Жалпы қан анализі мен жалпы зәр анализіне дайындық ережелері.

Қан анализі

Жалпы қан анализіне дайындық ережелері:

  1. Қан таңертең аш қарынға тапсырылады (немесе күндізгі және кешкі сағаттарда, ас қабылдағаннан кейін 4-5 сағаттан соң). Зерттеуден 1-2 күн бұрын тамақ мәзірінен құрамында көп мөлшерлі майы бар тағам түрлерін алып тастаған жөн болады.
  1. Қан көрсеткіштері күні бойы өзгеріп отыруы мүмкін, сондықтан талдауларды таңертеңгі сағаттарда тапсырған абзал.
  1. Зерттеу алдында (24 сағат бойы) алкоголь, физикалық жүктеме, дәрілік құралдарды қабылдауды (дәрігермен кеңесе отырып) болдырмау керек.
  1. Қан тапсырудан 1-2 сағат бұрын шылым шегуге, шырын, шай, кофе ішуге болмайды, газдалмаған су ішуге болады. Физикалық жүктеме (жүгіру, баспалдақпен тез көтерілу), эмоциялық қозуға жол бермеу керек. Қан тапсыруға 15 минут қалғанда демалып, тынығып алу қажет.
  1. Физиотерапиялық шаралар, құралдармен зерттеу, рентгенологиялық және ультрадыбыстық зерттеулер, массаждан және басқа да медициналық шаралардан кейін бірден зертханалық зерттеуге арналған қан тапсыруға болмайды.
  1. Динамикадағы зертханалық көрсеткіштерді бақылаған кезде қайталама зерттеуді бірдей жағдайда өткізуге кеңес беріледі – бір зертханада, бірдей тәулік уақытында қан тапсыру қажет.
  1. Зерттеуге қанды дәрілік заттарды қабылдамас бұрын немесе оларды қабылдау тоқтатылғаннан кейін 10-14 күннен ерте емес мерзімде тапсыру қажет. Кез келген препаратпен емдеу тиімділігін бақылау үшін зерттеуді препаратты қабылдаудың соңғы күнінен 7-14 күн өткен соң ғана өткізуге болады.

Жалпы ережелерді барлық талдауға қолдануға болады, бірақ кейбір зерттеулерге арнайы дайындық пен қосымша шектеуліктер қажет.

Жалпы зәр анализін тапсыруға дайындық ережелері

  1. Ең бірінші кезекте қойылатын талап — зәрді арнайы ыдысқа жинамас бұрын, гигиеналық талаптарды сақтау қажет. Мүмкіндігінше, ванна қабылдап, тазаланыңыз! Бұл бірінші пункт дұрыс болмаса , зәр анализінің сапасы төмендейді .
  2. Зәр жинайтын ыдысыңыз өте таза болсын. Майлы болмасын. Кір жуатын ұнтақпен ыдысты жуу міндетті емес, бірақ ыдысыңызды жылы немесе ыстық сумен мұқият шайыңыз немесе жуыңыз. Осы бірінші және екінші ереже – сапаның болуына және зәр анализінің қате тұжырымдамасын болдырмауға себеп болады.
  3. Анализ тапсыруға 8-10 сағат қалғанда тамақ ішпеңіз. Алкаголь, газды сусын ішуге болмайды. Түрлі түсті тағамдарді жеуге болмайды: сәбіз, свекла және т.б. Түрлі түсті тағамдар зәрдің түсін өзгертіп жібереді де, анализ қате болып шығады.
  4. Әйел адамдар үшін етеккір циклі уақытында анализ тапсырылмайды.
  5. Анализ тапсырар кезде диуретиктер қабылдамаңыз.
  6. Мүмкіндігінше зәр жинайтын арнайы контейнерді қолдануға болады.

 

Жалпы зәр анализін дұрыс жинау ережелері

  1. Таңертеңгілік зәрден 50 мл шамасында зәр жинау керек. Дұрыс жинау үшін , шыққан зәрдің  алғашқы біраз бөлігін (1-2 секунд аралығындағы бөлігін ) унитазға сындырасыз. Содан кейін контейнерге 50 мл шамасында жинайсыз да, қалған бөлігін  унитазға сындырасыз.   Осылайша зәрдің орта бөлігін алу дұрыс болып саналады.
  2. Зәрді жинаған соң, ыдысыңыздың аузын бірден жауып қойыңыз.
  3. Ыдысыңыздың сыртына толық аты –жөніңізді , зәрдің жиналған уақытын ұмытпай жазыңыз.
  4. Жиналған зәр 1,5-2 сағатқа ғана жарамды екенін ұмытпаңыз .
  5. Барлық емдік мекемелер зәр анализін таңғы сағат 8:00 мен 9:00 аралығында қабылдайды.

 

Жазған: Еркебулан Молдаханов

Семей мемлекеттік медицина университетінің интерн дәрігері

18.10.2016 ж

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (1 бағалар, орташа: 5,00 тен 5)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...