болған кезде қолданылады. Түтікті бір басты бронхқа ғана қоюға немесе екі бронхты да бөлек интубация жасауға болады.

Көктамырішілік анестезия. Наркозға тез енгізу, қозудың болмауы, жағымды ұйықтап кету көктамырішілік жалпы анестезияның артықшылықтарына жатады. Бірақ, бұл препараттар қысқа мерзімде әсер ететіндіктен ұзақ операцияларға тек өздерін қолдану мүмкін емес.

Көктамырішілік анестезияда әртүрлі топтарға жататын препараттар қолданылады.

Студенттерге мазмұндауды жеңілдету, әрі қарапайымдап жеткізу үшін көктамырішілік анестезияның ішінен жеке көктамырішілік наркозды, орталық анальгезияны, нейролептоанальгезияны және атаральгезияны бөліп айтқан жөн.

Көктамырішілік наркоз. Көктамырішілік наркоз, анестезияның басқа түрлері сияқты, таза, мононаркоз түрінде сирек қолданылады.

Көктамырішілік наркоздың қасиеттерінің әр алуандығына қарамастан, оның басты да ажырамас көрінісі — сананы жою болып табылады, ал сыртқы қоздырғыштарға реакцияның бәсеңдеуі, яғни жалпы анестезия, екінші кезекте орталық жүйке жүйесінің терең наркотикалық тоқырауы салдарынан болады.

Бұлардың ішінде кетамин препараты ғана ерекшеленеді — оның қуатты анальгетикалық әсері сана бар немесе ішінара жойылған кезде де көрініс береді.

Көктамырішілк наркоз препараттары ретінде төмендегідей дәрілер топтары пайдаланылуы мүмкін:

Барбитур қышқылының туындылары:

  1. Гексенал.
  2. Тиопентал натрия

Олар осы күнге дейін көктамырішілк наркоздың негізгі препараттары болып отыр.

Бұл препараттарды өз алдына, таза күйінде негізгі наркозға сирек қолданады. Кіріспе наркоз үшін, ингаляциялық анестетиктердің жағымсыз көріністерін болдырмау мақсатында қолданылады. Кейбір жағдайларда жалпы анестезияның бір компоненті ретінде де қолданылуы мүмкін.

Барбитураттарды көктамырға тездетіп жібергенде тыныс орталығының қызметі мен гемодинамика бұзылады. Жасанды тыныс алдыру аппараты болмай, барбитураттармен наркоз бастауға болмайды!

Барбитураттар наркозына мынадай қарама-қайшылықтар бар: жүрек шамасыздығы, жүрек дерттері, тыныс демікпесі, гиповолемия, ацидоз, бауыр қызметінің бұзылуы, миастения, Аддисон ауруы, жасанды тыныс алдыру аппаратынсыз жасалатын амбулаториялық манипуляциялар.

2.Стероидтық анестетиктер

  1. Виадрил.
  2. Альтезин.

Виадрилді бауыр мен бүйрек патологиясы немесе ауыр улану (интоксикация) жағдайындағы науқастарға, кеш токсикозбен ауыратын жүкті әйелдерге кесар тілігі операциясын жасаған кезде қолданады. Асқынуларынан кейде тамырға жіберген жерде қабыну (тромбофлебит) байқалуы мүмкін.

Альтезиннің гемодинамикаға әсері мардымсыз, жүйке-бұлшық ет берілісін бұзбайды, көмей-трахея рефлекстеріне әсер етпейді, анестезиядан соң науқастың есі тез кіреді.

Альтезин травматология мен гинекологияда кеңінен қолданылады.

Кемшіліктері: анестезиялық әсері әлсіз, 0,1 мг/кг мөлшерінде тыныс пен қан айналысын нашарлатады.

Пропанидид (сомбревин) — өте қысқа мерзімде әсер ететін барбитартық емес анестетик. Шағын, қысқа мерзімді операцияларға пайдаланылады. Анестезия иненің ұшында пайда болады. Орталық нерв жүйесінің қызметі де қалпына өте тез келеді.

