Тері қондыру

Теріні қондыру принциптері

Теріге пластикалық операция жасау ерте кезден Египет,Тибет, Ежелгі Индия және т.б. елдерде жасалған. 1597 жылы сол кездегі атақты италия профессоры бет дефектісін жабу үшін иық терісін пайдалануды егжей-тегжейлі зерттеп жазған. Кейіннен бұл әдіс кең қолданылып, қазір  «Италиялық әдіс» деген атпен белгілі. 1865 жылы Н.И.Пироговтың оқушысы Ю.К.Шимановский тері пластикасы хирургиясын зерттеп, операция алдында есептеулер мен жоспар құрып алу керектігін ерекше атап көрсетті. 1869 жылы С.П.Янович-Чайнский және Реверден еркін трансплантация әдісін қолдануды ұсынды. Кейіннен әдіс модификацияланды және жетілдірілді. Бұл жерде В.П.Филатов өте зор үлесін қосты. Тері пластикасына Н.А.Богораз, Ю.Ю.Джанелидзе, А.Э.Рауэр, А.А. Лимберг,Н.Н.Блохин т.б хирургтар көп көңіл бөлді.

Тері дефектісін жергілікті тіндермен алмастыру:

Жергілікті тіндермен пластика жасау тері дефектісін (операциядан кейін, тыртықты алған соң) өзінің айналасындағы сау тіндермен алмастыруға негізделеді. Жергілікті тіндерді қолданудың ең қарапайым әдісі – жара шеттерін бір-біріне қосу және жара көлемін азайту үшін одан алшақтау жатқан аймақты босаңсыта тілу. Босаңсыта тілуді тері дефектісінің белгілі аймағынан жүргізеді, ал қозғалғыштығын жоғарылату үшін бірнеше жерден тілуге болады. Бұл әдісті көбінесе тігіс салу теріні қатты тартып тастайтын жағдайда немесе теріде кішігірім дефект қалатын операцияларда (сүт безінің ампутациясы, терінің үлкен тыртықтарын алып тастау) қолданады.

Жергілікті пластикалық операцияның негізгі әдісі – қарама-қарсы орналасқан тері лоскуттарын әр-түрлі фигуралар түрінде (үшбұрыш, ромб) бір біріне қосу.

1946 жылы А.А.Лимберг жергілікті тіндер қорын үнемді пайдалануға математикалық есептеулер жүргізе отырып, тұңғыш рет жергілікті пластикалық операцияның объективті әдісін құрастырды. Осы әдісті қолдан отырып операция  алдында дефектті толық жабатын және созылу тудырмайтындай етіп (лоскут шеттерінің өлі еттенуі мүмкін) қарама – қарсы үшбұрышты лоскуттардың орын ауыстыру жоспарын құрастырды.Тіндердің тіршілік қабілетін жоғарылату үшін лоскутты тері асты шел қабаты және  фасциясымен бірге тіледі.

Бұл әдіске көрсеткіштер: беттің тыртықты деформациясы, аяқ-қолдың трофикалық жаралары, операциядан кейін үлкен жара қалуы. Кез келген тері пластикасында лоскуттың жаңа орынға бейімделуі үшін жараны өңдеу маңызды. Ол үшін жараны жаңарту, грануляцияланған тыртықтанған тіндерінен капиллярлық қанау пайда болғанша тазарту қажет.

Қоректендіруші аяқтары бар тері лоскуты арқылы пластика жасау әдісі

  • Итальяндық әдіс
  • Филатов әдісі

Итальяндық әдіс. Бұл әдіс бір уақытта қоректендіруші аяқтары бар лоскутты дайындай отырып оны тері дефектісі орнына көшіруге негізделген. Лоскутты үлкен аралыққа тасымалдауға ыңғайлы орыннан, яғни қол немесе аяқтан алады. Лоскутты алуда оның артық иілуінен және созылуынан сақтау керек.

тері қондыру принціптері

Филатов бойынша стебель тәрізді лоскутпен пластика жасау

Филатов әдісінде екі қоректендіруші аяғы бар стебель тәрізді ұзын тері лоскутын дайындап алады да, жара жазылған соң және сәйкес жаттығулардан соң бір ұшымен тері дефектісіне тігеді.

