Қант диабеті кезіндегі диета

Қант диабеті кезіндегі емдәм

Қант диабетінде асқынудың алдын алу үшін үнемі қандағы глюкоза деңгейін бақылап отыру қажет. Глюкозаның жоғары деңгейі бірден білінбей, көп жыл өткен соң көрінетін асқынуларға әкелуі мүмкін. Бұл асқынулар кеш болып саналып, өмірлік маңызды мүшелер мен жүйелерге әсер етеді: көз, жүйке, бүйрек пен қантамырлары. Кейде диабеттің алғашқы анықталуы кезінде де кеш асқынулар табылуы мүмкін. Тек глюкозаның деңгейін қалыпта ұстау ғана қант диабетінің кеш асқынуынан сақтайды. Диабеттің асқынуын нақты табу мақсатымен толық тексерістен өту қажет: дәрігер көзіңізді, аяғыңызды қарауы керек, бүйректің, жүректің жұмысын зерттеу қажет, холестерин деңгейін анықтап, артериялық қысымды өлшеу қажет.

Жүйкенің жағдайын зерттеу қажет, олар зақымданғанда диабеттік нейропатия деп аталатын асқыну дамиды. Диабеттік нейропатияның көптеген әйгіленімдері бар: шаншу, дене жыбырлау, жансыздану, аяқтың ауырсынуы, бұлшықет әлсіздігі, тұрған кездегі бас айналу мен талу, күш түспесе де жүректің жиі соғуы, іш өту, құсу, тағам қабылдағандағы қатты терлеу, ерлерде — эрекцияның бұзылуы. Уақытылы қолданылған ем ғана жүйкенің қызметі мен құрылысын қалпына келтіреді. Қандағы глюкозаны түсіретін препараттарды қабылдаумен қатар алкоголь мен темекі шегуден бас тарту жөн, емдәм ұстану қажет, дене қимылының белсенділігін арттыру қажет. Зерттеулердің келесі кескінін сақтау қажет: ұдайы артериалдық қысым мен дене салмағын бақылап отыру қажет, көз түбін офтальмологқа жылына 1-2 рет көрсетіп тұру қажет, зәрде нәруыздың барлығын арнайы тест-жолақтармен жылына 3-4 рет анықтап отыру керек, кардиологтың кеңесі мен ЭКГ түсіру — жылына 1-2 рет, жүрек соғысының ауытқымалылығын бағалау — жылына 1 рет, аяқты қарау (белгі салынған камертонмен, монофиламентпен, типтерммен, ұшы жоқ инемен сезімталдықты анықтау; сіңір рефлекстері мен бұлшық ет күшін зерттеу); электронейромиографияны — жылына 1 рет өту шарт.

Қант диабеті кезіндегі диета

  • Күніне қара немесе арнайы диабеттік наннан 200 граммын қолдануға болады.
  • Көкөніс көжелерін ішкен дұрыс. Ет пен балықтың әлсіз сорпасынан жасалған көжелерді аптасына екі рет қолдануға болады.
  • Майсыз ет пен құс етін (күніне 100 граммға шейін) немесе балықты (150 граммға дейін) пісірілген күйінде немесе желімтек құйма түрінде пайдаланған жөн.
  • Жарма, бұршақ, ұн кеспе тағамдарын сирек және аз көлемде, бұл күндері нан пайдалануды азайту арқылы қолдануға болады. Жармалардың ішінде сұлы мен қарақұмықты таңдаған жөн. Тары, арпа, күріш жармалары да жарамды, ал майда жарма жарамсыз.
  • Көкөністер мен жемістер. Картоп, қызылша мен сәбізді күніне 200 граммнан артық қабылдауға болмайды. Ал басқа көкөністер (қырыққабат, сүтжапырақ, шалғам, қияр, кәді, қызанақ) мен көкті (татымдысынан басқа) шектеусіз, шикідей немесе пісірілген күйінде, сирек түрде тандырда пісіру арқылы пайдалануға болады.
  • Жұмыртқаны күніне 1-ден: уылжып піскен түрде, шамалы сүт қосып бұқтыру күйінде немесе басқа тағамдарға қосу арқылы қолданады.
  • Жеміс-жидектің және алманың қышқыл-тәтті түрлері (антоновка алмасы, апельсин, лимон, мүкжидек, қызыл қарақат)- күніне 200-300 граммға шейін қолдануға болады.
  • Сүт қолдану үшін дәрігердің рұқсаты қажет. Ашыған сүт өнімдерін (айран, ұйыған сүт, тәтті емес йогурт) күніне 1-2 стақан, сыр, қаймақ , кілегейді — сирек және өте аз түрде қолдануға болады.
  • Қант диабетінде ірімшікті күнде пайдалану ұсынылады, күніне 100-200 граммнан табиғи күйінде немесе одан жасалған түрлі тамақ түрінде қолдануға болады: пудингтер, сырниктер, тандырда піскен ірімшік т.б. Ірімшік, сұлы мен қарақұмық ботқалары, кебек, итмұрын — май алмасуын жақсартады, бауыр қызметін қалыптастырып, бауырдың майлы өзгеруіне кедергі жасайды.
  • Сусындар. Көк және қара шай рұқсат етіледі, сүт қосуға болады. Әлсіз кофе, қызанақ шырыны, қышқыл сортты жеміс-жидек шырындарын қолдануға болады.
  • Арақ 50 -100 грамм ғана қабылдауға болады және жиі емес. ( гипогликемияны шақыратынын білу қажет), пиво 1 стаканнан артық емес ( ашық түстісін және жиі қолданбау қажет), құрғақ тәтті емес вино.