Сомбревин наркозының ең қауіпті жақтарының бірі аллергия немесе анфилактикалық шок. Осыған байланысты сомбревинді аллергиясы бар, шокта жатқан, бауыр, бүйрек, жүрек шамасыздығымен, гемолитикалық қан аздылықпен (анемиямен) ауыратын науқастарға қолдануға болмайды. Сомбревиннің аллергия қоздыратын қасиеттерін басу үшін оны хлорлы кальциймен 1: 1 қатынаста бір шприцпен жіберу керек.

Кетамин (калипсол, кеталар). Бұл препараттың әсерінің нейрофизиологиялық механизмдері өзіне ғана тән және мидың әртүрлі субстанцияларының арасындағы байланысты ажыратуға негізделген. Осы себепті кетаминді басқа препараттармен қатар қоя алмаймыз. Кетаминнің терапевтік әсері өте кең, улы әсері өте аз, сондықтан бүгінгі таңда ол кеңінен қолданылып жүрген препарат.

Препаратты жібергеннен соң 1-2 минуттан кейін ауырсыну сезімі жойылады (анальгезия пайда болады). Кейде науқастың санасы жойылмауы да мүмкін. Бірақ науқастар ретроградтық амнезияның салдарынан болған жайттарды есінде сақтай алмайды. Кетаминді шынайы анестетик деп қарастыруға да болады. Анальгезия операциядан кейін ұзақ уақыт бойы сақталады. Өзіне тән қасиеттеріне елестеу (галлюцинация) жатады.

Натрий оксбутираты (ГОМК). Ең «жұмсақ» анестетик. Қатаң науқастарға қолданылады. Улы әсері өте аз, сонымен қатар гипоксияға қарсы әсер ететін қасиеті бар. Бірақ, анальгезия мен миорелаксация қажетті деңгейде емес. Сондықтан басқа препаратармен қосарлап пайдалануды қажет етеді.

Диприван. Көктамырішілік наркоздың жаңа препаратының бірі. Қысқа мерзімде әсер етеді. Кіріспе наркоз үшін таңдаулы препараттар қатарына жатады.

Орталық анальгезия

Орталық анальгезия көпқұрамды жалпы анестезияның, негізгі қорғаныш элементтері (гипорефлексия, анальгезия, нейровегетативтік тежелу) нейролептиктерді, анальгетиктерді, көп мөлшерде көктамырға жіберуге негізделген, варианттарының бірі.

Орталық анальгезияның мәтіні орталық нерв жүйесін өзгертуде, бұл өзгерістер кезінде ауырсыну сигналдары мен олардың топтасуы және ауырсыну сезіміне жауап реакция жасақталатын құрылымдардың функциясы бұзылады.

Орталық анальгезия әдісін қолдануға көрсеткіштер: ауқымды операциялық жарақат, кеуде қуысындағы ағзаларға жасалатын операциялар, жасанды қан айналысын қолданатын операциялар. Орталық анестезия үшін, әдетте, морфин, фентанил, промедол, морфин мен фентанилді қосарлап пайдаланады.

Нейролептоанальгезия

НЛА — қуатты нейролептик  дроперидол мен наркотикалық анальгетик фентанилді қосарлап пайдалануға негізделген көктамырішілік анестезия әдісі.

Анестезияның бұл түрінің артықшылығы тез пайда болатын енжарлықпен, қимылдық мазасызданудың, хирургиялық агрессияға вегетативтік және метаболикалық реакциялардың болмауымен сипатталатын орталық жүйке жүйесіне өзіндік әсерінде. НЛА әдетте құрама анестезияның бір компоненті ретінде немесе жергілікті анестезиямен қосып пайдаланылады. НЛА азоттың шала тотығымен бірге жасанды тыныс алдыру арқылы жиірек жүргізіледі.

Атаральгезия

Атаральгезия — жалпы анестезияның, негізіне седативтік препараттарды, транквилизаторларды және анальгетиктерді қосарлап пайдалану арқылы жететін атараксия мен анальгезия жататын әдісінің жалпылама атауы.

«Атаральгезия» терминін Эи Саііаг (1958ж.) үсынған. Атарактик ретінде сибазон (диазепам) жиі қолданылса, анальгетик ретінде пентазоцин, фентанил, дипидолор, декстроморамид пайдаланылады. Атаральгезия — сананы жою, анальгезия, нейровегетативтік қорғау және миорелаксацияға бағытталған көп компонентті анестезия.

Атаральгезияға қолданылатын негізгі препараттар: сибазон, декстроморамид, пиритрамид, пентазоцин.