Жергілікті новокаинді анестезиядан кейін қажетті ені мен ұзындығын анықтап,теріден параллель екі тілік жүргізеді.Тіліктің  соңына таяған жерінде екі жаққа тарап кетеді. Алынатын тері ұзындығы 5-10 см, ені 5-40 см дейін жетуі мүмкін. Ол лоскут алынатын орынға, шел қабатының қалыңдығына,тасымалданатын орын алыстығына, лоскутты алған соң қалатын тері шеттерінің біріктірілу мүмкіндігіне тәуелді. Тері лентасын алудың ең қолайлы жері – алдыңғы құрсақ қуысы.  Лоскутты алу процесінде оның қалыңдығы барлық жерінде біркелкі екендігін қадағалау қажет. Оны шел қабаты және тері асты фасциясымен бірге алады және шеттерін түтік тәрізді етіп бір-біріне тігеді.Тігіс үшін жіңішке жібек немесе капрон жіп пайдаланылады. Лоскут тігілген соң, алынған аймақ терісі тігіледі. Бұл кезде ілмекпен лоскутты көтеріп тұрады, оның терімен бітіскен ұштарын мұқият тігу қажет. Лоскутты жеңіл таңады, тігісін 8-10 күннен соң алады.
Коллатеральді қан тамырлары лоскутта жақсы дамуын қамтамасыз ету үшін тігіс алынған соң күнделікті жаттығу жасап отыру қажет.Ол үшін жұмсақ резеңке түтікпен әсіресе орын ауыстыратын ұшын тартып, қозғап отырады

Стебельді лоскутты тасымалдау механизмі

Жаттығулардан кейін лоскуттың бір аяғын білезіктің алдын-ала кесіп дайындалған бөлігіне орналастырады. Яғни, лоскуттың бір аяғы кеудеде қалады, екіншісін білезікке көшіреді.Осы жерде 2-3 апта жаттығу жасалады. Кейіннен лоскуттың енді кеуде бөлігін ажыратып тері дефектісіне орналастырады. Жара толық сауыққанша білезікпен бірге қалдырылады.Осыдан кейін ғана білезікте қалған лоскутты пайдаланады.

Теріні еркін қондыру

Негізгі үш түрін ажыратады:

  • Қалыңдығы 0,2-0,3мм.болатын жұқа теріні қондыру. Мұнда тері эпидермисі және емізікше қабат ғана болады.(Реверден,Тирш бойынша)
  • Орташа теріні қондыру,0,4-0,6 мм.(Янович-Чайнский, Педжет)
  • Теріні бүкіл қалыңдығы бойынша қондыру (Яценко, Лоусон, Краузе, Дуглас, Парин, Джанелидзе)

Тирш әдісімен теріні қондыру

Операция алдында дефект орнын және трансплантант алынатын аймақты дайындап алады. Грануляцияланған тіндерді скальпельмен алып тастайды немесе антисептикалық примочка қояды.Осы жерде гемостазды өте мұқият қадағалау қажет. Себебі трансплантант пен дефект арасында гематома түзілуі мүмкін.Трансплантантты көбінесе сырт жақ сан терісінен алады. Ол жерді алдын-ала сабындап жуып, спиртпен өңдейді.Йодпен өңдеуге болмайды, себебі, терінің тіршілік қабілеті төмендеп кетеді.

Трансплантант алынатын терінің бүкіл бойымен 0,25% новокаин ерітіндісін тері астына енгізеді. Ассистент алынатын теріні қарама қарсы жаққа тартып ұстайды, ал хирург дерматоммен алдын –ала белгіленген тері көлемін тіліп алады. Арасында физиологиялық ерітінді құйылып отырылады.Трансплантантты жара шетіне аз ғана тигізбей орналастырады да, бетіне жұқа марля жауып, бинтпен орап тастайды.Таңуды 14-15 күннен соң ауыстырады.

Орташа қалыңдықтағы теріні қондыру

Мұндай қалыңдықтағы трансплантантты травма кезіндегі жас жара орнын жабу,әр түрлі тыртықты деформацияларды өңдеу, алынып тасталған ісіктер орнын жабу және т.б. жағдайларда қолданылады. Бұл тәсіл де дерматом көмегімен жүзеге асырылады. Дерматомның барабанының үстіне 0,12-0,15 мм.фибринді пленка жабады. Пленканың бетіне және алынатын тері бетіне Колокольцев желімін жағады.Трансплантант алынған соң пленкасымен бірге дефект орнына шетінен 0,3-0,5 см. шығып тұратындай етіп жабыстырылады да кетгутты жіппен сирек етіп тігіледі.Донорлық тері орнына құрамында құрғақ тромбин, пенициллині бар ұнтақ себіледі.Таңуды 8-10 күннен соң ауыстырады. Осы кезде шеттеріндегі артық теріні алдын-ала антисептикпен жібітіп, алып тастайды.

Тері лоскутын бүкіл қалыңдығымен қондыру. Теріні барлық қабатымен қондырудың маңызы зор. Себебі мұндай тері сыртқы факторлар әсеріне төзімді болады.Тартылып қалмайды, бүріспейді.Тыртық аз қалады. Бірақ донорлық аймақта эпителий тіні өзінен өзі өсіп шықпайтындықтан оны жабу қиын болады. Сондықтан көбінде трансплантант терісінің көлемін арттыру үшін оны бірнеше жерден тіліп немесе тесіп созылғыштығын жоғарылатады.

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Жүрек трансплантациясы
  2. Трансплантология негіздері

 

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (2 бағалар, орташа: 5,00 тен 5)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...