Дибеттің диетасы

Қант диабетінде тамақты күніне 4 реттен кем ішпеу керек, 5-6 рет қабылдау дұрысырақ және үнемі бір қалыптасқан уақытта. Тағам дәрумендерге, микроэлементтер мен макроэлементтерге бай болуы қажет. Тағамның біркелкі болмауын қадағалаңыз, диабетте қолдануға рұқсат етілген өнімдер аз емес. Салмағы асқан емделушілерге пайдалануды неғұрлым азайтқан жөн. Тағы бір маңызды ескерту: Егер сіздің емдеуші дәрігеріңіз осы бетте жазылған шараларға кейбір жері қайшы келетін емдәм ұсынған болса, оны тыңдауыңыз шарт! Тек қана емдеуші дәрігеріңіз сіздің сырқатнамаңызбен таныс, тексеру қорытындыларын көріп және осы уақыттағы жағдайыңызға баға беруі арқылы сізге нақты және сәйкес келетін ұсыныстар бере алады.

Қант алмастырғыштар (подсластители). Синтетикалық қант алмастырғыштар: аспартам, сахарин, сукламат. Барлық синтетикалық қант алмастырғыштар денсаулыққа зиян және  дене салмағының жоғарылауына әкеледі.  Табиғи қант алмастырғыштар: фруктоза, ксилит, сорбит. Басты жеткіліксіздігі оның калориялығы және қан құрамындағы қанттың жоғарылауы.

Қант диабеті кезіндегі жарамсыз тағамдар:

Май мен жұмыртқа қосылған қамыр, қабаттама қамыр; торттар; майлы, қою сорпалар; майда жармадан, күріштен, ұн кеспеден жасалған сүт көжелер; үйрек, қаз, ысталған өнімдер, шұжықтың көбісі, балықтың майлы түрлері, тұздалған балық, майлы балық консервілері, уылдырық, тұздалған сырлар, кілегей, тәтті жұмсақ ірімшік сырлары, күріш, майда жарма, ұн кеспені шектеулі түрде, тұздалған және маринадталған көкөністер, жүзім, мейіз, банан, інжір, құрма, жемістің қантты қайнатпалары, кәмпит, балмұздақ, жүзім шырыны немесе басқа тәтті шырындар, газдалған сусындар мен тәтті жеміс сулары, жануар майы мен аспаздық тоң майлар, алкогольды сусындар (тәтті вино, шампан сусыны, виски, коньяк, текила, дизи.

Ұқсас материалдарды қарай кетіңіз:

  1. Қант диабеті кезіндегі аяқ күтімі
  2. Диабеттік кетоацидозды кома
  3. Диабет кезіндегі комалар
  4. Диабет мектебі
  5. Қантсыз диабет

 

Материалды достарыңмен бөлісіңіз
comments powered by HyperComments
НашарОнша емесОрташаЖақсыТамаша (1 бағалар, орташа: 5,00 тен 5)
Загрузка...

Ұқсас материалдар ...