Күнделікті тәжірибеде бұлшық еттерді толық босаңсыту үшін, бұлшық ет релаксанттарының атқаратын ролі зор.

Бұлшық ет релаксанттары (кураре тәріздес заттар) — жүйке-бұлшық ет берілісін тежеу арқылы бұлшық еттерді босаңсытатын препараттар. Бұлшық ет релаксанттары мынадай мақсаттарға пайдаланылады:

  1. Наркоз кезінде бұлшық еттерді босаңсыту үшін, мұның өзі анестетиктің мөлшерін, наркоздың тереңдігін азайтуға мүмкіндік береді;
  2. Жасанды тыныс алдыру үшін;
  3. Құрысу мен бұлшық ет сіреспесін (гипертонусын) басу үшін;

Бұлшық ет тонусының болмауы немесе оның күрт төмендеуі үлкен, қуыстық операциялардың міндетті құрамдарының бірі.

Бұлшық ет релаксанттарын огранизмге жіберген кезде тыныс алу тоқтайды, сондықтан жасанды тыныс алдыру керек ететінін есте әрдайым сақтау қажет. Әсер ету механизміне байланысты бұлшық ет релаксанттары үйексіздеңдіретін (деполяризациялайтын) және үйексіздеңдірмейтін (деполяризацияға қарсы) релаксанттар болып 2 топқа бөлінеді. Әсер ету ұзақтығына байланысты — қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді релаксанттар болып бөлінеді.

Үйексіздендірмейтін (деполяризацияға қарсы) бұлшық ет релаксанттарының әсер ету механизмінің негізіне олардың жалғама артындағы (постсинапстық) жарғақшадағы (мембрана) ацетилхолин рецепторларын тежеуі, соның салдарынан ацетилхолиннің деполяризация процесін және импульс берілісін іске асыра алмауы жатады.

Негізгі препараттары мыналар: тубокурарин, диплацин, павулон, диоксоний. Бұл препараттардың барлығы да ұзақ әсер ететін (30-40мин) релаксанттар.

Бұл топтың қарсыласы ( антагонисті) прозерин. Бул препаратты, әдетте, аталған препараттардың әсерін жою үшін қолданады (декураризация).

Үйексіздендіретін (деполяризациялайтын) бұлшық ет релаксанттарының әсер ету механизмінің негізінде — қозу процестерінің берілуіне кедергі жасайтын, жалғама артындағы (постсинапстық) жарғақшадағы (мембрана) ұзақ уақыт бойы үйексіздену процесі жатыр. Бұл препараттардың барлығы дерлік қысқа мерзімде (7-10мин) әсер етеді. Бұл топтың негізгі препараттары: листенон, дитиллин, миорелаксин.

Жалпы анестезия барысында, операциядан кейінгі қарқынды ем және реанимация кезінде организмнің маңызды функцияларын жасанды жолмен атқаруға тура келеді: басқарулы гипотония, жасанды салқындату (гипотермия) және жасанды қан айналысы.

Операция кезінде артериялық қан қысымын жасанды жолмен төмендету басқарылатын гипотония деп аталады. Бұл шара нейрохирургиялық операциялар, қан тамырларына операция жасау кезінде қан кетуді азайту үшін және қан қысымы шамадан тыс жоғары болған кезде қолданылады.

Қарама-қайшылықтар: тәж артерияларының жедел жеткіліксіздігі, геморрагиялық шок, бұрын болған миға қан құйылу, миокардит, глаукома, бауыр мен бүйрек дерттері.

Басқарулы гипотонияны наркозбен жүргізу керек, кейде гипотермиямен қосарлауға болады.

Жиі қолданылатын препараттар: бензогексоний, пентамин, гигроний, арфонад, натрий нитропруссиді.

Гипотермия (салқындату) — дене қызуын уақытша төмендету. Г ипотермия кезінде тотығу процестері баяулайды, зат алмасу процестерінің қарқыны бәсеңдейді, соның салдарынан клеткалар тұтынатын оттегінің мөлшерінің азаюына төзімді болады, кейбір рефлекторлық реакциялар тежеліп, ішінара жансыздану процестері орын алады. Гипотермия арқылы наркотикалық препараттардың мөлшерін азайтып, олардың улық әсерін бәсеңдетуге болады.

Қазіргі кезде терең гипотермия кеңінен қолданылуда, бұл кезде тік ішектегі температура +18 градус және одан да төмен.

Мұндай әдіс қолдана отырып, орталық нерв жүйесінің қызметін бұзбай, қан айналысын 60-70 минутқа тоқтатып, «ашық» жүректе операция жасай беруге болады. Гипотермия әдісі кардиохирургияда, транспланталогияда, миға операция кезінде және реаниматологияда кең қолданылуда.

Дене қызуын фармакологиялық заттар және физикалық әдістер арқылы төмендетуге болады.

Бұл әдісті қолдану кезінде болатын асқынулар: жүрек ырғағының бұзылуы, қарыншалар фибрилляциясы, көктамыр мен артериялық қан қысымының көтерілуі.

Жасанды қан айналым

Жасанды қан айналысының мәтіні — жүрек тоқтаған кезде, жасанды қан айналысы аппараты арқылы организмді қанмен қамтамасыз ету.

Жасанды қан айналысы аппаратын 1924 жылы алғаш ойлап шығарған кеңес ғалымы С.С. Брюхоненко. Ол «автожектор» деп аталатын аппарат құрастырып шығарып, әлемде бірінші болып, иттің организміне жасанды қан айналысын жүргізді.

ССРО-да жасанды қан айналысын қолдана отырып, жүрекке операция жасаған А.А. Вишневский болды.

Жасанды қан айналысы тек қана хирургиялық тәжірибеде ғана емес, реаниматологияда да қолданылады. Оның ішінде, жасанды қан айналысы әртүрлі баламалар түрінде клиникалық өлім, кардиогендік және геморрагиялық шок кезінде өмірлік маңызды ағзалардың қызметін қолдау және қалпына келтіру үшін пайдаланылады. Насостар мен оксигенаторларды жетілдіру нәтижесінде жасанды қан айналысын бірнеше тәулік бойы жүргізуге қол жетті.

Жасанды қан айналысының артықшылықтары:

  1. Ашық жүрекке ұзақ операциялар жасау мүмкіндігі;
  2. Басқарудың оңайлығы;
  3. Жылуалмастырғыш арқылы науқасты тез салқындату (жылыту) және дене қызуын қажетті деңгейде ұстап тұру мүмкіндігі;
  4. Жасанды қан айналысын реанимациялық мақсатта ұзақ уақыт бойы ұстап түру мүмкіншілігі.

Кемшіліктері:

  1. Сағаттық перфузиядан соң гемолиздің өршуі;
  2. Үлкен қан тамырларына түтік қою қажеттігі;
  3. Көп мөлшерде донорлық қан қажеттігі;
  4. Жоғары санатты қызметкерлер қажет ететіндігі, өте ұзақтығы әрі күрделілігі.

Жалпы жансыздандыру мәселелерін қорыта келіп, ингаляциялық наркоздың үлкен, қуыстық операцияларға жеке түрде қолданылмайтынын тағы да атап өткіміз келеді.

Қазіргі замандағы ең бір сенімді, басқаруға ыңғайлы және әмбебап анестезия — интубациялық құрама наркоз. Бұл анестезия кезінде жалпы анестетиктер, бұлшық ет релаксанттары және нейролептоанальгезия препараттары пайдаланылады.

Құрама интубациялық наркоздың артықшылықтары мынадай:

  1. Науқастың наркозға қозу фазасыз тез енуі;
  2. Наркотикалық қосындыны трахеяның ішіне енгізу мүмкіндігі: анестетикті дәл мөлшерлеу, тыныс жолдары әрдайым және сенімді бос болады, аспирациялық асқынулардың алды алынады, трахея — бронх тармақтарын тазалау мүмкіндігі.
  3. Наркоздың улы әсері азаяды;
  4. Бұлшық ет релаксанттарын пайдалану арқылы наркоздың ІІІ сатысында, кейде анальгезия сатысында да операция жасай беруге болады. Осылайша анестетиктің мөлшері мен асқынулар қаупі азая түседі.

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Анестезиология ғылымы және наркоз даму тарихы
  2. Анестезиялаушы заттар (анестетиктер)
  3. Жергілікті анестезия
  4. Наркоз үшін қолданылатын препараттар

 

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (әлі баға қойылмады)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...